Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері – ай!
Жақында Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде аудандық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері – ай!» атты аудандық келіндер сайысы өтті.Отбасының береке-бірлігінің негізі келін, ана – болашақтың жалғасы. Халықтың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, салт-дәстүрді насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және келіндердің ерекше рөлін көрсету мақсатындаға жарыста аудандағы түрлі салалар өкілдерінен қамтылған қатысушылар бақ сынады.
Шараны құттықтау сөзімен ашқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғани Дәрмағамбет бүгінгідей отбасылық институттар әлсіреп, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы маңызды орынға ие болып тұрған шақта, ұлттық өнерді ұлықтау арқылы өткен мен бүгінгі жалғауды мақсат тұтқан бастамаға алғысын жеткізіп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Жасы сексеннен асқан әже, қаржы саласының ардагері, батыр ана Шәкизада Бекназарова жас келіндерге үлкендік ұлағатпен бата берді.
Келіндер бес сайыс бойынша сынға түсті. Мәдениет саласының еңбегі сіңген ардагер Ұлжан Ахметова, Әйтеке би кенттік әйелдер кеңесінің төрайымы Райхан Сәдуақасова, Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің кітапхана меңгерушісі Эльмира Саймаханқызы әділ қазылық етті.
«Сәлем – сөздің анасы» атты таныстыру және сәлемдесу, ұлттық тағамдарды әзірлеу мен ұсынуға арналған «Саусағынан бал тамған келіндері-ай», «Өнерлі келін сүйкімді» – өз өнерлерін көрсету сыны, салт-дәстүр туралы тағылымдарын тексеруге және түрлі жағдаяттарға құрылған интеллектуалдық мүмкіндігін көрсетуге мүмкіндік беретін «Ақылдына көркі сай келіндер-ай!», «Салт-дәстүрін бабаның ұлықтаған» атты дәстүрлерді дәріптеу бойынша өнер көрсетті. Қазылар алқасы келіндердің сән-салтанаты, орындаушылық қабілеті, әдеп-ибасы, сахналық шеберлігін басты назарға алды. Барлығы үлкен дайындық, ізденіспен келгендерін көрсетті. Әсіресе ұмыт қалған ұлттық дәм технологиясын жаңғырту, тосын жағдайларға тосылмай шығу сайыстарындағы келіндер жауаптары көпшілікті сүйсіндірді.
Нәтижесінде топ жарған Қазалы аудандық орталық ауруханасына қарасты Жетес би дәрігерлік емханасының мейіркеші Бекзада Қонысбаева бас жүлдені қанжығаласа, бірінші орын Қазалы аграрлық-техникалық колледжінен қатысқан Келіс Иниятоваға бұйырды. Екінші орынды Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің мұғалімі Меруерт Құдайберген мен №266 мектеп-лицейдің мұғалімі Ботагөз Ізтай еншілесе, үшінші орынға №95 орта мектеп мұғалімі Наталия Баркова лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
««Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері – ай!» байқауы арқылы біз келіндеріміздің отбасындағы, қоғамдағы орнын, олардың еңбегін, таланттарын дәріптеуді мақсат еттік. Бүгінгі сайыс ұлттық құндылықтарымызды жас буынға насихаттауға үлкен үлес қосты. Сайысқа қатысқан барлық келіндерге алғыс білдіреміз! Олардың әрқайсысы – өз отбасының мақтанышы және қазақтың дәстүрін жалғастырушы», – деді сайысты қорытындылаған аудандық Қазақ тілі қоғамның төрайымы Нұрбибі Әшір.
Халықтың бай мұрасын дәріптеп, ұлттық үрдістің үзілмей, төл байлықтың төрге озуына бағытталған ауқымды шарадан жұртшылық жоғары әсермен тарқасты.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












