Виртуалды бедел: лайк пен шынайы құндылық арасындағы таңдау
XXI ғасыр – ақпарат пен технологияның ғасыры. Қоғамдағы бедел ұғымы да осы өзгерістермен бірге жаңа сипат алды. Бүгінде адамның әлеуметтік ортадағы орны мен танымалдылығы тек шынайы әрекеттермен емес, виртуалды кеңістіктегі белсенділігімен де өлшенеді.Виртуалды бедел – XXI ғасырдың белгісі әрі заманауи өмірдің айнасы. Ол адамдарға өз ойларын, шығармашылықтарын көрсетуге, тәжірибе алмасуға, жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілер арқылы орнаған байланыстар кей жағдайда шынайы өмірдегі мүмкіндіктерден де ауқымды бола бастады. Ал бұл өз кезегінде әрбір адам үшін жаңа тәжірибеге айналады. Осы тұрғыдан алғанда, виртуалды орта жеке дамудың, жаңа идеяларды сынаудың және өз қабілеттерін көрсету жолы бола алады. Алайда әрбір нәрсенің екі ұшы болады. Қазіргі таңда адамның қоғамдағы мәртебесі көбіне лайк пен пікір саны арқылы бағаланатын деңгейге жетті, ал шынайы қатынастар мен сенім көбіне артта қалуда. Әлем ақпарат пен байланыс арқылы бірігіп, өміріміздің басым бөлігі экран артында өтуде.
Бүгінде адамдардың басым көпшілігі өз құндылығын көбіне онлайн ортадағы лайк арқылы өлшейді. Бұл процесс кейде адамды шынайы өзін түсіну жолынан алыстатады. Әлеуметтік желі арқылы адамға «мен маңыздымын» деген жалған иллюзия жасалуда. Бірақ ол шындыққа толық сәйкес келмейді.
Виртуалды беделдің зардабы ретінде адамдардың күнделікті өмірдегі эмоциялық күйзелісі мен өзін төмен бағалауы арқылы көрінеді. Өзге адамдардың «мінсіз» болып көрінетін өмірін бақылау көптеген адамдарда «мен жеткіліксізбін» деген ішкі күйзелісті қалыптастырады. Әсіресе жасөспірімдер мен студенттер арасында бұл үрдіс айқын көрініс табуда. Бұл кезеңде тұлғаның психологиялық қалыптасуы жүретіндіктен, виртуалды бағалауға тәуелділік олардың өзін-өзі тануына кері әсерін тигізеді. Психологтар мұндай тәуелділік күйзеліске, өзіне сенімсіздікке және әлеуметтік тұйықталуға алып келетінін атап өтеді.
Сонымен қатар әлеуметтік желідегі белсенділік, қажетсіз заттармен айналысу уақыттың көп бөлігін алады. Жеке дамуға, шығармашылыққа, спортқа немесе сүйікті ісіңмен айналысуға уақыт азаяды.
Виртуалды әлемге деген тәуелділік танымдық бұрмалануларға әкеп соқтырады. Көріп отырған бейнелер мен жазбалар «идеалды өмір» иллюзиясын қалыптастырады. Ал бұл өз өмірін сол иллюзиямен салыстыруға себеп болады. Мектеп қабырғасындағы оқушылар арасында да виртуалды бәсеке күшейіп келеді. Кімнің фотосы көп лайк жинады, кімнің видеосы трендке шықса, осы өлшемдер кейде білім алу процесіне кері әсерін беріп, адамгершілік пен достықтан жоғары қойылады. Нәтижесінде осы виртуалды өмір шынайы қарым-қатынасқа, отбасы мен достыққа әсер етеді.
Бірақ бұл үрдісті бақылап, өзгерту мүмкін. Алдымен, саналы уақыт бөлу қажет:онлайн және офлайн өмірді тепе-тең ұстау. Бір күннің жартысын экранға емес, жеке істермен айналысуға оқуға, шығармашылықпен айналысуға арнаған жөн.
Екінші маңызды қадам – виртуалды мәртебеден тәуелсіз өзін-өзі бағалау. Лайк пен пікір санына тәуелді болмау –психологиялық тұрақтылықты қалыптастыру.
Үшіншіден, жеке дағдыларға мән беріп, спортпен айналысып, музыка, оқу, волонтерлік сияқты іс-шаралар адамның шынайы беделін қалыптастырады, виртуалды әлем иллюзиядан тыс нақты жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Виртуалды бедел – заман талабы, бірақ ол шынайы өмірдің орнын ешқашан баса алмайды. Лайк пен пікір артындағы өмір иллюзия. Бүгінгі жастарға маңыздысы – шынайы құндылықтар мен өз дамуына инвестиция жасау, әлеуметтік желіде емес, нақты өмірде өз беделін абыройын қалыптастыру. Шынайы бедел – қоғамға қосқан үлесіңде көрінеді.
Виртуалды әлемде танымал болу мүмкін, бірақ шынайы құрмет пен сенім нақты өмірде қалыптасады. Виртуалды әлемді дұрыс пайдалану-қазіргі заманның қажетті дағдысы. Онлайн белсенділік пен шынайы өмір арасындағы баланс әр адамның жеке таңдауы болып қала береді.
Қоғам үшін ең қауіпті үрдістердің бірі – виртуалды беделді шынайы өмірдің басты өлшеміне айналдыру. Өйткені лайк пен уақытша танымалдық өткінші, ал адамдық қасиет пен қоғамға қосқан нақты үлес қана ұзақ мерзімді құндылық болып қала береді. Сол себепті виртуалды әлемді мақсат емес, құрал ретінде қабылдап, шынайы өмірде тұлға болып қалыптасу – бүгінгі ұрпақ алдындағы маңызды міндет.
Мирамкүл ШАМШАЕВА













