Екібастұзда жасөспірімдер араға екі күн салып суицид жасаған
Фото: Ru.freepik.com
Екібастұзда 17 жастағы бозбала мен қыз араға екі күн салып өздеріне қол жұмсаған. Жасөспірімдер бір сыныпта оқыған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Жасөспірімдердің жантүршігерлік өлімі туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Кейін Павлодар облысының полициясы болған жағдайды растады.
“Екі суицид бойынша қылмастық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы сотқа дейінгі тергеу жұмыстары кезінде белгілі болады”, – деп мәлімдеді ведомство.
Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева 2008 жылы туған жасөспірімдердің бұрын бір сыныпта оқығанын және бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғанын айтты.
“Жігіт Екібастұз қаласындағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқыған, ал қыз жергілікті колледждің бірінші курс студенті болған. Екі жасөспірім де жағдайы жақсы отбасыдан шыққан. Екеуін де туыстары үйлерінен тапқан”, – деді Сәуле Шәкенева.
Оның сөзінше, жасөспірімдер оқыған білім беру мекемелерінде буллинг болмағаны анықталды. Сондай-ақ олар ешқандай профилактикалық есепте тұрмаған және бұған дейін психологиялық қызметтердің назарында ілікпеген.
Әлеуметтік желіде жігіттің қазасынан кейін араға екі күн салып қыздың өзіне қол салғаны туралы ақпарат тарады. Алайда ресми органдар бұл мәліметке түсініктеме берместен, барлық мән-жай тергеу аясында анықталып жатқанын айтты.
Сәуле Шәкенева бұл жағдай жыл басынан бері өңірде тіркелген кәмелетке толмағандар арасындағы алғашқы суицид фактілері екенін атап өтті.












