Қазақстанның бірқатар өңірін су басу қаупі төніп тұр, синоптиктер ескерту жасады
Фото: ChatGpt арқылы жасалды“Қазгидромет” алдағы күндері Қазақстанның үш облысында су тасқыны қаупі бар екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазгидромет мәліметіне сәйкес, ауа температурасы күндіз +5…+10°C-қа дейін, ал оңтүстік аудандарда +13°C-қа дейін көтерілуі (түнде 0…+5°C) мүмкін. Ал 24 наурыз күні жауын-шашын түсіп (негізінен жаңбыр) 23–25 наурыз аралығында Абай облысында қар ериді.
Нәтижесінде мұз құбылыстары әлсіреп, еріген қар суы мен беткейлік ағын қалыптасып, өзендердегі су деңгейі көтеріледі. Осыған байланысты өзендер тасып, аумақтарды су басу қаупі бар.
Сонымен қатар ауа температурасы +5…+10°C-қа дейін көтеріліп, 24 наурызға болжанған жауын-шашынға (жаңбыр, қар) байланысты 23–25 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында да қар ериді. Мұнда да мұз құбылыстары әлсіреп, еріген қар суы ағыны қалыптасып, өзендердегі су деңгейі көтеріледі. Соның салдарынан су тасқыны мен су басу қаупі сақталады.
Ал Батыс Қазақстан облысында ауа температурасы күрт +13…+22°C-қа дейін көтеріліп, 24–30 наурыз аралығында жаңбыр түсуіне байланысты қар ериді.
Атап айтқанда:
Орал қаласында, Тасқала, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарында ауа температурасы +13…+20°C болады;
Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңғала, Қазталов, Ақжайық, Сырым және Қаратөбе аудандарында +15…+22°C дейін көтеріледі.
Осыған байланысты еріген қар суының ағыны қалыптасып, өзен арналары толып, мұз құбылыстары әлсірейді және су деңгейі көтеріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Синоптиктер биыл көктемде Қазақстанның төрт облысында су тасқыны болатынын болжаған еді.












