Түнгі рейд тыныштықты көздейді
Қоғамдық тәртіп – ортақ жауапкершілік. Осы қағиданы негізге алған аудан көлеміндегі түнгі рейдтік іс-шаралар күнделікті түрде ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, кешкі және түнгі уақыттарда жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын сақтау басты назарда. Осы мақсатта күн сайын кешкі сағат 22:00-ден бастап аудан аумағында рейдтер өткізіліп, қоғамдық орындар мен ойын-сауық нысандары қатаң бақылауға алынуда.Кезектілікке сәйкес, түнгі рейдке аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов жетекшілік етті. Тиісті сала мамандарынан құралған жұмыс тобы кент орталығын аралап, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалады. Рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, түнгі тыныштықты бұзу, сондай-ақ көлік құралдарын рұқсатсыз басқару сынды заңбұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар рейдтік топ мүшелері аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес, кент ішіндегі тазалық мәселесіне де ерекше назар аударды. Тұрғындардың бей-берекет қоқыс тастауы мен санитарлық талаптарды сақтамауына қатысты ескертулер жасалып, тазалықты сақтау – әр тұрғынның міндеті екені айтылды.
Түнгі рейдтер қоғамдағы тәртіпті сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға үлкен көмек көрсетуде. Тиісті сала өкілдері рейдтердің тиімділігін арттыру мақсатында алдағы уақытта да осындай шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














