Төрт жылда теңелген төрт құбыла
Қызылорда облысын төрт жыл бойы басқарған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы кезең ішінде Сыр өңірінде қандай ауқымды істер атқарылды? Қала қалай түрленді, аудан, ауылдар несімен мақтана алады? Арнайы бетте атқарылған жұмыстарды саралап, ел ризашылығын паш етпекпіз.
Төрт жыл – тарих өлшемімен қарағанда қас қағым сәт болғанымен, Сыр елі үшін бұл жылдар нақты істер мен жарқын жеңістерге толы кезең болды. Облыс тізгінін ұстаған басшының алға қойған негізгі межесі – халықтың әл-ауқатын көтеріп, аймақтың экономикалық әлеуетін нығайту еді. Бүгін сол мақсаттың үдесінен шыққанын сеніммен айтуға негіз бар.
Соңғы төрт жылда Қызылорда қаласы танымастай өзгерді. Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа шаһар бой көтеріп, заманауи тұрғын үй кешендері, зәулім мектептер мен өнер орталықтары салынды. Қала көшелері кеңейіп, жасыл желекке бөленді. Соның ішінде ең ірі оңтайлы болған 10 жобаның тінін тарқатайық.
Төрт жыл – тарих өлшемімен қарағанда қас қағым сәт болғанымен, Сыр елі үшін бұл жылдар нақты істер мен жарқын жеңістерге толы кезең болды. Облыс тізгінін ұстаған басшының алға қойған негізгі межесі – халықтың әл-ауқатын көтеріп, аймақтың экономикалық әлеуетін нығайту еді. Бүгін сол мақсаттың үдесінен шыққанын сеніммен айтуға негіз бар.
Соңғы төрт жылда Қызылорда қаласы танымастай өзгерді. Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа шаһар бой көтеріп, заманауи тұрғын үй кешендері, зәулім мектептер мен өнер орталықтары салынды. Қала көшелері кеңейіп, жасыл желекке бөленді. Соның ішінде ең ірі оңтайлы болған 10 жобаның тінін тарқатайық.
AKSA Energy компаниясы Қызылорда қаласында 215 миллиард теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салды. Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіруге тиіс. Бұған қоса, 45 шақырым газ құбыры жүргізілген. Ең маңыздысы, облыс энергияны сырттан күтетін өңірден өз қажетін жабуға, тіпті бір бөлігін сыртқа сатуға мүмкіндік алатын аймаққа айналмақ.
H.Нәлібаев кезеңіндегі ең үлкен көрсеткіштің бірі - инвестиция көлемінің өсуі. 2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1,6 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған. Ал 2025 жылы инвестиция 750 миллиард теңгеден асқаны айтылды. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайызға артқан. Бұл жерде тек сан емес, өндіріс құрылымының өзгеруі маңызды. Кірпіш зауыты, нан-тоқаш және макарон өнімдері кешені, айна шығару зауыты, жол бойындағы сервис, коммуналдық базар, арнайы экономикалық аймақ сияқты жобалар өңірді тек мұнай мен күрішке қарап отырған аймақтан өндіріс тарта алатын өңірге айналдыруға бағытталды.
Қызылорда үшін жаңа әуежай терминалы да символдық мәні бар жоба. Бұл өңірдің сыртпен байланысын, іскерлік және туристік әлеуетін арттыратын нысан. Терминалға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік аясында 16,6 миллиард теңге инвестиция салған. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, автожол, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Жаңа терминалда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP аймақ, жүк беру жүйесі, Duty Free аймағы, ана мен бала бөлмесі қарастырылған.
Білім саласындағы ең маңызды жұмыс – «Жайлы мектеп» жобасымен байланысты. Аймақта 21 мектеп салу жоспарланған. Олардың жалпы сыйымдылығы 12 300 орын деп көрсетілген. Сол жағалауда 900 орындық алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды. Сонымен қатар, 6000 орындық 9 мектептің құрылысы жүргені, дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынып жатқаны, 350 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілген. Бұл жоба үш ауысымды мектеп мәселесін азайтуға, жаңа шағын аудандардағы әлеуметтік инфрақұрылымды толықтыруға бағытталған.
Медицина саласы да үздік көрсеткіш көрсетті. Облыста 48,6 миллиард теңгеге 43 медициналық нысан іске қосылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 медициналық нысан салынды. Қызылорда қаласында 36,4 миллиард теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталған, Қан орталығы жаңа ғимаратта қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен бірге 225 санитарлық автокөлік пен 45 жедел жәрдем көлігі алынды.
Соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен 2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға және апатты үйде тұрған тұрғындарға 5148 пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Аудан орталықтарында 1500-ге жуық пәтер табысталған. Бұл жұмыс халыққа ең жақын нәтиже береді.
Соңғы үш жылда өңірде 21 мәдениет нысаны бой көтерген. Олардың ішінде 9 ауылдық клуб, 7 «Руханият орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», облыстық тарихи-өлкетану музейі бар. Қызылордада мың орындық «Өнер орталығы» ашылып, мәдени шаралар өтетін ірі алаңға айналды.
Спорт инфрақұрылымы бойынша 11 мың орындық стадион салынды. Жаңа стадионда спортшыларға, төрешілерге, жаттықтырушыларға, комментаторларға, жанкүйерлерге арналған аймақтар қарастырылған. Облыстық спорт басқармасының дерегінде бұл нысанның УЕФА-ның IV санатты сертификатын алғаны және Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылғаны жазылды.
Өңірде мемлекеттік бюджеттен бөлек, арнайы қорлар, «Қазақстан халқына» қоры, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры және жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттардың қаражаты тартылған. Премьер-Министрдің ресми ақпараттық ресурсы дерегінше, бюджеттен тыс көздер қатарында арнайы мемлекеттік қордан 23,4 миллиард теңге, «Қазақстан халқына» қорынан 10 миллиард теңге, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорынан 13,8 миллиард теңге, меценаттар есебінен 55 миллиард теңге тартылғаны көрсетілген.
Нұрлыбек Машбекұлы сырт мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеп, ауқымды жобаларды қолға алды. Мәселен, Түркия елімен Aksa Energy арқылы жаңа ЖЭО құрылысы, томат зауыты жобасы, Қытаймен жэк жобалары, сода зауыты, мүнай-таз, тау-кен, металлургия, «Шалқия» жобасы, Испаниядағы Reса компаниясымен керамика/санитарлық бұйымдар зауыты, Glovo бағыты, Оңтүстік Кореямен қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыты, Өзбекстанмен өңіраралық бизнес-форум, керамикалық плитка өндірісі бағыты, Италиямен агроөнеркәсіп, кұрылыс және қызмет көрсету саласына нивестиция тарту, Германия елімен әктас өндірісі, құрылыс материалдары жобасын қолға алды. Сонымен қатар Польшамен жылыжай кешені, агроөнеркәсіп жобасын жүйелеп, Ресей, Татарстанмен өңіраралық байланыс орнатып, жергілікті кәсіпорындармен танысты. Пәкістанмен инвестициялық роуд-шоу жасап, әріптестік байланыс орнатса, Швейцариямен инвестициялық роуд-шоу жасап өңір әлеуетін таныстырды. Бангладештен делегация қабылдап, инвестициялық байланыс орнатса, Венгриямен инвестициялық әріптестік қалыптастырды. Қатармен де инвестициялық байланыс жасап, делегация сапарында болды. Ұлыбританиямен инвестициялық диалог орнатып, өңір әлеуетін таныстырды. Украинаға іс сапармен барып, инвестициялық байланыс орнатты. Канадаға дипломатиялық миссиялар сапарын жасады.
Аудан – аймақ тірегі. Әкімнің жұмыс кестесінде аудандарды аралау, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдау басты орында тұрды. Нәтижесінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында әрбір ауданда ауқымды құрылыстар жүргізілді. Аралдан Жаңақорғанға дейін өндіріс орындары ашылып, жергілікті өнім экспортқа жол тартты. Сыр салысының даңқы артып, егіс алқаптарын әртараптандыру мен су үнемдеу технологиялары енгізілді. Облыстың ең шалғай елді мекендеріне дейін көгілдір отынның баруы – халықтың өмір сүру сапасын түбегейлі жақсартты. Заманауи ауруханалар мен емханалар, спорт кешендері мен мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Білім саласындағы «Жайлы мектеп» жобасының сәтті жүзеге асуы – өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жасалған ең үлкен қадам болды. Оның ішінде Қазалы ауданында да жүйелі жұмыстар жүзеге асып, жарқын жобалар жемісін берді. Жолдар жаңарды, зәулім ғимараттар бой тіктеді. 2023 жылы Әйтеке би көшесінде басталған жұмыстардағы олқылықтар қайта қаралып, мердігер серіктестік өз қаражаты есебінен асфальт төсеу жұмыстарын қайта жүргізуде. Аудан аумағындағы 26 көпірдің 9-ы апаттық жағдайда екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы арта түседі. «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» бағытындағы темірбетон көпірдің қайта жаңғыртылуы – шалғайдағы ауылдарды аудан орталығымен байланыстыратын стратегиялық қадам. Сонымен қатар, Бозкөл–Тасарық бағытындағы 33 шақырымдық жолға қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара ауыл тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, тасымал шығындарын азайтуға септігін тигізеді. Аудандағы 103 көпқабатты тұрғын үйдің жай-күйі де назардан тыс қалмаған. Олардың 98-і Әйтеке би кентінде болса, 5-еуі Қазалы қаласында орналасқан. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары жүйелі жүруде. Жобаның қаржылық-техникалық көрсеткіштерінің жалпы құны – 592,3 миллион теңгені құраған. Бүгінге дейін 1052 темірбетон бағана орнатылып, 30,5 шақырым электр желісі тартылған. 2 трансформатор іске қосылған. 4 трансформатор, 50 дана темірбетон бағаналары мен 9,8 шақырым желі тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аудандағы 14 білім беру нысаны мен 1 мәдениет үйінің қазандықтарын газға бейімдеу үшін 44,9 миллион теңге бөлініп, жобалау жұмыстары жүруде. 5 ірі нысан бойынша құрылысқа өтінім тапсырылған. Бұл мектептер мен балабақшалардағы жылу сапасын арттырып, бюджет шығынын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, тұрғындарды толықтай табиғи газбен қамтылады.
Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Қазалы ауданы жаңа құрылыс нысандарымен ауқымын кеңейтіп, көрсе көз тоятын іргелі мекенге айналды. Сән-салтанаты жарасып, көрікті жерлер көбеюде. Аудандағы құрылыс жұмыстары қазіргі таңда еш кідіріссіз жалғасуда. Құрылыс басталған күннен-ақ, жұмыс қазандай қайнаудан жаңылған емес. Қайта, қарқынға қарқын қосылып, күн өткен сайын қыза түсуде. Ауданның сәулеттік келбетіне сән берген нысанның бірі – «Руханият» ғимараты. Кешен бой көтергелі Әйтеке би кентінің жалпы архитектуралық келбеті айшықталғаны рас. Құны 1,822 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобаның бүгінде құрылысы толық аяқталып, былтыр 1 шілдеде ресми түрде пайдалануға берілді. Ауқымды жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап шыққан мердігер «Асар» ЖШС-нің еңбегі де айрықша. Компанияның кәсібилігі мен тәжірибесі арқасында аудан орталығында жаңа форматтағы әкімшілік кеңістігі пайда болды. Жеңіс паркі жаңаша келбетке еніп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Интеллектуалдар озып, ғылыми технология қарыштап дамыған заман. Соңғы жылдары нық қадамдар жасалып, біршама ауқымды жоба іске асуда. Соның бірі заманауи мектеп – «Жайлы мектеп» жобасы. Өңірде ұлттық жоба аясында 2 білім ордасының іргетасы қаланғанын айта кеткен жөн. 2024 жылдың басында Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілсе, 2025 жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде білім ордасы ауыл балаларына сапалы білім мен жарқын болашақтың даңғыл жолын ұсынып отыр. Заманауи құралдармен толық жабдықталған 23 оқу кабинеті, «STEM», робототехника, хореография бөлмесі, спорт залы, кітапхана және асхана оқушылардың сапалы білім алуына қызмет жасайды. 264 оқушы қосымша біліммен қамтылған.
2025 жылы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен аудан орталығы - Әйтеке би кентінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2 пәтерлі 40 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 80 отбасы жаңа баспананың қуанышына бөленді. Ауданда орталық ауруханаға жапсарлас салынған 42 төсектік қосымша ғимарат бар. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Жоба бойынша 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
2024 жылы Қазалы ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 спорт кешені және 1 ауылдық клуб құрылыс жұмыстары басталған болатын. Олар құны 628,7 миллион теңге болатын Әйтеке би кентінденгі «Жеңіс» саябағынан спорт кешені, 429 миллион теңге болып белгіленген Бекарыстан би ауылынан спорт кешені, Қожабақы ауылынан спорт кешені. Құны – 537,1 миллион теңге. Бұл қатарда 399,1 миллион теңгелік Майдакөл ауылынан 100 орындық клуб та бар. 2025 жылдың желтоқсан айында Майдакөл ауылындағы 100 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілсе, осы жылдың қаңтар айында Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен Бекарыстан би ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек бүгінде Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында заманауи үлгіге сай спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүруде. Бұл нысандар да жыл соңына дейін толықтай аяқталып, ел игілігне пайдалануға берілмек. Әйтеке би кентінде теміржолдың арғы бетінде 15 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Осы мәселені шешу мақсатында Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен теміржол вокзалы маңынан жаяу жүргіншілерге арналған теміржол үстінен өтетін заманауи аспалы көпір салынып, ел игілігіне берілді.
Тұрғындар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылды. Көгілдір отынмен, электр энергиясымен қамту мен инфрақұрылым жүргізу, тұрғындардың денсаулық сапасын жақсарту бағытында да іске асырылған жобалар қарқынды. Мұнымен қоса аудан орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаспақ. Қай салада болмасын еселі еңбектің нәтижесі анық байқалады. Оның ішінде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Ауданда түрлі кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне қызмет көрсетуде. Мемлекет тырбанып тірлік етемін дегенге мол мүмкіндік беруде.
2025 жылға аудандық маңызы бар Жанқожа батыр ауылының кіре беріс жолын күрделі жөндеуге 476,8 миллион теңге бөлінген. «Әлсейт» көпірінен Бекарыстан би ауылына дейінгі аралық автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізуге 836,7 миллион теңге бөлініп, барлығы – 1 миллиард 313,5 миллион теңгеге 9,5 шақырым жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал «Қарлан» көпірінің жоба-сметалық құжаттарының қажетті қаржысына қайта есептеме жүргізіліп, жоба құны 6 миллиард 746,6 миллион теңгеге ұлғайтылған. Нысан былтыр қолға алынып, биылғы жылға өтпелі. Сонымен қатар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы арасында төрт жолақты жол салынып, бүгінде екіортаны жалғай жарықшамдар жанып тұр.
Соңғы жылдары аудан келбеті айшықтала түсуде. Түрлі нысандар бой түзеп, алыстан әсем бейнемен менмұндалайды. Қазіргі заман талабы – сапалы халық, сапалы ұлт, сапалы білім-ғылым, сапалы технология, сапалы тіршілік стандартын қалыптастыру. Сондықтан ауданда атқарылып жатқан, алдағы уақытта атқарылатын жобалар жоспарлы түрде уақытылы жүзеге асуы назарда тұр.
Түйін: Тақырыпқа неге төрт құбыланы түгел дедік? Біз аймақтағы барлық оңды істерді төртке жіктеп қарастырып көрдік. Мәселен, Солтүстік құбыла – өндіріс пен индустрия, экономикалық қуат. Оңтүстік құбыла – инфрақұрылым және газдандыру, жайлы өмір. Шығыс құбыла – әлеуметтік сала және білім, болашаққа инвестиция. Батыс құбыла – аграрлық сектор мен экология, Сырдың берекесі. Иә, жаңа қызметке көтерілген аймақ басшысына Сыр халқының алғысы шексіз. Төрт жылда қаланған берік іргетас облыстың алдағы уақытта да гүлдене беруіне кепіл болмақ. Ел сенімі – ең үлкен марапат. Парламент мінберінен де Сыр елінің мүддесін қорғайтын аймақ басшысына халықтың ақ батасы серік болсын! Ақ жол, аймақ жанашыры!
Айнұр ӘЛИ













