Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрақты даму мен жасампаз істер мекені

Тұрақты даму мен жасампаз істер мекені

Қызылорда қаласында Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Қасиетті Қазалы ауданы қашанда тынымсыз тіршілік пен табанды еңбектің, жаңару мен жасампаздықтың ордасы. Киелі Сыр өңірінде орналасқан 80 мыңға жуық халқы бар Қазыналы Қазалыда бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Аудан өміріндегі әрбір жағымды жаңалық пен жаңару үрдісіне күн сайын куә болып келесіздер деп сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне көрсетіп отырған айрықша қолдауының, сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тікелей басшылығы мен қолдауының арқасында ауданда ауқымды жобалар жүзеге асып, маңызды бастамалар өмірге жолдама алуда. Аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табады.
Брифинг барысында 2025 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің даму қарқынына оң бағасын берген болатын. Ал осы жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының өтуі Сыр елінің ел өміріндегі орны мен беделінің айқын көрінісіне айналды. Ұлтты ұйыстыратын, бірлікті бекемдейтін алқалы жиында Мемлекет басшысы облыстың барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, – дейді аудан басшысы.
Алмасбек Әбілқасымұлының мәлімдеуінше, өткен жыл Қазалы ауданы үшін бірлік пен берекенің, нақты жетістіктер мен толымды табыстардың жылы болды деуге толық негіз бар. Бүгінде аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, негізгі көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды.

Бюджет мүмкіндігі – халық игілігіне

Былтыр аудан бюджетінің кірісі 18,9 млрд теңге болып бекітіліп, жыл соңында 21,6 млрд теңгеге нақтыланды. Кірістер жоспары 3,1 млрд теңге болса, нақты орындалуы 4,5 млрд теңгені құрап, бекітілген көрсеткіштен 1,4 млрд теңгеге артық орындалды. Бұл – 43,9 пайыз өсім.
2026 жылға аудан бюджеті 13,6 млрд теңге көлемінде бекітіліп, оның ішінде кірістер 4,2 млрд теңге болып жоспарланды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша оң тенденция сақталды. Өнеркәсіп өндірісі – 112,3, өңдеу өнеркәсібі – 112,8, сауда – 101,1, ауыл шаруашылығы – 103,6, инвестиция көлемі – 105,1, құрылыс жұмыстары – 145,6, тұрғын үй құрылысы – 105,7 пайыз деңгейінде орындалды.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5371 кәсіпкер тіркеліп, оның 5216-сы нақты жұмыс істеп отыр. Белсенділік деңгейі – 97,1 пайызды құраған.
2025 жылы ауданда 32 жаңа кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 71 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, оның үшеуі пайдалануға берілді. «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге О. Медеубаеваның сауда үйі, Е.Алданазаровтың аквапарк пен қоғамдық тамақтану кешені, А.Бақытбектің қонақ үйін де қоса ескерген жөн.
Сонымен қатар Басықара ауылында «Арал рыбторг» ЖШС-нің тауарлы балық өсіру тоғаны жобасы іске асырылуда. 464 гектар жер бөлініп, 400 мың дана шабақ жіберілді. 2027 жылға қарай жоба толық іске қосылып, жылына 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіру жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі

2025 жылы ауданда 17445 гектар жерге егін егіліп, толық жиналды. Оның ішінде күріш 5636 гектарға орналастырылып, әр гектардан 42,8 центнер өнім алынды. Жалпы өнім – 24 124 тонна.
2026 жылы 17 257 гектарға егін егу жоспарлануда, оның 6000 гектары – күріш.
Биыл Президент Жолдауында көрсетілген агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне байланысты егін шаруашылықтарында су үнемдеу технологияларын енгізу, су тапшылығы жағдайында өнімділікті төмендетпеу мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қолға алынуда.
Облыс әкімінің қолдауымен 2026 жылы сол жағалау алыбының 1-ГД, 2-ГД, К-3-2 коллекторлар жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен жұмысын бастауға 801,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Жоба құны 2 миллиард 589,5 миллион теңгені құрайды.
Өткен жылы ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 6235 тонна өнім, 1508 тонна күріш, 813 тонна балық, 4074 тонна қамыс экспортқа шығарылды.
Бүгінде аудан бойынша мал басында өсім бар. Мүйізді ірі қара 50392, жылқы 54751, түйе 13563, уақ мал 87665, құс 6884 бас тіркелген.

Ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда.
2025 жылы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, республикалық, облыстық және арнайы есеп шоттан қомақты қаржы бөлінді. Нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазалы ауданының халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылды.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамтуда ауқымды істер іске асырылды. Электр желілерін жаңғырту, газдандыру, жол салу, тұрғын үй құрылысы бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауданның газбен қамтылу деңгейі 75 пайызға жетсе, 2026 жылдың соңына дейін 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
«Қарлан» көпірінің құрылысы қайта жанданып, жоба құны толық қаржыландырылды. Көпірді жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.

Әлеуметтік сала – басты басымдық

2025 жылы 80 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. «Руханият орталығы», ауылдық клубтар, спорт кешендері, аудандық прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ жоба аясында Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағы мен Қожабақы ауылдарынан спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Спорт кешендерінің құрылысы мамыр айында аяқталып, пайдалануға беріледі.
Бүгінде Қазалы ауданындағы 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Тарихи ғимаратты қайта жаңғырту жұмысына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1,6 миллиард теңге ақша берілді.
«Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1,3 миллиард теңгеге вокзал жанындағы теміржол өткелі қайта салынды. Аймақ басшысының қатысуымен ел игілігіне ұсынылды.

Білім саласында мектептер жөнделіп, жаңа білім ордалары ашылды. Ауданның білім беру саласында барлығы 91 білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек» ұлттық жобасы аясында былтыр наурыз айында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылы аудан орталығындағы №234 Ж.Жабаев атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, 8 білім ордасына ағымдағы жөндеу жұмыстары толық атқарылды. Аудандағы білім ордаларын жабдықталған кабинеттермен қамтамсыз ету мақсатында 25 білім беру ұйымына талапқа сай бейнекамера орнатылды.
Денсаулық сақтау саласында кардиология және инсульт орталығы іске қосылып, жоғары технологиялық оталар жасала бастады. Халыққа жоғары және сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған орталық 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бүгінде орталыққа КТ аппараты әкелінсе, жыл соңына дейін аудан тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылмақ. Қазір жаңа аппараттармен жұмыс жасайтын тиісті мамандардың білімі жетілдірілді.
«Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентіндегі «Болат жолы» және Бекарыстан би ауылындағы дәрігерлік амбулаторияларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы ауданның денсаулық сақтау саласында айтулы жаңалықтар болды. Мәселен, аудандық ауруханада жүрек ырғағының бұзылыстары бойынша алғаш рет аритмологиялық жоғары мамандандырылған оталар жасалынды. Мұндай жоғары мамандандырылған ота Республика бойынша аудандар арасында алғаш рет Қазалы ауданында жүзеге асты. Осындай адам жанының арашашылары ретінде саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Көбек Наршабаев, Асылбек Жиенбаев, Кенесары Баспаев сынды дәрігерлер қазалылықтар алғысына бөленуде.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен ауданымызда спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жолға қойылды. Спортшыларымыз Азия және халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтатып, жүлделі орындардан көрінді. Қазалылық сопртшы Зарина Толыбай Шри-Ланка елінің Коломбо қаласында бокстан өткен Азия Чемпионатында 75 келі салмақта чемпион атанса, Ақбота Болат 48 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені иеленді.
Оған қоса Бішкек қаласында өткен гір көтеруден Азия чемпионатында Мейрамбек Бөлекбаев күміс және қола медальдарын жеңіп алды. Бахрейн мемлекеті Манама қаласында гандболдан жасөспірімдер арасында 3-ші Азия ойындарында жерлесіміз Бану Көпжан Қазақстан құрама сапында ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Ал мәдениет саласында 1500-ден астам іс-шара өткізілді. Қорытындылай келе 2025 жылы Қазалы ауданында атқарылған жұмыстар нақты нәтижеге бағытталған жүйелі еңбектің жемісі деуге әбден келеді. Алда тұрған міндеттер де ауқымды. Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын ілгерілету, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Алқалы басқосуда аудан басшысы Алмасбек Есмаханов «ең бастысы – ел ішіндегі тыныштық пен бірлік» деп сөзін түйіндеді. Халықтың қолдауы мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында Қазалы ауданы алдағы уақытта да даму жолынан жаңылмай, жаңа белестерді бағындыра беретіндігін тілге тиек етті.

Мирамкүл ШАМШАЕВА
03 ақпан 2026 ж. 135 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728