Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мама, мені қарыздан құтқаршы...

Мама, мені қарыздан құтқаршы...

Фото: ашық дереккөзден алынды

– Еркеш, не істейміз енді? Қарыз күннен күнге көбейіп барады, – деді Жаңылсын апа баласына сұраулы жүзбен.
– Мама, сен уайымдамашы. Мен жұмыс іздеп жүрмін. Бір-екі қосымша істейтін жер табамын. Тек уақыт керек, – деді Еркеш анасын жұбатпақ болып.
– Уақыт бізге қарсы сияқты ғой... Тіпті несие де төлейтін мерзім жақындап қалды, – деді інісіне ренжіген Айжанқолын бір сілтеп.
Еркеш үйдің кенжесі. Осыдан бірер жыл бұрын қарызға батқан-ды. Бүгін әлі де соның құрсауынан босай алмай жүр. Ана байғұс баласының бір кездегі күйін көріп, қарызының біраз бөлігін жауып та берген. Олай етпейін десе, үміт артқан баласы көз алдында солып барады. Әуелгіде бұл қиындықтан өзі шықсын деп үлкен ұлы Асқар мен қызы Айжан қарызын төлеуге бастыртпаған еді. Бірақ соңында олар да шешесінің сөзінен аттай алмай бауырына болысуды жөн көрді. Сөйтіп банктен несие алып, қарыздан құтқарды. Бірақ араға уақыт салып, Еркеш тағы да былықтың ортасынан табылды. Ана жүрегі бұған да бейжай қарай алмады. Өйткені Еркештің жалынышты жүзі «Мама, мені қарыздан құтқаршы...» дегендей еді. Содан да болар «балам» деп шырылдаған ана тағы да мәселені өзінше шешуге тырысып бақты. Алайда қиындық жүгі жеңілдеудің орнына жағдайды одан әрі ауырлата түсті. Қарыздар күн санап көбейіп, бастарына бұлт үйірілді.
Бұған дейін Еркешке бауырлары «бұдан былай мұндай жағдай қайталанбасын» деп қадап айтқаны бар-ды. Сонда Еркеш уәдесін беріп, ай сайын жалақысын ағасына жөнелтемін деп уағдаласқан. Бірақ бір сәтте Еркеш сол уақытқа кері қайтты. Бұлай боларын өзі де болжамаған. Сөйтіп тағы да сол банк борышкері деген кебінді киді. Қарыздың салмағы батып, сіңірі сыздап, түн ұйқысытөрт бөлінді.
Сол уақыттан бері біраз уақыт өтіп те үлгерді. Бүгінде Еркеш мұндай жағдайға қалай тап болғанын білмей, өз-өзіне тығылып жүр. Бұны көрген сайын Жаңылсын апаның жүрегі ауырды. Тіпті кейде бұл қиындыққа төтеп берер күш таппай, күйзеліске де түсті. Ал енді бірде бар жігерін жиып, баласына барынша көмектесуге талпынды. Бірақ сонда да Еркештің жанарындағы алаңдаушылықты жоя алмады. Ол құдды өз отбасынан жырақта жүргендей кейіпте болды. Жақындары оның бұл ауыртпалығын бөлісуге тырысса да, ішкі жан-дүниесін толық аша алмады. Өйткені ол көп нәрсені ішіне бүгіп қалуды жөн көрді ме, әйтеуір ешкіммен әңгімелесуге құлық танытпады.
– Еркеш, сен неге үндемейсің? – деді Жаңылсын апа Еркештің жанына үңілгісі келіп... Біраз үнсіздіктен соң...
– Мен не істерімді білмей отырмын... Айлығым аз, сондықтан бәріне бірдей көмектесе алмаймын, – деді Еркеш іштей күрсініп.
– Жә, оны қоя берші. Оның да бір жөнін табармыз. Әуелі өзіңмен күрес. Әрі-бері бос сенделіп жүре бермей, саналы әрекетке көш. Жігеріңді жанып, жағдайыңды түзе, – деді Жаңылсын апа бастыра сөйлеп.
Бүгінге дейін баласына батып сөйлемейтін жан бұл жолы жұмсақтық танытуды жөн санамады. Бұлай ете беретін болса, Еркештің өзін жазғырған күйі қиындыққа шомылып, мәселені шешуге талпынбайтынын түсінді. Анасының сөздерінен соң, Еркеш ес жиғандай болды. Сөйтіп қиындыққа қарсы алғашқы қадам жасады.
Күні кеше ғана жүзі солғын тартып, сағы сынуға қалған Еркештің бүгін жүзіне қан жүгіргендей. Дегенмен жүрегінде қобалжу да жоқ емес. Бірақ жақындары оны қаумалап, қиындықтан бірге шығатынын айтқан соң, жанары қайта жанды. Сол күннен соң, Еркеш жұмыс іздеп, қосымша табыс көздерін қарастыра бастады. Ал Жаңылсын апа мен балалары әдеттегідей Еркештің жанынан табылып, қолдау көрсетіп, көмектесті.
Біраз уақыттан соң Еркеш күтпеген табысқа кенелді. Тынымсыз еңбегі мен табандылығының арқасында қиындықтан шығар жол тауып, қарызынан түгел құтылды.
– Мама, бір кездегі ессіз әрекетім үшін ұяламын. Қиналып, адасқан сәттерім көп болды. Жаңылсам да, мені жақсылыққа жетелегендеріңіз үшін сіздерге ризамын. Білемін, бұл кезең сіздерге де оңай тимеді. Бірақ біз бұл сынаққа сынғанымыз жоқ. Бәрі сіздердің арқаларыңызда, – деді Еркеш анасына қарап. Ал анасы баласының жағымсыз жайттан аман құтылғанына қуанып, ішінен Жаратқанға алғысын жаудырды.
Осылайша, бір кездері білместікпен батпаққа батқан Еркештің басындағы қиын күндер артта қалды. Оның бүгінгі күйін көріп, жақындарының да жүрегі жайланды.
Арайлым ЖҮСІПОВА
14 тамыз 2025 ж. 157 0

Балалықтың тәтті бояуы

14 тамыз 2025 ж. 159

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031