Мәжілісте баға тұрақтылығы мен қаржы игеру мәселелері қаралды
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте аудан бойынша 2025 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуы, жылу беру маусымының өткізілуі және әлеуметтік маңызды азық-түлік бағаларына байланысты мәселелер қаралды. Сонымен қатар жиында ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен күзгі әскерге шақыру жұмыстарына байланысты жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктелді.2025 жылдың есепті кезеңінде аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі – 115,7 пайыз, өңдеу өнеркәсіп көлемі – 116,0, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,0, бөлшек сауда айналымы – 101,1, Инвестициялар тарту – 114,8, Құрылыс жұмыстары көлемі – 121,9 және пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 103,6 пайызды құрап, барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасқан.
Осы ретте, аудан басшысы жылдың қорытындысымен барлық көрсеткіштер, оның ішінде салалары бойынша да 100 пайызға толық орындалуын және ауданда тиімді салық саясатын жүргізу, ауданның бюджетіне түсімдердің толыққанды түсуін, тиімді жоспарлануын әрі игерілуін сапалы және нәтижелі ұйымдастыру керектігін айтты. Сондай-ақ қаржыны игеруге қатысты ешқандай мәселе болмау керектігін ескертіп, әрбір берілген тапсырмаға жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Мәжілісте барлық коммуналдық сала мен төтенше жағдайлар бөлімі және басқа да жауапты басшыларға жылыту маусымын еш кедергісіз, тұрақты өткізу, жылыту маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамттамасыз ету, осы бағытта үздіксіз тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу жөнінде қатаң тапсырмалар берілді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі, сапасы және тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларында үнемі бақылауда болу керектігі ескертілді.
Жиында күн тәртібінде қозғалған мәселелерден кейін ветеринария саласында атқарылып жатырған жұмыстар мен алдағы міндеттер және мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері талқыланды. Аудан әкімі ветеринария саласына қатысты сала басшысына иесіз иттер мен мысықтарға байланысты тиісті шараларды қолға алу, төрт түлікке ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы жүргізу, ветеринариялық пункттер мен мал қорымдарының санитарлық тазалығына қатысты қатаң ескертулер беріп, берілген тапсырмаларға сәйкес жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.
Ал, мерзімді әскерге шақыру маусымына байланысты жауапты сала басшылары мен әкімдерге күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатаң бақылауға алу, әскери қызметке шақырылушылардың уақытылы медициналық сараптамадан өтуін қамтамасыз ету, әскерден жалтарып жүрген азаматтарды әскерге тарту және ондай азаматтарға тиісті шара қабылдау жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен мекеме, кәсіпорын басшыларына «Таза Қазақстан» акциясы аясында өз аймақтарында ұдайы санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырды.














