Ғани Мұратбаев ауылында Наурыз мерекесі тойланды
Бүгін Ғани Мұратбаев ауылында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай кең көлемді мерекелік шара ұйымдастырылды. Шуақты көктеммен бірге келген әз-Наурыз ауыл тұрғындарына ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бірлік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды. Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев қатысып, ауыл халқына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және ауылдың гүлденуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
«Наурыз – бұл тек көктемнің келуі ғана емес, бұл – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке әкелсін, еліміздің ынтымағы артып, әрбір отбасыға амандық пен молшылық тілеймін», – деп ізгі тілегін білдірді Жалғас Оңғарұлы.
Мерекелік шара әрі қарай думанды концертке ұласып, ауыл өнерпаздары мен қонақтар әсем ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, қазақтың бай салт-дәстүрлерінен көріністер қойылып, ұлттық спорт түрінен жарыстар өткізіліп, қазақи құндылықтар дәріптелді.
Ауыл саябағында киіз үйлер тігіліп, келген қонақтар мен тұрғындарға Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Ұлттық нақыштағы шара көпшілікке ерекше әсер сыйлап, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.














