Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлы бастама
Қазір қай мәдениет үйіне, ауылдық клубқа барсаңыз да нысан сыртында «Адал адам» деген жазуды байқайсыз. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұжырымдамасымен жүзеге асты. Идеясы – әділеттіліктің тірегі іспетті. Атауы айтып тұрғандай, бұл өскелең ұрпақ тәрбиесін, оның рухани дамуын, ұлттық сана мен патриотизмді нығайтуды бірінші орынға қояды. Мемлекет басшысының тұжырымдамасы негізінде аймақта былтырғы жыл басынан бастап осы жоба бастау алған еді. Оның ішінде биыл Қазалы қалалық мәдениет үйінің жыл бойы атқарған жұмыстары жетерлік. Жоспарлары айқын.Жалпы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы жобасы Қызылорда облысының мәдениет үйлері мен клубтарында сәтті жүзеге асырылып, қоғамның рухани және мәдени өмірінде ерекше орын алуда.
Осы орайда қалалық мәдениет үйінде жүзеге асырылып жатқан «Адал адам» жобасының жеті бағыты аясындағы іс-шаралар қала тұрғындарының мәдени және рухани дамуына елеулі үлесін қосуда.
Сала мамандарының айтуынша, «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «Сұхбат ТIМE» жобасы жиі жүзеге асып отырады. Мұнда түрлі қоғамда орын алып жатқан мәселелерге байланысты дөңгелек үстелдер өткізіледі. Сонымен қатар «ART уақыт» аясында «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» «Ғибрат» әжелер мектебінің 1 жылдық концерттік бағдарламасы өткізілді. Қазалы қалалық әйелдер кеңесі мен қалалық мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен «Ғибрат» әжелер мектебі құрылған болатын. Мақсат – әжелер мектебі тәлім-тәрбие, өнегелі іспен, концерттік бағдарламалар, қайырымдылық акциялар ұйымдастырып, кейінгі қыз-келіншектерге қазақтың салт-дәстүрін үйретіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау.
«ART уақыт» аясында Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты, «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» Кеңес Асанбаевтың 85 жылдығына «Қазалы дауысы» атты аудандық вокалды топтар байқауы өтакізіліпті. Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Кеңес Асанбаевтың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихатталды. Жастардың шығармашылық мүмкіндігін ашып, танылмай жүрген жас таланттарды тауып, вокалды топтардың көбеюуіне ықпал жасалды. Байқауға Әуез Арман Махамбетұлы – «Мәдениет саласының үздігі», Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты, музыкант, қазылар алқасының төрағасы болып бекітілді. Қазылар алқасының мүшелері Абылхайыр Ыбраймов – Мәдениет саласының ардагері, Шәрбат Мұхиядинқызы – Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының қызметкері және Қорқыт-ата атындағы балалар музыка мектебінің оқытушы Серік Отаралиев болды.
Мәдениет саласында көп жыл еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» және «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, «Сая» вокалды-аспапты Ильясовтар жанұялық ансамблінің жетекшісі, әнші, музыкант, Қайрат Әлменбетұлының «Өмір. Өнер. Әуен» атты шығармашылық кеші өткізілді. «Мәдениет пен өнер қызметкерлері» күніне орай «Өнерім – өмірім» атты салтанатты жиын және «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінінің концерті өткізілді.
Жоба аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы, Бекарыстан бидің 260 жылдығы, Ақтан Батырдың 255 жылдығына орай өткізілетін «Келтірген сырдың ажарын, Қасиетті Қазалым» атты гала концерт тұрғындарға керемет көңіл-күй сыйлады. «АRT уақыт» жобасы аясында Ұлттық домбыра күні мен күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Домбыра – дастан» атты термешілер мен күйшілердің және Елорда күніне орай «Еңселі елім – байтағым» атты концерт, «Әнші балапан» атты жасөспірімдер мен балалар шығармашылығын дамытуға арналған байқау өткізілді. Қызылорда қаласының астана болғанына – 100 жыл толуына орай «Әнім сенсің – Қызылорда» атты вокалды аспапты ансамбльдердің облыстық фестивалі өткізілді. Фестивальдің мақсаты вокалды-аспапты ансамбльдерді және әнші-музыканттарды халықпен таныстырып, көрермен көзайымына айналған өнер ұжымдарын ән сүйер қауыммен қайта қауыштыру. Әсем әндер мен жасампаз шығармаларды вокалды аспапты ансамбльдердің орындауында көрермен назарына ұсыну. Фестивальге қатысуышы ансамбльдерге Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы алғыс хат пен сый-сыяпаттар тапсырды. «Жақсы көңіл-күй жан азығы» атты қайырымдылық концерті өткізілді. Қайырымдылық концертке қалалық мәдениет Үйі жанындағы «Ғибрат» әжелер мектебінің мүшелері Жаңабике Ибайдуллаева, Бақыт Бәйтілепқызы, аудандық байқаулардан жеңімпаздары атанып жүрген Садуақас Құтеке, ақын Өмірбек Күлімбетов пен мәдениет Үйінің көркемөнерпаздары қатысып өнер көрсетті. Мақсаты – адамдар арасындағы сыйластық пен пейілділік, жанашырлық, имандылық пен инабаттылыққа тәрбиелеу.
Қарттар күні мен Бекарыстан би Амалдықұлының 260 жылдығана орай «Ақтілеуі атаның, орны бөлек батаның» атты аудандық ақсақалдар арасында байқау ұйымдастырылды. 25 қазан – Қазақстан Республика күні орай «Қазақстан – туған жерім, мақтанышым» атты театрландырылған қойылым, салтанатты жиын, мерекелік концерт және «Мен елімді сүйемін» атты сурет көрмесі, «Әнім сенсің, Туған ел» атты аудан, қала көркемөнерпаздарының концерті өткізілді.
«Сұхбат ТІМЕ» аясында ақын, прозик, сатирик Асқар Тоқмағамбетовтың 120 жылдығына орай «Әсем үн, маржан сөз» атты аудандық жүргізушілер байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты – ақын, прозик, сатирик Асқар Тоқмағамбетовтың өмірі мен шығармашылығын насихаттай отырып, жас таланттардың шабытына шабыт қосып, аудандық, қалалық және ауылдық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлерінің қызметіне түрлі конкурс, байқаулар өткізуде тәжірибе алмасу, көмекші құрал ретінде қазіргі уақыт талабына сай тың идеялармен көркемдеу, соған бейімделуіне зор ықпал ету. Байқауға 17 талапкер қатысты. Сонымен қатар осы «Сұхбат ТІМЕ» аясында «Невада-Семей» ядролық сынақ полигонына қатысып, зардап шеккен азаматтарға арналған «Қасірет пен тағдыр» атты кездесу кеші өткізілді. Ассамблеяның 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай «Жылы лебіз – жан тебірентер» атты ұлт өкілдерінің ұрпақтарымен кездесті.
Ал «Креативті хабар» аясында «Қошқар мен теке» атты балалар ертегісі өткізілді. Мақсат – балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және ақылы қызмет жоспарын орындау. Хабар жобасы бойынша «Наурызнама» он күндігі аясында «Бір жасыңмен» атты қала көлеміндегі мәдени ұжымдар арасында көрісу күні де ұйымдастырылыпты. Іс-шараға Ғ.Мұратбаев мемориалдық музей ұжымы, қалалық кітапхана мен қалалық балалар кітапхана қызметкерлері қатысқан. Бұл жобада қазақ дәстүрлері жас ұрпаққа насихатталды.
Сонымен бірге он күндікке орай «Жақыныңа қамқор бол» атты қайырымдылық шарасы өткізілді. Креатив десе, креатив-ау, дәл осы жоба аясында «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты ұлттық киім күні өткізіліпті. Халықаралық театр күніне орай Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» атты пьесасы көрерменге көрсетілді. Виктор Арловтың «Алтын балапан» балалар ертегісі Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп пен №1 «Ақерке» бөбекжай балабақшасы бүлдіршіндеріне қойылып, ақылы қызмет жоспарын орындады. «Бар мейріміміз балаларға» атты балаларға арналған түрлі ойын-сауық кеші мен «Балалар әлемі» атты асфальтқа сурет салу өнері өткізілді. Сонымен қатар клоун әзілкеші балалармен жұмыс жасап, флешмоб биленді. Асфальтқа сурет салу өнеріне қатысқан балақайларға сый-сыяпат ретінде мектеп құралдары табысталды.
«Жанұя шуағы» жобасы аясында «Абысын тату болса...» атты қала көлеміндегі мекемелер арасында абысын мен келін жұптық сайысы өткізілді. Мұнда қазақтың әдет-ғұрпын құрметтеп, салт-дәстүрін берік ұстанған инабатты, ибалы қазақ келіндерінің әдебін жас ұрпаққа насихаттау басты орынға қойылды.
Қалалық мәдениет үйі мен «Нұралы» мешіті бірлесіп, «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «Сұхбат ТІМЕ» аясында, шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1155 жылдығына орай «Иманның нұры исламда» атты жасөспірімдер арасында аудандық құран оқушылаар сайысын ұйымдастырды. Шығыстың шынары, Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың өмірден өткен күніне орай «Мәңгілік жас – Ғани» атты еске алу іс-шарасы өткізілді. Ғ.Мұратбаевтың өмірін жас ұрпаққа таныта отырып, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу басты межеде болды. «Ескерткіштер елге мұра, ұрпаққа аманат» атты тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне орай тарихи-танымдық іс-шара өтті.
Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, 7 мамыр Отан қорғаушылар күні, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай аудандық «Жігіттің төресі» байқауы өткізілді. «Майдангер саған мың тағзым» атты театрландырылған қойылым, салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
«Әлем ВООК» аясында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Халық жазушысы, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің туғанына – 90 жыл толуына орай «Қазақ дейтін халықтың баласымын» атты әдеби-сазды кеші өткізілді. Мақсаты – оқырмандарға Тұманбай Молдағалиевтың ақындық талантын өскелең ұрпақ жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүюге, оны бағалай білуге, сыршыл да шыншыл ақын өлеңдерінің мәні мен маңызына үңілдіру, рухани танымын кеңейту еді. Жоба аясында қазақ поэзиясына елеулі үлес қосқан, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Қазалы ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз, ақын Әнес Нарымбетовтың туғанына – 95 жыл толуына орай «Жыр жақұтын тербеткен» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізілген.
«Кино ТІМЕ» жобасы аясында, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін «Мұзбалақ» мультигі көрсетілген. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін мақсатында Ернар Нұрғалиевтің «Еркебай» балаларға арналған киносы көрсетіліпті. «Арыстан патшалығы», Бердібек Соқбақбаевтың «Менің атым Қожа» балаларға арналған киносы, «Ғажайып саяхат» атты балаларға арналған мультигі, Абдулла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» атты балаларға арналған киносы балаларды елітіп әкетті. Жобасы аясында патриоттық фильмдер апталығына орай «Дос Мұқасан» фильмі бастауыш сынып оқушыларына көрсетілсе, Дариға Бодықованың «Ыстық ұя» киносы көрермен назарына ұсынылыпты.
Иә, Қазалы қалалық мәдениет үйі жаңа жылды жаңа идеялар мен креативті шаралар арқылы ауылдың мәдениетін, рухани өмірін және экономикалық мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстармен бастамақ. Біз жазған жоба бойынша атқарылған жұмыстар легінің бір парасы ғана, жазылмағаны қаншама. Мамандар жоба аясында қаншама жұмыстың атқарылуына үлесін қосқандарға қалалық мәдениет үйі атынан зор алғысын білдіреді. Тұрғындарға мәдени және рухани қызмет көрсету – басты міндетіміз деп санайтын мамандар жыл соңына дейін де жаңа жылдық бағдарламалар ұйымдастырмақ. Бұл – адал еңбектің, жауапкершілік пен өнерге деген шынайы жанашырлықтың көрінісі емес пе?!
Айнұр ӘЛИ














