Инфляция жайлы шындық: Теңге нығайса да, баға неге арзандамайды?

Елдегі инфляция деңгейі ресми статистикадан әлдеқайда жоғары сезіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3%-ды құраса, азық-түлік 13,5%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Әйгерім Ілиясова халықтың әмиянына салмақ салып отырған баға өсімінің негізгі себептерін түсіндірді.
Инфляция деңгейіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, тұтыну себетіндегі тауарлардың басым бөлігі – шетелден келеді. Сондықтан баға тікелей валюта бағамына тәуелді. 2025 жылы теңгенің долларға шаққандағы орташа жылдық бағамы шамамен 11%-ға әлсіреді, бұл импорттық тауарлар бағасын көтерді. Мұнда «храповик эффектісі» жұмыс істейді: ұлттық валюта әлсірегенде баға тез өседі, бірақ кейін нығайған кезде арзандамайды. Мысалы, 2025 жылы электроника мен тұрмыстық техника 20–30%-ға қымбаттады.Екіншіден, халық бас тарта алмайтын тауарлар мен қызметтер санатында баға өсіп жатыр. Оларға азық-түлік, коммуналдық қызметтер және жанармай жатады. 2025 жылы азық-түлік инфляциясы 13,5%-ды құрады және тұтыну құрылымындағы жоғары үлесіне байланысты бағаның жалпы өсуіне ең көп әсер етті.Үшіншіден, Ұлттық банктің инфляцияны төмендету шараларының әсері кешігіп жетеді. Яғни, базалық мөлшерлеме өзгергенде, банктер несие мен депозит бойынша мөлшерлемені бірден өзгертпейді. Бұл тұтынушылық несиелер есебінен инфляцияны одан әрі қыздырады.
Сарапшының айтуынша, 2026 жылдың басында инфляция жоғары болып қала береді. Себебі наурыздан кейін коммуналдық тарифтерді қайта қарау және ЕАЭО аясындағы процестерге байланысты жанар-жағармай бағасының өсуі күтіледі.
Инфляцияның баяулауы үшін не істеу керек? Менің ойымша, коммуналдық тарифтерді қайта қарауға сауатты қарау, тұтынушылық несиелеуді тежеу, инфляциялық күтулерді төмендету және макроэкономикалық тұрақтылық жөніндегі қабылданған бағдарламаны жоспарлы түрде іске асыруды бастау қажет.











