Руханият шырақшысы
Қазалы ауданындағы Лақалы ауылы – бай рухани дәстүрді сақтап, мәдениеті мен өнері сабақтасқан шежірелі қоныс. Ауылдың мәдени кеңістігі жергілікті тұрғындардың тұрмысы, салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті және өнерге деген құрметімен тығыз байланысты. Мұндағы мәдени өмірдің мәйегі – мәдениет үйі. Осынау ауқымды жұмыстарды ұйымдастыруда ұлт игілігі жолында тер төгіп келе жатқан өнер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің үлкен еңбегі жататыны белгілі. Сондай жанның бірі – Айнұр Әлімбаева.Лақалыны көпшілік «лағылдар мекені» деп атайды. Жөнсіз емес. Шағын елді мекеннен ел өнерінің биігіне жеткен талай шоғыр шыққан. Даңқы арғысы Халықаралық өнер сүйер қауым, Одаққа, берісі Республика мен аймаққа жеткен өнер иелері мұнда көптеп кездеседі. Бұл дәстүрлі сабақтастық ешқашан тінін үзбеген.
2025 жылы клубта «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының 7 бағыты аясында 74 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 1573 көрерменнің рухани сұранысы қамтылған. Мейрімхан Мақсатбай басқаратын ауылдық клубы жұмысы «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалі аясында клуб «Үздік ауылдық клуб» номинациясы бойынша өз жұмысын абыроймен қорғап, ел көлеміндегі мәдени ұйымдар арасында танылған.
2025 жылы клуб өнерпаздары 36 байқауға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Олардың он жетісі аудандық, екеуі амақтық, он үші облыстық, үшеуі Республикалық болса, қоржында бір Халықаралық жүлде де бар екен.
Өткен жылдың Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен «Тілегіміз – бейбіт күн» атты облыстық майдан әндерін орындаушылар байқауы көпшілікті сүйсіндірген.
Айнұр Мейрамбайқызы – мәдениет саласының білікті маманы.
Бозкөл ауылында дүниеге келген ол Лақалы ауылдық клубында көркемдік жетекші қызметін жемісті атқарып келеді. Көркемдік жетекші – өткізілетін әрбір мәдени іс-шараның мазмұнды да мағыналы өтуіне тың серпін беріп, шығармашылық үдерістің барлық қырын жетік меңгеруді талап ететін жұмыс. Жоғарыда аталған жұмыстардың әрбірінде Айнұрдың қолтаңбасы мен үлкен ізденісі бар.
Қазіргі таңда Лақалы ауылының мәдени кеңістігі заманауи бағытта да дамып келеді. Әлеуметтік желілер арқылы ауыл өмірі, мәдени шаралар, тарихи деректер кеңінен насихатталып, ауыл мәдениеті жаңа форматта көпшілікке ұсынылуда. Мәдени-көпшілік шараны ұйымдастырумен бірге уақыт талабына оларды өз уақытында әлеуметтік желідегі Лақалы ауылдық клубының ресми парақшасында тұрақты түрде жариялануы жеделдік пен жауапкершіліктің көрінісі. Дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді тоғысуының көрінісі. Бұл бағытта А.Әлімбаева жүргізетін парақша белсенді. Әрбір фото-бейнематериалдар арқылы көпшілікке жол тартқан, тұрақты жасалатын апталық шолуды көретіндер қатары қалың.
«Бұл әдіс ауыл мәдениетін ашық көрсетудің, көрерменмен кері байланысты нығайтудың маңызды тетігіне айналды», – дейді кейіпкеріміз. Әлеуметтік парақшаны ауыл адамдары, осы жерден шыққан түлектерден бөлек, қызығушылық танытып, тәжірибесін алуға қарайтындар да барын білдік.
Клуб ғимаратындағы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы жобасы аясында дайындалған заманауи безендірілген стенд ұлттық нақыш пен қазіргі заман эстетикасын ұштастырған мазмұндық жағынан байытылып, көрерменнің назарын бірден аударатындай көркем тәсілдермен жасақталған. Жаңашыл қадам мәдени кеңістіктің ішкі келбетін жаңғыртып, жобаның мән-маңызын нақты көрсете білген.
Айнұр ұйымдастырған Республикалық деңгейде мойындалған еңбек «Менің алғашқы кітабым» әдеби-шығармашылық кеші. «Әлем Book» бағыты аясында, «Зейін» оқырмандар клубының қатысуымен өткен бұл кеш балалардың сөз өнеріне деген қызығушылығын оятып, шығармашылық сенімін нығайтқан. Бастама аясында ауылдағы жас қаламгерлердің шығармалары бір жинаққа топтастырылып, «Менің алғашқы кітабым» атты кітап жарық көрген. Іс Айнұр Мейрамбайқызын көптен қызықтырып жүрген ой жемісі.Себебі ақындық қабілеті – оның рухани болмысының айқын көрінісі. Өлеңдері арқылы туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты дәріптеп, мәдени іс-шараларға ерекше көркемдік, терең мазмұн беретені ол әрбір мерекелік кеш пен рухани жиын оның шығармашылық қабілетімен қырланып тұрады. Мектеп кезінен әдебиетке бейім қыз ақындық қабілетімен танылып, бағыдырған белесі жетерлік. Оның қаламынан туған «Сыр – Анашым», «Ғани аға», «Егемен елім, Қазақстан», «Жан Аға», «Қыс қызығы» секілді әндер тыңдарман жүрегінен жол тапқан. 2025 жылы облыстық «Киелі мекен – Қармақшым» атты байқауында мәтінін жазған «Қармақшы Елім» әні жүлделі екінші орын иеленді.
Үйірмелер – мәдениеттің тірек өзегі. Клуб жанында 6 үйірме тұрақты жұмыс істеп, жыл ішінде 288 үйірме сабағы өткізілген. Бұл үйірмелер балалар мен жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, қабілетін шыңдайтын рухани ортаға айналған.
Лақалы ауылдық клубының мәдени-үгіт бригадасы – ауыл тұрғындарының рухани-мәдени өмірін жандандырып, мемлекеттік бастамалар мен қоғамдық маңызды мәселелерді насихаттауға арналған шығармашылық ұжым. 7 өнерпаздан тұратын ұжымның жетекшісі де Айнұр Әлімбаева.
2025 жылы клуб балалар үшін 19 шара өткізген. Әрбірі балалық шақтың бал дәуренін байытатын, шығармашылық пен рухани құндылыққа баулитын ерекше сәт болған.
Ұлттық дәстүрлерді дәріптеген «Дәстүрді жаңғыртып, салтымызды ұлықтайық», «Сүйінші» ғұрпы балаларға ата-бабалардың еңбек әдістерін үйретіп, қазақ халқының жомарттығын сездірген. Бұүдан бөлек қолөнершілер шеберлерін шыңдау үйірмесі, ауылдағы өнерлі жандардың өнегесін жастарға үлгі ету арқылы қол жеткізген табыс та қомақты.
Айнұр Әлімбаеваның кәсіби шеберлігін ие болған түрлі мақтау марапаттардан байқауға болады.
2015 жылы XI «Бозторғай байқауында көркемсөз жанры бойынша шәкірті «Бас жүлде» алғаны үшін «Кәсіби біліктілігі үшін» дипломын иеленген.
2019 жылы «Талантты жастар» республикалық өнер байқауына жоғары дәрежеде шәкірт тәрбиелегені үшін «Үздік жетекші», «Мәдени мұра» облыстық өнер байқауы орталығының «Құрмет грамотасы», «Бейбітшілік әлемі» халықаралық өнер фестивалінің «Жас дарын Art Kazakhstan» республикалық байқауының, 2020 жылы облыс әкімі Қ.Ысқақовтан Алғыс хатын, 2022 жылы «Бала өмір – балдәурен» атты сценарийстердің облыстық байқауында үшінші орын алған.2022 жылы «Жеті Өнер» шығармашылығынан Алғыс хатқа қол жеткізсе, 2023 жылы «Манап салған ізбенен» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлері байқауынан шәкірті «Бас жүлдеге» ие болған. 2023 жылы «Егемен елімнің ертеңімін» атты II республикалық рухани-патриоттық байқауының Алғыс хат, 2024 жылы «Ұлы дала әуені» атты республикалық рухани-патриоттық конурсына қатыстырған шәкірттері жүлделі орын алғандары үшін «Үздік педагог» дипломына иеленген. 2024 жылы Республикалық «Жұлдызды сәт» балалар шығармашылығы байқауына балалардың дамуы мен шығармашылық үстінде қосқан үлесі де еленеді.
2025 жылы «Қазақстан салалық мәдениет,спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталған.
Мәдениет — материалдық емес жәдігер. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізушілерге артылар жүк жеңіл емес. Ұлттық рух пен салт-дәстүрдің сарқылмас қазынасысын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап жүрген Айнұр Әлімбаева – ел мәдениетінің жанашыры, өнер мен тарихты қатар өрген жан.
Өнерлі әулеттің келіні ретінде ұлттық құндылықты бойына сіңіріп өскен ол ауылдың мәдени-тарихи мұраларын жинақтап, жүйелеуді өмірлік мұратына айналдырған. Көнекөз қариялардан естіген шежіре, ескі жәдігерлер, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер – бәрі де оның ізденісінің нәтижесінде қайта жаңғырып келеді.
Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман іс-шараларды тың идеямен, заман талабына сай форматта өткізіп, көрерменнің қызығушылығын оята біледі.
Осындай жан-жақты еңбегімен ол ауыл мәдениетінің дамуына серпін беріп, ұлттық руханияттың алтын арқауына айналып отырған кейіпкеріміздің ісінен елге қызмет ету – оның басты ұстанымы, ал мәдениет – жүрек таңдауы екенін ұғындық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













