Қашақбай Пірімов ауылында сайлаушылармен есепті кездесу өтті
«AMANAT» партиясынан ұсынылып сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының және ауыл әкімдерінің сайлаушылар алдындағы есепті кездесулері жалғасуда. Осы мақсаттағы кезекті кездесу бүгін Қ.Пірімов ауылында өтті.Жиында партияның аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш тұрғындармен тікелей кездесулер арқылы қордаланған мәселелерді талқылау мен оларды шешуге ерекше мән беріліп отырғанын айтты.
«AMANAT» партиясы мен партия атынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары халықпен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қоғамдық қабылдаулар мен көшпелі кездесулер арқылы ел ішіндегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне назар аударып келеді. Бүгінгі кездесудің де негізгі мақсаты – сайлаушылармен жүздесіп, облысымызда, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат беру, аудандық мәслихаттың жұмысына, партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталу, сондай-ақ ұсыныс-пікірлерді тыңдап, өзекті мәселелерді бірге талқылау болып табылады», – деді Ғазиз Әлмәмбетұлы.
Мұнан кейін Құмжиек ауылдық округінің әкімі Әділхан Әбілов ауылдық округте әр сала бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы міндеттер мен жоспарларға тоқталды. Соларды бірі ретінде партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында жергілікті тұрғындар жеңілдетілген несиенің игілігін көріп отырғаны атап өтілді.
Жиын барысында ауыл тұрғындары елді мекен үшін өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әр сұрақ бойынша тиісті жауаптар беріліп, көтерілген мәселелердің орындалуы бақылауға алынатыны жеткізілді. Өз кезегінде партия филиалының төрағасы ауылдық округ әкіміне түйткілді мәселелерді шешуде жергілікті қоғамдастықпен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
#AMANAT














