Кент көркі – ауызбірлікте
Табиғаттың тазалығы – адам өмірінің айнасы. Айналамыз қандай болса, біздің өмір сүру сапамыз да сондай болмақ. Сондықтан тазалықты сақтау – бір күндік міндет емес, ол – әр азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс асыл құндылық. Осы ұстанымды негізге алған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде ел көлемінде кеңінен қолдау тауып, игі істердің бастауына айналды.Аталған акцияның мәні тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Ол – табиғатты аялауға деген көзқарасты өзгертіп, қоғамда экологиялық мәдениетті орнықтыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама аясында аудан көлемінде де бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Өткен сенбіде аудан орталығы – Әйтеке би кенті ерекше еңбек алаңына айналды. Таңсәріден басталған тазалық жұмыстары барысында тұрғындар мен мекеме қызметкерлері бір кісідей жұмылып, ортақ іске белсене атсалысты. Нәтижесінде Әйтеке би, Жанқожа батыр, Т.Бөріқұлақов, Ә.Елубаев және Ү.Түктібаев көшелері толықтай тазартылып, көрікті келбетке ие болды. Кенттің кіреберіс бөлігі де ретке келтіріліп, сырт көзге тартымды сипат алды.
Тек орталық көшелер ғана емес, қасиетті орындардың бірі – «Қазақ қорымы» да назардан тыс қалған жоқ. Бұл аумақта жүргізілген тазалық жұмыстары нәтижесінде айнала тап-таза болып, тағзым етуге келген жандарға лайықты жағдай жасалды. Сонымен қатар халықаралық маңызы зор «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойы да қоқыстан арылып, жол жиегі ретке келтірілді.
Қыс мезгілінен кейін қар астында қалған қураған жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтар толық жиналып, арнайы орындарға жеткізілді. Тазалық шаралары тек кент аумағында ғана емес, ауданға қарасты барлық елді мекендерде бір мезгілде жүргізіліп, көпшіліктің ұйымшылдығын көрсетті.
Жалпы аудан бойынша сенбілікке 109 мекеме қатысып, 2033 адам еңбек етті. Жұмысқа 15 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 7,9 тонна бей-берекет шашылған қоқыс пен 9,4 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Бұл – ортақ іске жұмылған еңбектің нақты нәтижесі.
Тазалық жұмыстарының барысын аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов арнайы бақылап, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берді. Ол тазалықтың тек науқандық шара емес, үздіксіз жүргізілетін жүйелі жұмыс болуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар туған жерге деген жанашырлық әр адамның жүрегінен табылуы тиіс екенін жеткізді.
«Таза Қазақстан» – бұл тек акция емес, бұл – қоғамның санасын жаңғыртатын қозғалыс. Осындай бастамалар арқылы біз табиғатқа деген қамқорлықты арттырып қана қоймай, келер ұрпаққа таза әрі көркем орта қалдыруға жол ашамыз.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














