Қырық түрлі препарат, бір мақсат
Бүгінде заманауи талаптарға сай жабдықталып, 1996 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан Қазалы теміржол ауруханасының ауруханаішілік дәріханасы науқастарды сапалы әрі қауіпсіз дәрілік препараттармен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіби мамандардан құралған ұжымның басты мақсаты – емдеу үдерісінің тиімділігін арттыру.Дәріхана типтік аурухана ғимаратының 1-қабатында орналасқан және емдеу бөлімшелерін сапалы, қауіпсіз әрі уақытылы дәрілік заттармен қамтамасыз етуді негізгі міндеті санайды.
Мұнда дайындалатын әрбір ерітінді мен дәрілік препарат сапа талаптарына сай бірнеше сатылы бақылаудан өтіп, науқасқа қауіпсіз түрде жеткізіледі. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, кәсіби мамандардан құралған ұжым дәрілік заттарды дайындау, сақтау және тарату жұмыстарын талапқа сай ұйымдастырып келеді. Үздік провизорлар жетекшілік ететін бөлімшенің басты ұстанымы – сапа, жауапкершілік және сенім.
Медицина саласында жауапкершілік – басты талап. Осы үдеден шығып келе жатқан құрылымдардың бірі – Қазалы теміржол ауруханасы жанындағы ауруханаішілік дәріхана. Бұл күні емдеу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген дәріханада 40-қа жуық түрлі дәрілік препарат дайындалып, әрқайсысы толық фармакохимиялық бақылаудан өтеді.
Қазір дәріханада 1 провизор, 3 фармацевт және 1 санитар-жуушы қызмет атқарады. Ұжымның жұмысын жоғары санатты провизор, дәріхана меңгерушісі Салтанат Қабылова Егізбайқызы үйлестіреді.
Сонымен қатар дәріханада фармацевтер Әсем Айтмурзаева, Манат Жағал мен Ақтолқын Сәбитқызы және санитар Айнұр Өтепова еңбек етеді. Әр қызметкер өз саласы бойынша жауапкершілікпен жұмыс атқарып, дәрілік заттардың сапасын бақылау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Осы күні Салтанат Егізбайқызы ауруханадағы екі маңызды бөлімшені госпитальдық фармация және дәріхананы қатар басқарады. Госпитальдық бөлімшеде 7 медбике мен 1 фармацевт және 1 тазалықшы жұмыс істейді. Бұл бөлімше аурухананың 5 бөлімшесін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта тек реанимация және қабылдау бөлімінен басқа бөлімшелердің барлығы осы жүйемен қамтылған. Жұмыс процесі бойынша дәрі-дәрмектер шприцтерге алдын ала алынып, дайын күйге келтіріледі. Әрбір препарат науқастың аты-жөні мен штрих-код арқылы таңбаланады. Дайын дәрілер бөлімшелерге жіберіледі. Сол жерде науқастың ауру тарихымен салыстырылып, егіледі. Бөлімшеде дәріхана қоймасынан алынған 3-4 күндік дәрі-дәрмек қоры сақталады. Мұнда замануи ламинарлы бокс, мөрлеу құрылғысы аппараттармен қамтылған.
Дәріхананың құрылымы мен материалдық-техникалық базасы
Ауруханаішілік дәріханада заманауи талаптарға сай бірнеше арнайы бөлме қарастырылған. Атап айтқанда, ыдыс жуатын, ассистенттік және асептикалық, санитарлық пен тұрмыстық және жуынатын бөлмелер, сонымен бірге қызметкерлерге арналған демалыс аймағы бар.
Дәріханада инъекцияға арналған стерильді сұйық препараттар, ішуге және сыртқа қолданылатын ерітінділер, жақпа майлар, ұнтақтар, көз тамшылары дайындалады. Жалпы алғанда 40-қа жуық түрлі дәрілік препарат әзірленеді. Барлық дәрілер бекітілген нормативтік талаптарға сәйкес дайындалып, толық фармакохимиялық бақылаудан өтеді.
Аурухананың 3-қабатында дәріхана қоймасы орналасқан. Онда санитарлық-гигиеналық пен дайын дәрілік заттар бөлімі, дезинфекциялық құралдар қоймасы мен этил спиртін сақтауға арналған арнайы бөлме орналасқан.
Сонымен қатар аурухананың 1-қабатындағы ақылы бөлімшеде науқастарға берілетін дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған қосымша қойма бөлінген. Есірткі және психотроптық заттарды сақтауға арналған арнайы үй-жай барлық қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Өрт күзет дабылы мен жарық-дыбыс белгі беру жүйесі орнатылып, аудандық күзет бөліміне қосылған.
Есеп жүргізу және бақылау жүйесі
Дәріханада дәрілік заттарды есепке алу ИСМЕТ және «1-С» бағдарламасы арқылы күнделікті жүргізіледі. Материалдық есеп тұрақты түрде жасалып, барлық бөлімше мен медициналық пункттерге дәрілік заттарды дәріхана меңгерушісі өзі таратады. Дайындалған ерітінділердегі механикалық қоспаларды тексеруге арналған «УК-2» негатоскопы қолданылады.2010 жылы алынған рефрактометр препараттардың концентрациясын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тазартылған және дезинфекцияланған судың сапасы жүйелі түрде тексеріліп отырады.
Арнайы құрал-жабдықтарға тоқталсақ, дәріхана заманауи және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. «К-2» және «К-3» қақпақ жабу аппараттары (бірі 1994 жылы Болгарияда, екіншісі 2010 жылы Тюмень қаласында жасалған), 2010 жылы алынған электронды таразылар, екі автоклав: «ВК-75» (2010 ж) және 2016 жылғы үлгі, «АЭ-25» дистилляторлары (2009 ж. және 2020 ж.), натрий хлориді ұнтағы мен шыны ыдыстарды зарарсыздандыруға арналған термостат алынған.
Судың сапасы төмен болуына байланысты дәріханада «Гейзер» сүзгі жүйесі орнатылған. Ол сорғыға қосылып, сүзгіден өткен суды жинауға арналған 2000 және 1000 литрлік арнайы резервуарлармен жабдықталған. Бұл стерильді ерітінділер дайындау кезінде судың сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазалы теміржол ауруханасының дәріханасы емдеу мекемесінің маңызды құрылымдық бөлігі. Көпжылдық тәжірибе, кәсіби мамандар, заманауи жабдықтар мен сапаға деген жауапкершілік ұжым жұмысының басты ұстанымы. Дәріхана науқастардың қауіпсіз әрі тиімді ем алуына өз үлесін қосып келеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













