Арманға апарар алғашқы қадам
Жуырда Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектепте «Кешегі арман – бүгінгі мақсат!» атты студенттермен тағылымды кездесу кеші өтті. Шараның негізгі мақсаты – оқушыларға мамандық таңдаудың маңызын түсіндіру, әр салаға тән қасиеттерді дамыту жолдарын көрсету және 10-11-сынып оқушыларының жетістікке жету бағытындағы білім көкжиегін кеңейту.Кеш әсерлі видеоролик пен сахналық флешмобпен басталып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Студенттер жеңіл әзіл мен еркін форматта таныстырылып, шараның шынайы әрі тартымды өтуіне ерекше ықпал етті. Мектептің ардагер ұстаздары Деменбай Әмірашұлы мен Ұлжан Қожаметова жастарға жүрекжарды тілектерін арнап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу барысында Ақерке Қылышбай әсем әннен шашу шашса, 8-сынып оқушылары Жеңіс Арман мен Жұмахан Нұртілек баянмен өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ 10-сынып оқушылары гитараның сүйемелдеуімен орындаған композициялық қойылым кештің көркін аша түсті.
Студенттермен ұйымдастырылған «Миф және шындық» ойыны мен «Адал сұрақ жәшігі» форматындағы ашық сұхбаттар оқушыларға студенттік өмірдің шынайы қырларын танытуға мүмкіндік берді. Бұған қоса Д. Аққоянованың «Мен саған сенер едім» атты мотивациялық тренингі қатысушыларға сенім мен шабыт сыйлады. Студенттер мен 11-сынып оқушылары қызықты ойындарға белсене қатысып, өз белсенділіктерін көрсетті. Кеш барысында қонақтар студенттік өмірді бір сөзбен сипаттап, мектеп бітіруші «Алтын белгі» үміткерлеріне арнайы сыйлықтарын табыстап, жылы лебіздерін білдірді. Шара соңында барша қатысушылар «Ауылым» әнін бірге шырқап, кездесуді көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














