Түлектер қара шаңырақта қайта қауышты
Сәрсенбінің сәтінде Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық өнер мектебінде жылы атмосфераға толы жүздесу өтті. Бұл жолы қасиетті қара шаңырақтың төріне былтыр ғана қанат қаққан түлектер, яғни бүгінде түрлі оқу орындарында білімін жалғастырып жүрген студент жастар жиналды. «Өнерге қанат қақтырған – ұлтын ұя мектебім» атты басқосуға студенттермен қатар мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар мен арнайы шақырылған қонақтар да қатысты.Шараның шымылдығы жүрекке жетер әсерлі өлең жолдарымен ашылып, кештің ажарын аша түсті. Басқосу барысында Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшесі, мектеп директоры Сәукен Әліш сөз сөйлеп:
– Қасиетті шаңырақтан бүгінге дейін біршама түлек түлеп ұшып, әрқайсысы әр қиырда шығармашылығын шыңдап, жетістіктерге жетіп жүр. Бірі академиялық білімін жалғастырып жатса, ал енді бірі өнерімен көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген. Түрлі додаларда топ жарып, аудан абыройын, қала берді елдің атын асқақтатып жүрген жастарымыз да жетерлік. Біз мәртебімізді асырған әр түлектің жетістігімен мақтанамыз. Бүгінгі жылы жүздесу түлектер бас қосуының игі бастамасы. Өнердің қара шаңырағына келіп, ұстаздарын ұмытпаған жастарға ризашылығыымды білдіремін. Шығармашылыққа қадам басқан әрбіріңізге өнерлеріңіз өрістесін! – деп мектепке сағынышпен бас сұққан студенттерге алғыс айтты.
Жылылыққа толы жүздесу әсерлі сәттерге ұласып, бүгінде сырт қалада білім алып, өнерін шыңдап жүрген шәкірттердің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Кеш барысында Хамза Бекжан, Аяжан Аймағанбетова, Ақберен Аралбай, Бағлан Елубай, Алмазия Көптілеуова, Балауса Мылтықбай, Нұрай Дайрабай, Перизат Бақытжан, Мейрам Қалмырзаев, Перизат Бақытжан сахна төріне шығып, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.
Домбыраның қос ішегінен сарнаған күй мен күйсандықтан шыққан сырлы саз, баянның түймелерінен төгілген әуен көрерменнің жанын тербетіп, көңілін көтерді. Мың бұрала билеген бишілер сахнаның сәнін келтірсе, терме толғаған өнерпаздардың үні тыңдарманды ұлттық рухтың қайнарына қандыра түсті. Ал гитарасын серік еткен Саят Ильясов пен Ақтілек Асановтардың шығармасы жұртшылықты шаттыққа бөледі.
«Оқушы кездерден естелік» атты айдары аясында студенттер осы өнер ордасында орын алған қызықты сәттерімен бөлісіп, өткен күндерге саяхат жасап, қанатын қомдаған ұстаздарына алғысын білдірді.
Содан соң өнер мектебінде оқып, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып жүрген Алтынбек Керімбек пен Алина Жалғасбекқызы де студент аға-әпкелерінен қалыспай, өз өнерін ортаға салды.
Басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз алып, талапты жастарға сәттілік тіледі.
– Қазалы – Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Кеңес Дүйсекеев сынды талантты жандарды тудырып, өнермен түлеткен қасиетті топырақ. Бүгінде сол дара дарындардың жолын кейінгі буын жолын жалғап, ауданымыздың мәдени өмірін жандандыруда. Өнерді өмірінің басты бағытына айналдырған жас ұрпақтың талпынысы ерекше қуантады. Аудан әкімінің атынан өнерге адал қызмет етіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген қасиетті шаңырақ Қорқыт ата атындағы өнер мектебіне, осында түлеп ұшқан түлектерге, білім алып жатқан жастарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздерге шығармашылық табыс, жаңа белестер мен биік жетістіктер тілейміз, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Сондай-ақ Мәдениет саласының үздігі, мектеп түлегі Арман Әуез де сөз сөйлеп, өнер жолын қуған жастарға ақ тілегін арнап, батасын берді.
Шараның негізгі бөлігі аяқталған соң, студент жастар биылғы мектеп бітіруші талапкерлермен еркін пікір алаңына жиналды. Сол жерде студенттер өздерінің оқу үдерісі мен студенттік өмір туралы ойларын, тәжірибелерімен бөлісе отырып, болашақ түлектерге пайдалы әрі қызықты ақпараттар ұсынды.
Осылайша, өнерлі өрендерді бір шаңырақ астына топтастырып, мектеппен байланысты нығайтуды көздеген шара өз мәресіне жетті. Бұл басқосу ұрпақтар арасындағы сабақтастықты бекемдеп, өнерге құштар жастардың қатарын жаңа буынмен толықтыратыны анық. Соның нәтижесінде шығармашылық орта жанданып, өнер жолындағы өріс кеңейе түспек.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














