Әлеуметтік жобалар – ел игілігіне
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Қазалы ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында кейінгі жылдары пайдалануға берілген әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысып, олардың тиімді жұмыс істеуіне назар аударды.Алдымен Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында салынған 300 орындық жаңа мектептің жағдайы зерделенді. «Асар» серіктестігі тарапынан тұрғызылған білім ордасы өткен жылдың наурыз айында пайдалануға берілген.
Бүгінде мұнда 285 оқушы білім алуда. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепте 23 оқу кабинеті, STEM және робототехника зертханалары, хореография залы, кең спорт залы, кітапхана және асхана қарастырылған. Оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Жұмыс сапары аясында теміржол вокзалы ғимараты мен оған іргелес аумақ та назардан тыс қалмады. Өткен жылы «Строймодуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған абаттандыру және қайта жаңғырту жұмыстарының барысы тексерілді. Қайрат Ырзақұлұлы мердігер мекеме өкілдеріне бұл нысанның аймақ басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды.
Сондай-ақ іссапар барысында 2022 жылы пайдалануға берілген «Өрімтал» балабақшасының жұмысы таныстырылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалардың қауіпсіз әрі сапалы тәрбиеленуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Сонымен бірге Қазалы ауданы әкімдігі ғимараты да назарға алынды. Аталған нысан 2018 жылы «Промстройсервис» серіктестігі тарапынан салынып, 2019 жылы пайдалануға берілген. Осы күні әкімшілік ғимарат толықтай заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылым жүйесі қалыптасқан. Техникалық қызмет көрсету мен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Жалпы жұмыс сапары барысында өңірдегі әлеуметтік нысандардың сапасы мен халық игілігіне тиімді қызмет етуі басты назарда болды. Облыс басшылығы тарапынан берілген тапсырмалар олардың жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














