Кәсіпкерлікке қолдау кең
Өз ісін бастап, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтар үшін алғашқы қадам әрдайым күрделі келеді. Жаңадан іс бастаған жанға заңдағы өзгерістерді қадағалап отыру, құжат рәсімдеу, қаржы табу, салық төлеу тәртібін білу – біраз машақат. Бұл кезең – тек идея мен ниетке емес, нақты қолдауға зәру сәт.Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар ұсынылғанымен, оны әр кәсіпкердің терең түсініп, дұрыс пайдалана білу де бөлек мәселе.
Мысалы, жеңілдетілген несие алу жолдары, субсидия рәсімдеудің тәртібі, салықтық жеңілдіктер жайлы толық әрі нақты ақпаратты дер кезінде алу – кәсібінің өрге басуына әсер етеді. Осы тұста "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарып отырған жұмысы айрықша. Ол билік пен бизнес арасындағы дәнекер ғана емес, кәсіпкерлердің сенімді серігіне айналған алаң. Онда олар кәсіп иелеріне кеңес береді, бағыт-бағдар көрсетеді, құқықтарын қорғайды. Аудан деңгейінде де бұл саланың қарқыны қуантады.
Бүгінде өңірімізде өнімін тек облыс емес, республика аумағына, тіпті шетелге дейін жеткізіп отырған кәсіпкерлік нысандар бар. Олар ауданның әлеуетін арттырып қана қоймай, жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына үлес қосып отырған тірек күшке айналып келеді.
Осы тұста көкейде туындайтын заңды сауал – аудандық кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнес өкілдеріне қандай қолдау көрсетіп отыр? Бұл сауалға жауап алу мақсатында біз Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалының директоры Маржан Кимге хабарластық.
Филиал басшысы Маржан Кимнің айтуынша, Қазалы ауданындағы кәсіпкерлер палатасы өңірдегі бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіби кеңес беру және экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Палата кәсіп иелерін бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, олардың бизнесін ілгерілетуге нақты қолдау білдіруде.
2025 жылдың өзінде аудандық филиал 402 тұрғынға 1206 қызмет түрін көрсеткен. Соның ішінде кәсіпкерлерді сүйемелдеу шеңберінде 205 бизнес-жоспар әзірленіп, 57 кәсіпкерге несие рәсімдеуге жәрдем көрсетілген. Бұдан бөлек, 146 кәсіпкерге қайтарымсыз гранттар бойынша электронды қызметтер ұсынылған.
Аудан кәсіпкерлері республикалық жобаларға да белсенді қатысып келеді. Мәселен, «Қазақстанның үздік тауары – 2025» жобасына 6 кәсіпкер қатысып, өнімдерін көпшілікке ұсынған. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 5 кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, қолдау тапқан. «Үздік ұлттық өнім» номинациясында «Қазалы ағаш бұйымдары» кәсіпорны марапатқа ие болды. Сонымен қатар 19 кәсіпкердің өнімі отандық тауар өндірушілер каталогына енгізілген.
– Шыны керек, біздің филиал тек аудан кәсіпкерлігінің дамуына ғана емес, оның тұрақты өркендеуіне де өз үлесін қосып келеді. Бизнес бастаған жандардың тәй-тәй басқан алғашқы қадамынан бастап, ісінің ілгерілеуіне дейін жан-жақты қолдау көрсетеміз. Мәселен, ақпараттық қолдау аясында 4 кәсіпкер пайдалы подкасттарға қатысып, 3 кәсіпкер бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді. Сонымен қатар жергілікті басылым беттерінде 2 мақала жарияланып, теледидардан 2 репортаж көрсетілді. Несін жасырайық, филиалдың ақпараттық сүйемелдеуі кәсіпкерлік нысандардың өнімін көпшілікке таныстыруға, клиенттік сенім мен сұранысты арттыруға сеп болуда. Нәтижесінде, кәсіп иелері тек табыс тауып қана қоймай, өз бренді мен беделін қалыптастыруға мүмкіндік алып отыр, – дейді филиал директоры Маржан Ким.
Маржан Жүгерібайқызының сөзіне сенсек, жыл басынан бері ауданда оқушылардың кәсіптік бағдарын қалыптастыру, еңбекке деген қызығушылығын арттыру бағытында бірқатар маңызды іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, мектеп оқушылары өндірістік нысандарды аралап, түрлі саланың мамандарымен жүздесіп, нақты жұмыс үдерісін көзбен көріп, көңілге түйді.
"Мұндай тәжірибе жас буынның болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына, еңбекке құрметпен қарауына жол ашады" дейді ол.
Сонымен қатар аудандық кеңес мүшелерінің қатысуымен «ШАБЫТ. ЖЕТІСТІК. ТАБЫС» тақырыбында жас кәсіпкерлер, студенттер және оқушылар арасында тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында «кәсіпкер» ұғымының мағынасы кеңінен ашылып, кеңес мүшелері кәсіпкерлік жолында кезіккен қиындықтар мен оларды еңсеру жолдарын өз өмірлік тәжірибелері арқылы түсіндірді. Кездесудің келесі бөлімінде қатысушылар аудан үшін маңызды өндірістік бағыттар бойынша жобаларын қорғап, өз идеяларын ортаға салды. Нәтижесінде, үздік деп танылған жобалар марапатталып, авторларына бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен бірге шұжық өнімдерін дайындауға арналған шеберлік сағаты өткізілді. Бұл іс-шараға көпбалалы аналар белсенді қатысып, тағам өнімдерін дайындаудың технологиясы мен қыр-сырын үйренді. Практикалық бағыттағы бұл сабақтар қатысушылардың қызығушылығын оятып, жаңа кәсіпке алғашқы қадамын жасауға серпін берді. Шеберлік сағатының соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлікке баулуға, тәжірибе алмасуға және әлеуметтік белсенділікті арттыруға бағытталған, әрі қоғамның осал топтары үшін маңызды қолдау тетігіне айналуда.
Байқағанымыздай, аудандық кәсіпкерлер палатасы бизнесті дамытуға қажетті сервистік және ақпараттық қолдауды жүйелі түрде ұсынып, кәсіпкерлердің бастамаларын нақты нәтижеге жеткізуге ықпал етуде. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды ілгерілету, жұмыссыздықты азайту, ұлттық өнімдер мен брендтерді қалыптастыру – палата жұмысының басым бағыттарының бірі ретінде қолға алынған. Бұл шаралар тек кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беріп отыр.
А. ЖҮСІПОВА
Коллаж жасаған Айнұр Әли














