Рухты жастың темірқазығы
Фото: Автор мұрағатынанСыр өңірі – ежелден білім мен мәдениеттің ордасы. Ал сол алтын ұялардың ішінде өзіндік қолтаңбасымен, озық білімімен және тәрбиелік бағытымен дараланатын білім ордаларының бірі – №266 мектеп-лицейі. Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында тек білім беріп қана қоймай, тұлға қалыптастырудың үлкен мектебі жұмыс істеп тұр. Ол – ұстаз бен шәкірт арасындағы алтын көпір болып табылатын тәлімгерлік қызметі мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмысы.
Қазіргі қоғамда тәлімгер болу – жай ғана лауазым емес, бұл – үлкен миссия. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бойындағы жасырын талантты ашу және қоғамдық белсенділігін арттыру тәлімгердің шеберлігіне тікелей байланысты. №266 мектеп-лицейіндегі тәлімгерлік жұмыс – бұл жасөспірімдердің ішкі әлеміне үңілу, олардың заманауи талаптарына сай болу және әрбір оқушының бойынан көшбасшылық қасиетті табу. Біздің мектептегі тәлімгерлердің алдына қойған басты мақсаты - жас мамандарға жол көрсетіп қана қоймай, оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру. Тәлімгер – баладағы «мен» деген өршіл рухты оятатын алғашқы жанашыр.
Мектебіміздің мақтанышы – «Жас Ұлан» ұйымы. Бұл ұйым тек қатардағы топ емес, бұл – болашақ мемлекетшіл тұлғалардың, зиялы қауымның іргетасы қаланатын орын. Оқушыларымыздың «Жас Ұлан» қатарына қабылдануы - олар үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Ұйым аясында біздің лицейде келесі бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Зерде» бағыты оқушылардың ғылыми-интеллектуалдық деңгейін көтеруге, ал «Руханият» бағыты ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптеуге ден қойған. «Еңбек» бағыты жастарды еңбекқорлыққа және экологиялық мәдениетке баулуда.
Тәлімгерлердің ауқымы өте кең. Біз тек мектеп ішіндегі іс-шаралармен шектелмейміз. Қазіргі жастар – IT технологияның, жасанды интеллектінің және креативті индустрияның буыны. Сондықтан біз өз жұмысымызда цифрлық құралдарды, дебаттық қозғалыстарды және волонтерлік жобаларды кеңінен қолданамыз. №266 мектеп-лицейінің шәкірттері облыстық, республикалық деңгейдегі форумдарда бой көрсетіп, «Ақмешіт жастарының» авангардына айналып отырғаны осы жүйелі тәлімгерлік жұмыстың жемісі. Біз оқушыға «мұны істе» демейміз, «бірге істейік» деп бағыттаймыз.
Бүгінгі таңда Сыр жастарына қойылатын талап жоғары. Біздің лицей қабырғасында шыңдалған әрбір «Жас ұлан» – ертеңгі ел тірегі. Тәлімгерлік қызметтің ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Ол – психологиялық қолдау, кәсіби бағдар беру және әлеуметтік бейімделудің біртұтас кешені.
№266 мектеп-лицейінің тәлімгерлері – жас ұрпақтың бойына отаншылдық нәрін егіп, оларды биік белестерге жетелейтін күш. Біздің басты марапатымыз – елінің қамын ойлайтын, білімді де білікті шәкірттеріміздің жарқын болашағы.
Гүлвира АХМЕТ,
№266 мектеп-лицейінің тәлімгері













