1015 түлек түлеп ұшты
25 мамыр – мектеп қабырғасындағы әрбір жан үшін ерекше толқыныс пен қимастыққа толы кезең. Мектеп ауласын әсем ән мен күміс күлкіге бөлейтін, жүректерді лүпілдетіп, көзге жас әкелетін ерекше сәт жетті. Кеше соңғы қоңыраудың сыңғыры естілді. Буыны бекіп, қанаты қатайған мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірдің даңғыл жолына қадам басты. Алда жаңа өмір, жаңа баспалдақ.Соңғы қоңырау – тек оқу жылының аяқталғанын білдіретін белгі емес. Бұл – он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатып, тұлға болып қалыптасуға жол ашқан қара шаңыраққа деген құрмет пен қимастықтың белгісі. Тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннен, бүгін елінің ертеңіне айналар саналы азамат болып шығу – үлкен мектеп ұжымының, аяулы ұстаздар мен ардақты ата-ананың бірлескен еңбегінің жемісі.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер туралы бір өлеңінде "тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың" деп тауып айтқан. Сөйткен он бір жыл артта қалып, көкірек толы арманмен биыл жас түлектер мектеп бітірді. Қазалы ауданындағы барлық мектептерде мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шаралар өтті. Әйтеке би кентіндегі Мұстафа Матаев атындағы №170 мектепте өткен мерекелік салтанатты кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жас түлектерге жарқын болашақ тіледі.
– Бүгін аймақта 10 мыңнан аса жас түлек, ал ауданда 1015 түлек он бір жыл бойы білім алған алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мектеп – білім мен тәлім – тәрбиенің киелі ордасы. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет» деген болатын. Жақында ғана Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы төрт жылдан астам уақыт облысымызды басқарған тұста, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен 200-ден астам әлеуметтік нысандар бой көтерсе, оның ішінде жаңа заманауи 45 білім беру нысандары ел игілігіне берілді. Қазалы ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді. 9 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар білім ордалары жабдықталған кабинеттермен қамтамсыз етілді. Бұл жұмыстар – еліміздің кемел келешегіне салынған ең маңызды инвестиция. Аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген барша ұстаздар қауымына Сыр жұртшылығының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының атынан зор ризашылығымды білдіремін. Барша жас түлектерге қанаттарыңыз талмай, бейбіт еліміздің көгінде шарықтап, ата - аналарыңыздың үмітін ақтауларыңызға тілектеспін. Әрдайым жолдарыңыз ашық болып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Мерекелік шарада мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналар да құттықтау сөз сөйлеп, бітіруші түлектерге батасын берді. Одан соң жас түлектер мектеп алаңында вальс билеп, ән шырқап, естелік суретке түсіп, ұстаздарымен қоштасты. Жас түлектердің аудандағы мектеп бітіру кештеріне аудан әкімінің орынбасарлары, кент, қала және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен салтанатты шаралар ұйымдастырылды.
Айта кететін жайт, биылғы оқу жылында ауданда 1015 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде 943 оқушы ҰБТ-ға 10 мамырынан бастап 10 шілде аралығында бақ сынауда. Биыл ауданда мектеп бітіретін 1015 түлектің 99-ы «Алтын белгіге», 116-ы «Үздік аттестатқа» үміткер.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» демекші, әр шәкірттің бойына адамгершілік нәрін егіп, білім шыңына жетелеген ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Түлектердің бүгінгі жетістігі – мұғалімдердің төзімі мен шексіз махаббатының көрінісі. Мектеппен қоштасу – балалық шақпен қоштасу болғанымен, бұл үлкен армандардың орындалатын шағының бастауы. Алда үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу мен мамандық таңдау кезеңі тұр. Осы сынақтардан сүрінбей өтіп, қалаған оқу орындарының талапкері, өзі қалаған мамандықтың мықты маманы болуына біз де сәттілік тіледік.














