Таза су – тұрғындар игілігі үшін

Аталған бастама аясында ауданның Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауызсу желісіне қосу жұмыстары жүргізіліп, республикалық, облыстық бюджеттер мен қайтарылған активтер қаражаты есебінен 1,5 млрд теңге қаржы бағытталған болатын. Бүгінде құрылыс толық аяқталып, ел игілігіне берілді.
Сол игілікті істің бірі — Шәкен ауылдық округіне қарасты Шилі елді мекеніне таза ауызсудың жеткізілуі. Көптен күткен қуанышты сәтте ауыл тұрғындарының жүзінен ризашылық пен шаттықтың лебі сезілді.
Ауызсу желісін қосу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, ауыл өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстар туралы айтты.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен өңірде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Бүгінгі Шилі елді мекенін таза ауызсу жүйесіне қосу – осы еңбектің нақты нәтижесі. Бұған дейін Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Шитүбек елді мекенін ауызсу желісіне қостық. Ал жуық арада Сарбұлақ және Шәкен ауылдары да ауызсумен қамтылады. Осылайша, биыл Қазалы ауданы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін өңірлердің бірі болмақ. Бұл бағытта аянбай еңбек еткен «Намыс-Құрылыс» ЖШС құрылысшыларына және осы істің басы-қасында жүрген барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді аудан әкімі.
Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Берік Бисенбаев тұрғындарды көптен күткен қуанышпен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігіне жарай берсін деген ниетін білдірді. Ал ауыл ақсақалы Әзілхан Үмбетов ақ батасын беріп, елдің бірлігі мен берекесін тіледі.
Шара соңында ауданның әлеуметтік дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мен ауызсу тарту жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде атқарған мердігер мекеме қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Арайлым ЖҮСІПОВА