Қауіпсіз қоғам үшін қам
Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың заңға бағынуын қалыптастыру және қайта қылмысқа бармауына жағдай жасау ерекше мәнге ие. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» идеологиясы дәл осы мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған жүйелі бастама болып отыр.Жуырда Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Мәди Нәбиұлы Қазалы ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, пробация есебінде тұрған азаматтармен профилактикалық кездесу өткізді. Жиынға аудан прокуроры, аудан әкімінің орынбасары және полиция бөлімінің басшысы қатысып, салааралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын көрсетті.
Кездесудің негізгі мақсаты – пробацияда тұрған азаматтардың қайта құқықбұзушылыққа бармауын қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету. Жиын барысында қатысушыларға пробация талаптарын сақтау, заң алдындағы жауапкершілік пен әлеуметтік ортада өз орнын табудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Мәди Нәбиұлы өз сөзінде заң талаптарын орындау – тек міндет қана емес, әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және тәртіп бұзушылыққа төзбеушілікті нығайтуға бағытталғанын жеткізді.
Кездесу барысында ерекше назар Smart-браслет электрондық құрылғысына аударылды. Пробацияда тұрған немесе құқықбұзушылық жасаған азаматтардың қозғалысын қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін бұл заманауи технологиялық құрал азаматтардың белгіленген тәртіпті сақтауы мен сот жүктеген міндеттерді орындауына ықпал етеді. Бұл құрылғы бір жағынан бақылау тетігі болса, екінші жағынан азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына, тәртіпті сақтауға және қалыпты өмір салтына қайта оралуына мүмкіндік береді.
Профилактикалық кездесулер мен заманауи технологияларды қолдану – құқықбұзушылықтың алдын алудағы тиімді құралдардың бірі. Мұндай шаралар пробациядағы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жол ашып қана қоймай, жалпы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға да үлес қосады. «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстану – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Бекзат АСАН














