Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі спорт алаңдары мен абаттандыру жұмыстарын көрді
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі спорт алаңдарын салу жоспарланған орындарды белгілеп, теміржол вокзалы аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын көрді.Алдымен аудан басшысы тиісті сала мамандарымен бірге кент аумағын аралап, жаңа спорт алаңдарын салатын орындарды нақтылады. Атап айтқанда, алаңдар кенттегі Қорқыт ата көшесінің аяқ жағындағы №276 мектеп маңына және А. Әсербаев пен Ж. Құдабаев көшелерінің қиылысына орналастырылатын болды.
Жоспарға сәйкес, әрбір спорт алаңының көлемі 30х15 метрді құрайды. Алаңдарға заманауи талаптарға сай жасанды газон төселеді. Аудан әкімі мердігер мекеме басшысына құрылыс жұмыстарын сәуір айының ішінде бастап, сапалы әрі уақытылы аяқтау керектігін айтты.
Аудан басшысы кенттегі қолданыстағы бірқатар спорт алаңдарын да қарап шықты. Нәтижесінде тозығы жеткен алаңдарды жөндеу, қоршау торларын қалпына келтіру, газон жабындарын ретке келтіру бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Бұдан кейін аудан әкімі теміржол вокзалы аумағындағы абаттандыру жұмыстарының барысын көрді. Айта кету керек, вокзал аумағын абаттандыру жұмыстарын өткен жылы мердігер мекеме «СтроймодульАстана» ЖШС-і бастаған болатын. Қазіргі таңда абаттандыру бойынша анықталған бірқатар кемшіліктер қайта қалпына келтіріліп, жұмыстар жалғасуда.
Аудан басшысы мердігер мекеменің жауапты өкіліне вокзал маңындағы абаттандыру барысында орын алған кемшіліктерді атап көрсетіп, оларды шұғыл түрде жоюды және барлық жұмысты сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.














