Қар суынан тазартылуда
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі ауданда күн райының күрт жылынуына байланысты еріген қар мен жауын-шашын суынан көшелерді тазарту жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде деп хабарлайды. Табиғи құбылыстар салдарынан жиналған судың тұрғындарға қолайсыздық туғызбауы және көлік қозғалысының үздіксіз қамтамасыз етілуі мақсатында аудан көлемінде кешенді шаралар қолға алынған.Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тікелей тапсырмасына сәйкес Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында жаяу жүргіншілер жолдары, орталық және ішкі көшелер, сондай-ақ халық көп шоғырланатын әлеуметтік нысандардың маңайы еріген қар мен жаңбыр суынан тазартылуда. Бұл жұмыстарға арнайы техника мен жұмысшы күші жұмылдырылып, су сору құрылғылары арқылы жолдардағы жиналған су шығарылуда.
Көшелерді тазарту барысында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасау басты назарға алынған. Әсіресе мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен қоғамдық орындарға апаратын жолдарда тазалау жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.
Аудан әкімі тазалау жұмыстарының барысын арнайы аралап көріп, кент әкіміне және жауапты мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, су жиналуы мүмкін учаскелерді дер кезінде анықтап, қосымша техника тарту, тазалау жұмыстарын үздіксіз жүргізу және тұрғындар тарапынан түсетін өтініш-шағымдарға жедел әрекет ету қажеттігін ескертті.
Қазіргі таңда аталған жұмыстарға коммуналдық қызметтер мен тиісті бөлімдер толықтай жұмылдырылған. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету, сондай-ақ жол инфрақұрылымын сақтап қалу бағытындағы шаралар алдағы күндері де жоспарға сәйкес жалғасын табатын болады.














