Кене кіші деме...
Көктемнің жылы ауа райымен бірге табиғатқа шығу маусымы басталады. Осы уақытта адамдар үшін үлкен қауіп – кенелер белсенділікке енеді. Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы саналады. Кене шағу қаупі жоғары аймақтарда қандай қауіпсіздік шараларын ескеру керек? Кене шағу жағдайлары орын алса, не істемек керек? Тақырып төңірегіндегі «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалы Қазалы аудандық бөлімшесінің санэппид қызмет маманы Перизат Әбдиевамен сұхбаттастық.– Перизат Ерсұлтанқызы, алғашқы сұрақ, неге кене тақырыбын біз көктемде көтереміз?
– Сұрағыңыз орынды. Оған маңызды себеп те жоқ емес. Күн жылт етіп жылынып, көктем шыға бастағанда, облысқа аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жататын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эпидемиологиялық маусымы келеді. Кене – көктемнің жасырын қаупі. Ауа температурасы жылылығы 5–10 градусқа жеткенде кенелер оянып, аш күйде қан іздей бастайды. Кенелердің белсенділігі көктемнің наурыз-сәуір айларында басталып, маусым сәуірден қазанға дейін жалғасады. Ең қауіпті кезең – мамыр-маусым айлары. Олар шөптің ұшында, бұталарда отырып, адам мен жануарға жабысады. Олардан келетін қауіпті түсіндіру, алдын-алу жұмыстарын жүргізу, тұрғындарды ақпараттандыру – біздің басты жұмысымыздың бірі.
– Кенелердің аудан халқы үшін қаупі неде?
– Біздің ауданымыздың халқы негізінен, малшаруашылығымен шұғылданатындықтан, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар елдімекендерде аурудың кездесу ықтималдығы да өте жоғары болып саналады .
Бұл кезде табиғатта кенелер саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кенелер адам денсаулығына қауіп туғызады. Олар кеміргіштердің індерінен жер бетіне шығып, жануарлар мен адамдарға шабуыл жасай бастайды.
Адамдарға бұл вирус кененің тікелей шағуы, малдарды кенеден қолмен тазарту, жүнін қырқу кезінде және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған адамды күту барысында жұғады. Аталмыш ауру немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция.
– Кенемен күрес жүргізетін сала өкілі ретінде олардың қауіптілік деңгейі, сондай-ақ жәндік шаққанда айығу жолдары туралы бөліссеңіз...
– Дұрыс айтасыз. Кенеге кішкентай жәндіктің бірі деп қарамай, өз қауіпсіздігіңізді сақтауыңыз керек.
Ауруды қоздырушы вирустың табиғат пен жануарлар арасында айналысқа түсуіне байланысты медицинада қазіргі таңда ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін болмай отыр. Алдын алатын вакцина да жоқ.
– Кене шақса, алдымен қандай амалдарды қолдану тиімді?
– Жәндіктің бұл түрі шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі. Сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқанын байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медкөмекке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен оны ұстау қауіпті. Егер солай жасаған болсаңыз, кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, кенені қарапайым медициналық қысқыш немесе резина қолғап киіп, тұмсығына жақын, жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек. Езіп алмау маңызды. Ал қысқыш болмаған жағдайда қарапайым жіппен тұмсығының түбінен орап жайлап тартуға болады. Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет. Кенені шыны ыдысқа салып, медициналық мекемеге өзімен бірге апару керек. Себебі қажетті жағдайда кене зерттеледі немесе Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облыстық филиалына тапсырып, ақылы түрде зерттеуге болады.
Келесі 1–2 аптада дене қызуы көтерілсе, бас ауырса, әлсіздік немесе бөртпе пайда болса, бірден дәрігерге жүгініңіз.
– Алдын алу шаралары қалай жүзеге асырылуда?
– Бүгінгі күні аудан бойынша белсенді табиғи ошақтары бар елдімекендерде аурудың алдын-алу шаралары жыл сайын жүйелі түрде қолға алынып келеді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз елдімекендерде мал бастарына және малдың қора-жайларына кенеге қарсы өңдеу жүргізіліп, сондай-ақ айналасына санитариялық-қорғау аймақтарын құру арқылы жүзеге асырылуда.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ауруының алдын-алу мақсатында атқарылатын басты іс-шаралар мынандай жүйе бойынша іске асады.
Біріншіден, кенесі көп аудандарға кенелердің өте белсенділігі кезінде вирусты адамға жұқтырмау шарасы, оған шақпау үшін сақтандыру киімін қолдану. Жеңі ұзын жейде, шалбар кию, балақты аяқ киімнің ішіне салу, капюшон, кенені тез табылуға көмек беретін ақшыл түсті киімді кию керек. Кенеге қарсы препаратты қолдану. Жәндіктің бар екенін тексеріп, адамдар өздерін қарау. Малдардың кенеленбеуін қарастыру, кенеге қарсы препараттарды қолдану қажет.
Екіншіден, малдан адамға жұқтырмау шараларын қарастыру. Оған жануарларға баққан, сауған және өзге де күтім жасау кезінде жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізгенде, олардың қаны, терісі, ұлпаларымен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалану маңызды.
Үшіншісі – адамнан адамға жұғу қаупін азайту. Науқаспен қатынаста болған жеке адамдардың және медицина қызметкерлері тарапынан жұтырмау шараларын қарастыру, ауруды күткенде арнайы медициналық киімдерді пайдалану, жеке басының гигиенасын сақтау керек.
Ал егер, жоғарыда көрсетілген жағдайдан кейін адам өз-өзін нашар сезінгенде және дененің қызуы көтерілгенде, бас және бұлшық еттер ауырғанда, жүрек айнығанда, лоқсу сезімі пайда болса, іш ауырыпа немесе іш өткен аурудың алғашқы белгілері кезінде дереу медицина мекемелеріне қаралуы қажет.
Қалың шөп, бұтаға отырарда, ағаш-бұта жұлуға болмайды. Табиғат аясында немесе саябақта серуендегенде үнемі денеңізді тексеріп отырыңыз.
– Кене тағы қандай ауруларды жұқтыруы мүмкін?
– Кенені кіші деуге болмайды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан бөлек кене энцефалиті орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Оның салдарлары ауыр болуы мүмкін. Ауру мүгедектікке немесе өлімге әкеледі. Сондай-ақ боррелиоз, туляремия, риккетсиоз сынды басқа жұқпалы аурулар таратуға себепкер бола алады.
Саулық сақтау департаменті мен жергілікті әкімдіктер көктем сайын кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Бірақ ең тиімдісі – өзіміздің сақтығымыз. «Ауырым ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді бабаламыз. Қорғаныс дұрыс болса, аурудың да қаупі де азаяды. Сондықтан «Сақтықта қорлық жоғын» бәріміз естен шығармағанымыз жөн.
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














