Қазалы ауданы жылды қорытындыланды
Санаулы сәттерден кейін жаңа жылға қадам басып, тағы бір жыл тарих қойнауына енгелі отыр. 2024 жыл – қазыналы Қазалы ауданы үшін берекелі де табысқа толы жыл болды.
Бүгін жылдың қорытындысына байланысты Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында қорытынды шара өтіп, жыл үздіктері марапат биігінен көрінді. Салтанатты шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов арнайы келіп, қатысты.
Қорытынды шарада аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, биылғы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
- Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын!
2024 жыл Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы ауданы үшін бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады.
Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты.
Өткен жылы аудан бюджеті 13,6 млрд. теңгені құраса, биылғы жылдың 11 айының қорытындысымен 18,6 млрд. теңгеге жетіп, аудан бюджеті 40 пайызға жуық өсті.
Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп пен аудан орталығында «Руханият» орталығы салынуда. Әйтеке би кентінде 148 отбасыға жаңа баспана кілті табысталды. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы 7 шақырымды құрайтын 4 жолақты жол пайдалануға берілді. Сондай-ақ Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб, Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен қоса аудан орталығындағы аудандық прокуратура ғимараты мен Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы толықтай аяқталды. Әрине, жыл көлемінде қол жеткізген бұл жетістіктеріміздің барлығына – туған жеріне жанашыр әрбір азамттың еселі еңбегінің жемісі деп білемін, – деді аудан басшысы.
Мерекелік іс-шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді.
Қазалы теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Көрпебавқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және «Жылу ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижановқа ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагері Алмагүл Қаржаубаеваға «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Сондай-ақ шарада әрбір салада жемісте еңбек еткен жыл үздіктері марапатталып, бірқатар азаматтар Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен», облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Түрлі салада ауданымыздың дамуына үлес қосқан азаматтардың, еңбек адамдарының мерейі тасыған кеште аудан өнерпаздары жиылғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, салтанатты шараның көркін кіргізді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі