Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнестің сенімді серіктесі

Ел экономикасының ілгері басуына шағын және орта бизнес түрлері ерекше рөл атқарады. Елде осы қос кәсіп түріне бірнеше жылдан бері баса мән беріліп, «Бастау бизнес» сынды түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді. Сол бағдарламаларға қатысуға ниетті жанға бағыт-бағдар беріп, кәсіпкерлігін айқындайтын сертификатты лайықты оқып шығуы мен кәсіпкерлердің құқықтары және заңды мүдделерін қорғау сияқты істерде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы бизнестің сенімді серіктесіне айналған.
Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған.
Шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғаумен қоса өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, оның қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ палатаның негізгі бағыттарының бірі – қызметі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, елде ұлттық, шетел инвесторларының бизнес жүргізуіне қолайлы жағдайларды дамыту болып табылады.
Бұл тұрғыдан Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы «Жергілікті жерде кәсібінен нәпақасын тауып жүргендерге қаншалықты көмектесіп жүр?» деген сауалдың жауабын алмақ мақсатта филиал басшысы Маржан Кимға жолыққан едік.
– Аудандық кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, мемлекеттік бағдарламаларға тікелей қатысу, әкімшілік кедергілерді анықтау, кәсіпкерлік субъектілері мен билік өкілдері және мемлекеттік органдар арасында еркін диалог құруды ұйымдастыру болып табылады. Ауданда «Бір терезе» қағидасы аясында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы өз дәрежесінде жұмыс жасауда. Біз де аудандық және облыстық деңгейде ісін жаңа бастаушы, сондай-ақ жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге тегін сервистік қызметтер, несие алуға сүйемелдеу мен түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кеңестер беріледі. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1621 жанға кеңес беріліп, 150 бизнес жоспар жазылып, сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мен бизнеске жаңа қадам басып, керекті кеңесін іздеген жандарға орталық есігі әрдайым ашық, – дейді Маржан Жігерқызы.
Аудан орталығында 2014 жылы қоныс тепкен кәсіпкерлік палата филиалы сегіз жылдан бері көптеген істер атқарып, кәсіпкерлердің көзін ашып келеді. Орталықтан кеңес алып, «Бастау бизнес» гранты жеңімпаздарының бірі атанған жас кәсіпкер – Талант Жанназар.
– Кәсіпкерлік палатасына жүгіне отырып, арнайы сертификатты оқып, «Бизнес бастау» бағдарламасы грантының жеңімпазы атандым. Тиісті қаражатты алып, жоспарыма сәйкес төрт сиыр сатып алдым. Қазіргі таңда Зеңгі баба пір болған жануардан сүт пен құрт-майымды алып, азын-аулақ нәпақамды тауып жүрмін. Кәсібімді әрі қарай дамытып, өркендету мақсатында алдағы уақытта кәсіпкерлік палатасына жолығып, тағы да тиісті кеңестерді алып, басқа бағдарламаларда бағымды сынап көрсем деймін. Осындай кәсіп бастауға ниетті жандарға қол ұшын созып, ақыл-кеңес берер палаталық кеңесшілерге алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер.
Дамыған елдерде экономиканың қомақты бөлігін кәсіпкерлік құрайды. Сондықтан біздің елімізде де шағын және орта бизнестің қанат жаюына жағдай жасап, табысты саланың өркендеуіне айрықша көңіл бөлуде. Осы орайда, бәсекелестікке қабілетті елдердің қатарынан көрінуіміз үшін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әлі де қосар үлесі зор деуге болады.

Серік АҚМЫРЗА
24 қаңтар 2023 ж. 229 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 82

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 83

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 68

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930