Жастардың бастамалары мен кәсіптік-өндірістік жобалардың көрмесі өтті
Бүгін Қазалы ауданындағы жұмыс сапары барысында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай аудан жастарының бастамалары мен жобалары ұсынылған көрмені және «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты.Көрмеде «Ауыл аманаты» жобасы, мемлекеттік бағдарламалар мен жеке қаржы есебінен жүзеге асырылып жатқан бірқатар кәсіпкерлік бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, кондитерлік өнімдер жасау, нан және наубайхана өнімдерін шығару, фастфуд өнімдерін дайындау, жергілікті брендтік тәттілер әзірлеу, сондай-ақ қолөнер, сәндік бұйымдарын жасау бағытындағы жобалар болды.
Көрме аясында пластикалық бөтелкелерді өндіруге бағытталған өндірістік жобаның иесі Ақбала Шүйіншәлі өз кәсібінің дамуы жөнінде пікір білдірді. Бүгінде жоба аясында 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы 6,9 млн теңге көлемінде 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие алдым. Қажетті жабдықтарды алып, сол жылы шағын өндірісті бастадым. Қазіргі таңда сұраныс өте жоғары. Көршілес аудандар мен қалалардан да тапсырыс түсіп жатыр. Осындай «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалар бізге үлкен қолдау болып отыр. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейту жоспарымда бар», – деді кәсіпкер.
Көрмедегі әр өнімімен жеке-жеке танысқан Жандос Нұртайұлы кәсіп иелерінің еңбегін жоғары бағалап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығына тоқталды.
«Қазалы – кәсіпкерлігі қарқынды дамыған аудан. Оны «Екінші Түркістан» деп атауы да осы саланың өркен жаюымен байланысты. «Ауыл аманаты» жобасы өздеріңіз секілді кәсіпкерлерді, сондай-ақ өз ісін бастағысы келіп жүрген азаматтарды қолдауға бағытталған. Бұл бастамалар жергілікті жерде кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, тұрғындарды тұрақты табыспен қамтуға жол ашады. Халық сұранысына сай өнім ұсынып, нақты іспен айналысып жүрген еңбектеріңіз әрдайым жоғары құрметке лайық. Баршаңызға еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!», – деді облыстық филиал төрағасы.
Сонымен қатар жас талапкер Нұржан Меңдуахастың жасанды интеллект негізінде әзірлеген анимациялық жобасы таныстырылды. Бастамаға қызығушылық танытқан филиал төрағасы 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтіп, цифрлық технологиялар мен инновациялық жобаларға қатысты ұсыныстарын айтты.
#AMANAT














