Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Виртуалды шындық һәм өткенге оралу

Виртуалды шындық һәм өткенге оралу

Қалалық жерлерге 5D, 6D, 7D, 8D келгенде қатты қуандық. Бұл – виртуалды әлеммен қиял-ғажайыпқа саяхат жасайтын шағын бөлме. 5-10 минуттық кадрда өзің қалаған жанрдағы бейнероликті таңдайсың. Көзге виртуалды көзілдірікті киіп, бір серпіліп қаласың. Ал сол бөлмеге қызықтап келетіндердің қатары қалың еді. Бірақ қазір мұндай виртуалды көзілдірікті екінің-бірі онлайн тапсырыс беріп, үйінен-ақ тамашалай алады.
Айтпағымыз бұл емес. Бірде YouTube-тағы Astana Hub каналынан «Шоқан» қысқаметражды фильмін көзім шалды. Қазіргінің туындысы екенін көріп, соңына дейін көруге бекіндім. Сенесіз бе? Заманауи үлгіде, болашақты бажайлап, құдды техниканың дәуірлеген заманында түсірілген кино секілді. Оқиға желісі мынадай. Шоқан есімді мектеп оқушысы виртуалды сабақтың шынайы екеніне көзі жетеді. Айнала дамыған, тіпті ұшақ тізгіндеп жүрген адамдар. Мектептегі сабақ беру әдісі де өзгеше. Мәселен әр сыныпта 5-6 баладан білім алады. Онда да табиғат аясында. Тарих пәнінің мұғалімі ашаршылық заманы жайында дәріс береді. Оны бала ұғыну үшін әлгі виртуалды көзілдірікті киіп, сол заманға аттанады. Ондағы ата-бабалардың көрген азабы, ашынған, ашыққан бейнелерін қаз-қалпында өз көзімен көріп, өткен тарихқа қанығады. Айтпағымыз, фильмнің желісі өте қызық. Тіпті ойға идея да тастайды.
Жалпы, виртуалды шындықты оқыту дегеніміз не? Осы сауалға тоқталып өтсек. Шетелдерде виртуалды шындық не VR технологияны қолданатын мектеп саны артып келеді. Әрі білім беру жүйесі де қарқынды дамуда. VR студенттерге сыныптан шықпай-ақ бүкіл әлемдегі бағыттарды сезінуге мүмкіндік береді. Мәселен, сол студенттер гиза пирамидаларын өз үстелінде отырып зерттей алатынын елестетіп көріңіз. Ол бір ғана мысал. Әлгінде айтқан түрлі оқиғаны шынайы көріп, таңдай қағуға да болатыны бар. Қош. Көбі VR туралы естігенімен, оның не екенін, оқу мен білім беруде қалай қолданатынын біле бермейді. Сол үшін шетелдік Іmmersion VR сайтындағы мақалаға шолу жасап, ағылшын тілінен аударып отырмыз.
VR көрерменге көріністің 360 градусын зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті мазмұнға (кескіндер, бейнелер) жатады. Онда барлық көріністі көру үшін бейнені шертуге немесе сүйреуге болады. Бұл қалай жұмыс істейді?
360VR деп аталатын VR түрі білім беруде жиі қолданылады. Бұл VR түріндегі нақты орында арнайы камера, жабдықтармен түсіріледі. Кадрлар студияға қайта оралып, VR мазмұнына енеді. Содан кейін VR мазмұнын VR гарнитурасында көруге немесе иммерсивті сыныптар деп аталатын қабырғаларға шығаруға болады. 360VR оқушыны қоршаған әлем туралы білім беру үшін қолданады. Сонымен қатар виртуалды шындық студенттерді шабыттандыратын, қызықтыратын ерекше қабілетке ие. Олар мүмкін емес, жеке бару өте қымбат болатын орындарды сезіне алады. Осылайша, VR мұғалімдер мен мектептерге жаңа мүмкіндік әлемін аша алады. Бұл білім беруді қалай жақсарта алады?
Виртуалды шындық студенттерге есте қаларлық әсер беретін тәжірибе ұсына отырып, білім беруді жақсарта алады. VR әр оқушыға қол жетімді және оны мұғалімдер оңай басқара алады. Білім берудегі VR-дің өсуін, мектептердің оң реакция­сын ескере отырып, VR оны болашақта белгілі бір уақытта оқу бағдарламасына енгізсе, таң қалмас едік. Оқу жоспарына сәйкестендірілген мазмұн және құрылымдық VR сабақ жоспары қазірдің өзінде жасалған, әрі Ұлыбританияда бар. Виртуалды шындықтың студенттерге көмектесе алатын біршама тәсілі бар. Мәселен, оқушылар тәжірибе арқылы жақсы үйренеді. Тәжірибе арқылы білім алуға мүмкіндік береді. Сынып ішіндегі ерекше орындарды көру және сезіну тек VR-ге ғана тән. Бұл өз кезегінде студенттер үшін шабыттанудың таптырмас құралы. Қиял ұшқынын тудырып, шығармашылық ойлауға шақырады. Ол ұсынатын иммерсивті тәжірибенің оқыту жүйесінде теңдесі жоқ. Оқушыларды сыныптан тыс жерге «тасиды». Бұл біз келтірген аз мысал. Оның тиімділігін қазір шетелдік білім беру жүйесі оңтайлы пайдаланып отыр.
Біз де неге оқушыны осындай оқу әдісіне көшірмеске? Әрине, айтуға оңай. Дегенмен цифрланып жатқан жайымыз бар. Бірден емес, бірте-бірте осы технологияға жетеріміз де шүбәсіз. Оған тек еселеп даму мен жүйелі өзгеріс қажет.

А.АЙДАРҚЫЗЫ
22 маусым 2024 ж. 186 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031