Жолдар жаңарып, жаңғыруда

Сала мамандарының сөзіне сенсек, ауданның коммуналдық меншігінде жалпы ұзындығы 375 шақырым болатын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Оның 259,1 шақырымы асфальт төселген болса, 82,4 шақырымы қиыршық таспен, 33,5 шақырымы топырақ жолдан тұрады. Қазіргі таңда бұл жолдардың 91 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйде.
Өткен жылы бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жаңғыртуға, күрделі және орташа жөндеуге 1 633,9 миллион теңге бөлініп, нәтижесінде 20,6 шақырымдық «Бозкөл–Тасарық», «Бекарыстан би–Шөмішкөл» бағытындағы жолдар, қосымша 224 метр жол және 4,9 шақырым болатын 4 көше толықтай жөндеуден өтті. Сонымен қатар Әйтеке би, Жанқожа батыр, Қазалы қаласындағы 15 көше, оның ішінде Әбілқайыр хан, Бегім ана, Сырым батыр көшелері күрделі жөндеу көрді. Бұған қоса 6,16 шақырымды құрайтын 26 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 жоба қолға алынып, Әйтеке би кентіндегі 19 көше мен елді мекендердегі 4 көше орташа және күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ Қазалы қаласының 10 көшесін жаңарту және Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолы мен «Әлсейіт» көпірінен Бекарыстан би ауылына дейінгі жол учаскесін күрделі жөндеу жоспарға енгізілді.
Аудан орталығындағы инфрақұрылымдық мәселелер арасында тұрғындар жиі қозғайтын тақырыптардың бірі – жаяу жүргіншілер жолдарының жай-күйі. Расымен де, жол – тек көлік қозғалысына емес, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына да тікелей әсер ететін маңызды сала. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты істер қолға алынып, бірқатар көшелерде жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынды және бұрыннан барлары жаңғыртылуда.
Өткен жылдан бері Әйтеке би кентінің негізгі көшелерінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Жанқожа батыр көшесі мен Т.Бөріқұлақов және Қ.Пірімов көшелерінің қиылыстарына жол айрықтары салынып, тұрғындар қозғалысы үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта жасалды. Жанқожа батыр көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, қазіргі заман талабына сай келетіндей етіп абаттандырылды.Сонымен қатар Қ.Пірімов көшесінен бастап «Қазалы» мәдени-демалыс кешеніне дейін және Роза Бағланова көшесіне дейінгі аралыққа да жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл – тек қала тұрғындары ғана емес, мәдени ошаққа келушілер үшін де қолайлы жағдай тудырды. Сондай-ақ Ақарық каналынан аудандық емханаға дейінгі аралықта тағы бір жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да қарқынды жүргізілді.
Аудан үшін стратегиялық маңызы зор жобалардың бірі – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасын жалғайтын 7 шақырымдық жол құрылысы. Бірнеше жылдан бері тоқтап қалған бұл күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшылығының тікелей қолдауымен қайта жанданып, өңір халқы үшін маңызды инфрақұрылымдық серпінге айналды.
Аталған аралық – тек екі елді мекенді ғана емес, ауданның экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық өмірін байланыстыратын басты жолдардың бірі. Бұрын бұл жолдың тозығы жетіп, тұрғындар мен көлік жүргізушілері үшін едәуір қиындықтар туғызып келген еді. Әсіресе, жолаушылар тасымалы мен жедел жәрдем, қоғамдық көлік қозғалысына кері әсерін тигізген.
Мәселенің маңызын ескерген облыс басшылығы биыл бұл жолды толық аяқтау үшін облыстық бюджеттен 862 миллион теңге қаржы бөлді. Соның нәтижесінде заманауи талапқа сай төрт жолақты кең жол төселіп, толық пайдалануға берілді.
Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолайлылықты арттыруға бағытталған. Әсіресе балалар, қарттар мен жаяу жүргінші көп жүретін орындарда жол инфрақұрылымын жаңарту – уақыт талабы. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, аудан орталығының көшелері одан әрі көркейе беретіні сөзсіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ