Жаңашылдыққа жетелеген
Оқыту – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар баланың бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуды көздейді. Яки, шығармашылық қабілеттерін ашып, жүрегіне жол табу өнері. Әрбір бала – өзіндік қажеттіліктерімен ерекшеленетін кішкентай әлем. Сондықтан мұғалімнің міндеті – осы кішкентай әлемдердің кілтін табу және олармен тиімді қарым-қатынас орнату.
– Баланың жүрегіне жол табудың маңыздылығы өте зор. Білімге деген жаңа қадамды бастаған оның жүрегіне жол табу – оқыту процесінің негізі болып табылады. Егер бала мұғалімге сенім артса, оның сабақтарына қызығушылық танытса, онда ол жаңа ілімдерді оңай меңгереді және өзін-өзі дамытуға ұмтылады. Баланың жүрегіне жол табу арқылы мұғалім оның өзіне деген сенімін арттырады. Шығармашылық қабілеттерін дамытады. Оқуға деген қызығушылығын ұлғайтады. Жаңа білімдерді оңай меңгеруіне көмектеседі. Өзгелермен қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастырады. Баланың жүрегіне жол табудың бірнеше жолы бар. Ол үшін мұғалім түрлі әдісті қолдана алады. Олармен жылы лебізбен сөйлесу, олардың ойын тыңдау, мақтау және қолдау көрсету маңызды, – дейді С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мөлдір Рамбердиева.
«Сабақ беру үйреншікті жай ғана нәрсе емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деген тәмсілді ұстанатын мұғалима киелі орданың табалдырығын аттағанына тура 20 жыл болды. Әр адам өмірге келгенде оның пешенесіне қандай да бір бақыттан үлесі болатыны жазылады демей ме? Міне, Мөлдір Маратқызы да қиыны мен қызығы қатар жүретін ұстаздық мамандықты жүрек қалауымен таңдаған.
– Менің бақытым ұстаздық жолдан бұйырғандай сезіледі. Мектеп өмірінде үлгілі оқушы болып, алдыңғы сапта жүретін мен үшін балалық шағымнан өзімді ұстаздық жолға бағыттағандаймын. Өмірге көзқарас қалыптастыруда мектеп өміріндегі тамаша кезеңде кереметтей ұстаздардан тәлім алуымның үлкен әсері болды деп ойлаймын. Жүректегі арманым жетелеп, Ақтөбе гуманитарлық колледжі мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдадым. 2004 жылдан бері №165 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп келемін, – дейді Мөлдір Маратқызы.
Ұстаздық – ұлы қасиет. Әр оқушыға білім беріп, оған өмірлік бағыт сілтеуші сөзсіз – мұғалім. Заман ағымына сай ұдайы біліммен қаруланып, ой-өрісі үздіксіз ізденісте, жан-жақты дамытып, қалыптастырып отыратын Мөлдір жаңартылған білім мазмұнына сай біліктілігін жетілдіру жолында түрлі курстардан өтті. Маман ретінде атқарған еңбегі елеусіз қалмай, әрқилы дәрежедегі жетістіктерге қол жеткізді. Үздік педагогтар қатарынан көрінген ол Алтын белгі иелерін де көптеп тәрбиеледі. Мектеп басшысынан бастап, ұжымдастары мен ата-аналардың оған деген пікірі бір бөлек.
– Биыл бірінші сыныпқа барған қызымның апайы Мөлдір алғашқы сабақтан-ақ тынымсыз ізденіп, оқытудың жаңа формасы мен әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланады. Үйге түрлі тапсырма береді. Біз барынша баланы қадағалауға тырысамыз. Бірге ертеңгі сабаққа дайындаламыз. Оңай емес, әрине. Дегенмен сынып жетекшісіне алғысымыз шексіз. Ол жаңашыл жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде шеберліктің шыңына өрлей беретініне сенімдіміз. Ал ұстаздық жолындағы әр қадамы сәтті болғай, – дейді ата-ана Меруерт Шапихова.
Бастауыш сынып мұғалімі Мөлдір Рамбердиева сабақ барысында әрбір баланың ерекшеліктерін ескереді. Балалардың белсенділігін арттыруға барын салады. Шығармашылық қабілетін ояту бағытында оқушылардың өз ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде жаңашыл мұғалім ретінде даму – уақыт талабы. Сондықтан да XXI ғасыр ұстазы бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, терең біліммен қаруланған оқушы тұлғасын сомдау үшін өзі де шеберліктің шыңынан көрінуі тиіс. Осылайша «Жаңашыл ұстаз» ретінде Мөлдір Маратқызы өрелі ой мен саналы сезімін әрқашан білімге жетелейтініне сенім мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА