Түркияда да балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынбақ
15 жасқа толмағандарға аккаунт ашуға толық тыйым салынады

Фото: istockphoto.com

Фото: istockphoto.com
Түркия балаларды интернеттің зиянды ықпалынан қорғауға бағытталған жаңа ережелерді енгізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тиісті заңнамалық түзетулер аяқталғаннан кейін елде кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатаң шектеу қойылмақ.
Түркия Республикасының Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрлігі әзірлеген бастамаға сәйкес, 15 жасқа толмаған балаларға ата-анасының рұқсаты болған күннің өзінде әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салынады. Бұл жас санатындағы балаларға тек өз жасына сай онлайн ойындар мен цифрлық платформаларға ғана қол жеткізуге рұқсат етіледі.
Жаңа ереже аясында әлеуметтік желі жеткізушілеріне де қосымша міндеттер жүктелмек. Платформалар балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін күшейтіп, интернетке тәуелділіктің алдын алуға бағытталған тиімді тетіктерді іске қосуы тиіс. Сонымен қатар, ойындарға жалпы тыйым салынбайды, алайда жас рейтингінің нақты жүйесі енгізіліп, әр бала тек өз жасына сәйкес контентті ғана пайдалана алады.
Тағы бір маңызды талап-жасты тексеру жүйесін енгізу. Әлеуметтік желілерде қолданушылардың жасын анықтау рәсімдері мен қағидалары арнайы ережелермен бекітіледі. Бұл механизмдер балалардың жасына сай емес контентке қол жеткізуін шектеуге бағытталған.
Бұған қоса, ата-аналардың балалардың цифрлық ортадағы әрекетін бақылау және бағыттау құқығы да кеңейтіледі. Жаңа бастама аясында пайдаланушыларға заңсыз немесе зиянды мазмұн туралы жедел хабарлауға мүмкіндік беретін электронды шағымдар жүйесі құрылмақ.
Еске салайық, Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қою мәселесі күн тәртібіне шыққан. Қазіргі таңда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салуды көздейтін бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігі қарастырып жатыр.
Атап айтқанда, ведомство онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заң жобаларын әзірледі. Құжатта 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына шектеу енгізу ұсынылған.
Жаңа нормалар күшіне енбес бұрын құжат тиісті сараптамадан өткізіліп, қоғамдық талқылауға шығарылды. Заң жобасын іске асыру аясында үш министрліктің бірлесіп жұмыс істеуі жоспарланған. Олар пайдаланушылардың жасын анықтау және тексеру тетіктерін әзірлеумен қатар, талаптарды бұзған жағдайда жауапкершілік шараларын да қарастыруы мүмкін.










