Инфляция 12,2% деңгейінде: айлық өсім баяулағанымен, қымбатшылық сейілген жоқ
Азық-түлік арзандағанымен, қызмет пен тұрмыстық тауарлар қымбаттап жатыр
Фото: freepik.com

Фото: freepik.com
2026 жылдың қаңтар айында Қазақстандағы инфляция қарқыны жылдық есепте 12,2% болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, бір айдағы инфляция 1%-ды құрады. Қаңтар айында тұтыну нарығында баға өсімі барлық негізгі санатта байқалды. Азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 0,8%-ға, азық-түлік емес тауарлар 1,2%-ға, ал ақылы қызметтер 1,1%-ға өскен.
Азық-түлік сегментінде кейбір өнімдердің бағасы төмендеді. Атап айтқанда, қияр 7,3%-ға, алма 4,1%-ға, күріш 0,7%-ға арзандады. Ал күнделікті тұтынылатын тұздың бағасы 0,9%-ға, май құрамындағы шпроттар 0,6%-ға, жасымық 0,2%-ға қымбаттаған.
Азық-түлік емес тауарлар арасында ас үй ыдыстарының жиынтығы 7,1%-ға, электр еттартқыш 2,8%-ға, жаңа жеңіл автокөліктер 2,2%-ға арзандады. Сонымен бірге ноутбук бағасы 4,3%-ға өссе, ыдыс жуатын құралдар мен мотор майы шамамен 1%-ға қымбаттады.
Қызмет көрсету саласында да баға жоғарылады. Жаттығу залдарының қызметі 1,2%-ға, киімдерді химиялық тазалау 0,7%-ға, шет тілдерін оқыту курстары 0,2%-ға өскен.
Жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 12,9%-ға, азық-түлік емес тауарлар 11,7%-ға, ал ақылы қызметтер 12%-ға артты. Осы кезеңде картоп 7%-ға, сарымсақ 4,9%-ға, тәтті бұрыш 2,6%-ға, курага 1,1%-ға арзандаған. Керісінше, мейіз 7,7%-ға, ашытқы 4,6%-ға қымбаттаған.
2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда суэмульсиялық бояулардың бағасы 9,2%-ға, әйелдерге арналған сөмкелер 6,7%-ға, жуғыш ұнтақ 6,3%-ға өсті. Сондай-ақ төсек-орын жабдығының жиынтығы мен кір сабын 5,9%-ға қымбаттаған. Қызметтер ішінде мектептен тыс музыканы оқыту сабақтары 2,3%-ға, ұялы телефонды жөндеу қызметі 2,2%-ға өскен.
Айта кетейік, инфляция деңгейін көрсететін тұтыну бағалары индексі ай сайын есептеледі. Бағалар 537 түрлі тауар мен қызмет түрі бойынша бақыланады. Инфляцияның 2018 жылдан бергі өзгерісін арнайы интерактивті дашбордтан көруге болады.
2025 жылдың қаңтарынан бастап тұтыну бағалары индексін есептеуде азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%-ды, азық-түлік емес тауарлар 28,4%-ды, ал ақылы қызметтер 30,5%-ды құрайды.











