Бір стақан сүт
Ховард кедей отбасынан шыққан бала еді. Мектепке керек кітап-дәптерін алу үшін көшеде жүріп ұсақ-түйек заттар сататын. Күндердің бірінде ешнәрсе сата алмайды. Оның үстіне әбден шөлдеп, қарны ашады. Бұдан кейін бір үйдің есігін қағып, жүрек жалғайтын азық сұрауды жөн көреді. Бірақ есікті жас келіншек ашады.
Ол ұялғаннан: - Кешіріңіз, ішетін су бересіз бе? – деп сұрайды. Жас келіншек баланың қарны ашып қалған шығар деп үлкен стақанға
сүт құйып әкеліп береді. Бала сүтті асықпай, әр жұтымын сіңдіре ішіп алып:
- Көп рахмет! Сүт үшін сізге қанша қарызбын? – деп сұрайды.
- Ешқандай қарыз емессің! – деп келіншек күлімсіреп: - Анам көрсеткен жақсылық пен жасаған көмегіңнен ақы талап етпе деп үйреткен болатын,- дейді.
Бала: - Ендеше сізге тағы да үлкен рахмет айтамын! – деп кетіп қалады. Ховард Келли ол үйден шыққан кезде өзінің тойғанын ғана емес, рухани жағынан әсерленгенін де сезеді.
Арадан көп жылдар өтеді. Әлгі әйел сирек кездесетін бір ауруға шалдығады. Жергілікті дәрігерлер емдей алмай, оны үлкен қалаға жібереді. Кеңес беруге шақырылған дәрігердің бірі Ховард Келли науқастың қай жақтан келгенін естіп, оны көруге асығады. Бір кездері өзіне мейірімділік танытып сүт берген әйелді көрген бойда бірден танып, оның өмірі үшін қолынан келгенді аянбауға тырысады.
Ұзақ уақыт әйел ем алып жазылып шығады. Ауруханадан шығар алдында Доктор Келлидің алдына әйелдің есепшоты келеді. Ол оны тексеріп, үстіне бір нәрселер жазып, хатқа салып науқасқа беріп жібереді.
Әйел есепшотты алып көруге қорқып дірілдеп тұрады. Себебі оның бағасының қымбат екенін, өмір бойы жұмыс істеу керектігін ойлап тұрады. Не керек хаттың ішін ашып көреді. Есепшоттың астындағы жазуды көрген бойда ол көзіне еріксіз жас алады.
Өйткені ол жерде: - «Емделуге кеткен шығындар толығымен бір стақан сүттің ақысына төленді»,- деп жазылған еді.