Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Руханиятқа ғұмырын арнаған қаламгер

Руханиятқа ғұмырын арнаған қаламгер

Қазақ әдебиеті мен журналистикасында, мәдениет пен музей ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, журналист, сценарист, сатирик Балтабай Нәжімұлы Тәжімбетов ел жадында сөзі салмақты, ісі нақты, руханиятқа адал қызмет еткен тұлға ретінде сақталған қаламгер.
Балтабай Нәжімұлы 1941 жылы 1 қаңтарда Қазалы ауданы, 12-ші ауылдық Советі, қәзіргі Ү.Түктібаев ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Арал ауданына қарасты Қасқақұлан ауылдық кеңесіндегі он жылдық мектепті тәмамдап,сол жылы Қазалы ауылшаруашылық техникумының зоотехникалық- малдәрігерлік бөліміне оқуға түсіп, оны 1962 жылы бітірген соң, 1964 жылға дейінҚостанай облысы, Амангелді ауданы, Сарытоғай совхозында малдәрігер болып еңбек етті. 1964 жылы Қазалыға оралып, аудандық «Ленин туы» газетінде корректор болып жұмыс жасады.
Одан кейінгі журналистік жолдарын аудандық радиохабарларын тарату редакциясында, Қызылорда облыстық радио және телевизия хабарларын тарату комитетіндежалғастырып журналистиканың қыр-сырын меңгерді.
Ал 1969-1981 жылдары Қазалы қаласындағы Ғани музейін 12 жыл басқарып, музейдің қалыптасуына өз үлесін қосып, музейдің іргетасын нығайтып, тарихи мұраларды жинақтау мен насихаттауда табанды еңбек етті.Республикалық басылымдар да Ғанидың өмірі мен қызметі, музей жұмысы туралы материалдар жариялап, аудан тарихын көпшілікке танытты. Бірге қызметтес болған әріптестерінің құрметіне бөленіп, барша халықтың аузында: «Өз үйімдемін, болмаса, музейімдемін» деген сөзі қалды.
1981-1986 жылдары аудандық «Ленин туы» газетінде бөлім меңгерушісі, 1986–1990 жылдары аудандық радиохабар тарату редакциясының редакторы қызметтерін атқарып, өңірлік журналистиканың дамуына белсене араласты. Балтабай ағаның өлең-жырларымен қатар сахналық көріністерге арналған сценарийлері, сатиралық туындылары, баспасөзде жарияланған мақалалары мен радиохабарлары арқылы облыс пен ауданның мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне рухани серпін берді. Еңбегі еленіп, Қазақстан ЛКСМ ОК-нің және Қазақ ССР Мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының бірнеше мәрте алғыс хаттары мен марапаттарына ие болды.
1990 жылы Жамбыл облысына қоныс аударған Балтабай Тәжімбетов шығармашылыққа біржола ден қойды. Осы жылдары балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелері республикалық «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газетінде жиі жарияланды. Ақынның көзі тірісінде «Әй-әй, бала», «Қарлығаш», «Алты әзілкеш» атты кітаптары жарық көріп, жырлары бірнеше жинақтарға енді.
2003 жылы 3 желтоқсанда ақын 62 жасында дүниеден өтті. «Туған жерім-думанды елім» деп, өскен топырағын қимай, сағыныштан сарғайған аяулы ақынға Сарыкемердің сары топырағы бұйырды.
Бүгінде Балтабай Тәжімбетовтің есімі мен еңбегі ұмыт қалған жоқ. 2011 жылы ақынның 70 жылдығына орай ұрпақтары «Тәтті тұтқа» атты жыр жинағын жарыққа шығарып, рухани мұрасын кейінгі буынға аманат етті. Сонымен қатар өзі ұзақ жылдар басшылық еткен Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде ақынның туған күні қарсаңында еске алу шаралары, тағылымды кездесулер мен әдеби кештер ұйымдастырылып келеді. Бұл – елге еңбегі сіңген қаламгерге деген құрметтің, рухани сабақтастықтың айқын көрінісі.
Балтабай Тәжімбетовтің өнегелі өмір жолы мен бай шығармашылық мұрасы – бүгінгі және келер ұрпақ үшін рухани қазына, тағылымды тағдыр болып қала бермек.
Ақерке МИРАМБЕКҚЫЗЫ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық
музейінің ғылыми қызметкері
07 ақпан 2026 ж. 26 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728