Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: жаһандық бәсекеде бәсіміз қандай?

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: жаһандық бәсекеде бәсіміз қандай?

Сандық технологияға қол жеткізгелі батырманы басу арқылы жұмысымызды жеңілдеттік. Қолыңызда смартфон болса болғаны, үйде отырып-ақ шаруаларыңызды реттейсіз. Азық-түлік алуға дүкенге барудың да қажеті жоқ. Тапсырыс берсеңіз, әкеліп береді. Бұрын «живой өшіріттен» әбден шаршағанда болашақта мұндай ғажайып болады деп ойламағанымыз рас. Ең бастысы салалар сандық әлемге енді, қызметкерлер том-том болған қағазбастылықтан арылды. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып ресми түрде жарияланды.
Цифрландыру – жаңа кезең. Дамудың тың өзгерісі. Әсілінде биылғы жылдың бұлай аталуы жай ғана атау емес, елдің технологиялық даму бағытын айқындайтын үлкен стратегиялық қадам. Осы жыл аясында атқарылатын, жоспарланған басты бағыттар қандай? Қазақстанда есептеу қуаты жоғары суперкомпьютер іске қосылып, ЖИ модельдерін жасауға қажетті база қалыптасуда. Жасанды интеллектіні қолданудың этикалық нормалары мен қауіпсіздігін реттейтін арнайы заңнамалық база әзірленді. «AI Governance 500» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметшілер мен мамандарды ЖИ құралдарын тиімді пайдалануға оқыту қолға алынды. Мақсат – 1 миллион адамды ЖИ дағдыларына баулу. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы елдің ІЖӨ-сін (ВВП) жыл сайын 0,5 пайыздан 2 пайызға дейін арттыру жоспарланған.
Дүниежүзілік сарапшылар, Microsoft, Stanford мамандары 2026 жылды бүкіл әлемде жасанды интеллекттің «тәжірибелік кезеңнен» шығып, күнделікті жұмыс құралына (Agentic AI) айналатын жылы деп болжап отыр. Қазақстан бұл трендтен қалыс қалмай, аймақтық цифрлық хабқа айналуды көздеуде. Айта кететін маңызды факт, биыл Еуропалық Одақтың жасанды интеллект туралы актісі (AI Act) толық күшіне енеді. Бұл әлемдік технологиялық этика мен стандарттардың жаңа дәуірін бастайды.
Қазақстандағы жасанды интеллектінің дамуы соңғы екі жылда стратегиялық деңгейге көтерілді. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жарияланған Government AI Readiness Index (Үкіметтің ЖИ-ге дайындығы индексі) есебінде Қазақстан әлем бойынша 60-шы орынға тұрақтаған. Бір жыл ішінде еліміз 16 сатыға жоғарылады. Бұған дейін 76-шы орында болған. Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көшбасшы елміз.
Astana Hub және RISE Research есептеріне сәйкес, ЖИ саласындағы стартаптарға салынған инвестиция көлемі 2023 жылғы 14 миллион доллардан 2025 жылдың соңына қарай 73 миллион долларға дейін, яғни 5 есеге өскен. Қазіргі таңда елде жасанды интеллект бағытында жұмыс істейтін 100-ден астам белсенді стартап бар. 2025 жылы қазақстандық негізі қаланған Higgsfield AI компаниясы нарықтағы алғашқы ірі жетістіктердің бірі ретінде танылды. Шілде айында Alemcloud ұлттық суперкомпьютер орталығы іске қосылды. Ол Орталық Азиядағы ең қуатты есептеуіш жүйе болып табылады. Бұл қуаттылық отандық ғалымдар мен IT мамандарына AlemGPT сияқты қазақ тілді үлкен тілдік модельдерді (LLM) жаттықтыруға мүмкіндік береді.

Былтырғы жылдың соңына қарай елде 1 миллионға жуық адам жасанды интеллект негіздері бойынша базалық білім алды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу жоспарланған. Жоғары оқу орындарының түлектерінің 21 пайызы инженерлік және IT мамандықтарын таңдаған, бұл кадрлық потенциалдың жоғары екенін көрсетеді. Президент жарлығымен арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Қазақстан ТМД көлемінде алғашқылардың бірі болып «Жасанды интеллект туралы» заң мен этикалық кодексті қабылдау үстінде.

Жасанды интеллекттің жалпы пайдасын 2026 жылдың призмасымен қарасақ, бұл тек «қызықты технология» емес, елдің экономикасы мен әр азаматтың өмірін жеңілдететін нақты құралға айналды. Сарапшылардың болжамы бойынша, ЖИ-ді енгізу Қазақстанның Жалпы ішкі өнімін жыл сайын 0,5 пайыздан 2 пайызға дейін арттырады. Бұл миллиардтаған доллар қосымша табыс деген сөз. Қазақстанның еңбек нарығындағы жұмысшылардың 70 пайызға жуығы ЖИ құралдарын пайдалану арқылы өз жұмысын тезірек әрі сапалырақ істей алады. Бұл әсіресе рутиндік тапсырмаларды автоматтандыруға көмектеседі. 2026 жылға қарай IT-өнімдерінің экспортын 1 миллиард долларға жеткізу жоспарлануда, оның қомақты бөлігі ЖИ шешімдеріне тиесілі. 2026 жылдан бастап мектептегі барлық пәндерге ЖИ элементтері қосылады. Бұл әр оқушының үлгеріміне қарай жеке оқу жоспарын (Personalized Learning) жасауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект рентген, МРТ суреттерін адамнан жылдам әрі дәл талдап, ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі емханаларға «цифрлық көмекшілер» арқылы жоғары деңгейлі диагностика қолжетімді болады. ЖИ негізіндегі проактивті қызметтер сізге қандай да бір жәрдемақы немесе құжат керек екенін өзіңіз сұрамай-ақ біліп, ұсынатын болады.
Қазіргі таңда әлемде ЖИ бойынша көшбасшылыққа талас жүріп жатыр. Қазақстан бұл бәсекеде өз орнын табу үшін қандай басымдықтарды иеленуде?
Өз LLM модельдерімізді (мысалы, қазақ тілді KazLLM) жасау – сыртқы технологиялық тәуелділіктен құтқарады. Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютерді иелену – көршілес елдер үшін технологиялық хабқа айналу деген сөз. Биылғы инновациялық бәсекеге қабілеттілік компанияның ЖИ-ді қаншалықты терең енгізгенімен өлшенеді. Мұны қолданатын кәсіпорындар операциялық шығындарды 30-40 пайызға дейін қысқартуда. Гипер-персонализация тек ЖИ алгоритмдері арқылы ғана мүмкін болып отыр. Инновациялық бәсеке тек машиналар арасында емес, адамдар арасында да жүреді. Техникалық жұмысты жасанды интеллект атқарғанда, адамдар арасындағы бәсекеде стратегиялық ойлау, этикалық шешім қабылдау және шығармашылық қабілет алдыңғы қатарға шығады.
Бұл «сиқырлы таяқша» емес, әрбір салаға көмекші, кеңесші және оң қолы. Ол адамды алмастырмайды, тек адамның мүмкіндігін бірнеше есе арттырады. Заман өзгерген сайын көштен қалмай ілесіп отыру қажет. Ал Қазақстан жасанды интеллектті тек пайдаланушы емес, оны әзірлеуші аймақтық хабқа айналуды көздеп отыр. 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануы осы қарқынды одан ары үдетпек.

Айнұр ӘЛИ
24 ақпан 2026 ж. 41 0

БАҒА БАҚЫЛАУДА

24 ақпан 2026 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728