Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткені – өрісті, келешегі – келісті

Өткені – өрісті, келешегі – келісті

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, еңбек сүйген жандар арқылы экономикалық әлеует асқақтайтынын насихаттау жайы көтерілуде. Қоғамдағы мамандар беделін биіктетуге негізделген маңызды қадам жастарды кәсіптік білім алуға ынталандыруға үлкен серпін болуда.
Ел дамуының тірегі, өндірістің өркендеуіне атсалысатын жұмысшы мамандар ұстаханасына айналған Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі елімізге қажетті білікті мамандарды даярлап, еңбек нарығында сұранысқа ие, өз ісінің нағыз шеберлерін қалыптастып келе жатқан білім ошағы. 95 жылдық торқалы тойы қарсаңында, оқу ордасының кешегісі мен келешегі, бүгінгі беталысы туралы колледж директоры Рахметулла Ізтілеуден сұрадық.


– Рахметулла Жәдігерұлы, өзіңіз басқарып отырған арнаулы оқу орны түрлі маңызды кезеңдерден өткені белгілі. Іргелі мекеменің қысқаша тарихына тоқталып өтсек...
– Оныңыз рас, Түріксіб теміржол бойында алғашқылардың бірі болып ашылып, сан жылдар бойы кәсіптік білім беруде көш бастап келе жатқан біздің ұжымның өткені – өрісті, келешегі – келісті. Бағыты – айқын, бағдары – нық. Білім ордасын ауданның өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан іргелі қарашаңырақ деп ауыз толтырып айтуға болады.
Тарихына үңілсек, іргетасы 1929 жылы Қазалы паровоз депосының жанынан ФЗУ яғни жұмысшы мамандықтар дайындау мекемесі ретінде қаланған. Алғаш вагон қараушы және жөндеуші, паровоз машинисінің көмекшісі, темір, ағаш ұстасы мамандықтарын бойынша оқытылса, бірте-бірте қатары қажетті мамандықтармен толықтырылып отырған.
Соғыс кезінде теміржол саласының қандай маңызға ие болғаны баршаға мәлім. Сол тұста осы оқу орнынан мамандықты меңгерген жастарды дамыған өндіріске жіберіліп отырған.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, оған қажетті жүкті тасымалдау жұмысының бар ауыртпалығы теміржолға түскенде, қосымша курстар ашылған.
№5 Қазалы орта кәсіптік-техникалық училищесі оқушыларға коммунистік идеологияда тәрбиеленгені және оқу мен өндірісті ұштастырғаны үшін 1981-1985 жылдары Бүкілодақтың Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын жеңеді. Осы кездері училищенің 410 оқушыға арналған 4 қабатты оқу корпусы, 200 орындық асхана, спорт залы, 2 шеберхана және 12 мыңдай кітап қоры бар кітапхана Батыс Қазақстан теміржол аймағына жылына 190-200 аралығында маман дайындайтын үлкен ұжымға айналған. Оқу орны 1977 жылы КСРО кәсіптік-техникалық білім беру комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Бірнеше дүркін облысаралық кәсіптік-техникалық басқармаларының Қызыл туымен ақшалай сыйлығына ие болған. Қалалық кәсіптік-техникалық училище 1975-1976 оқу жылын бастап, оң өзгерістерге иек артады.
1981-1985 жылдары асхана, жатақхана салдыруға күш жұмсады. 24 оқу бөлмесі, ірі салаға мамандырылған төрт оқу-өндірістік шеберханасы талапқа сай жабдықталған. Өзін-өзі қаржыландыру мақсатында кешенді бағдарлама бойынша жұмыс істеген.
Колледждің оқытушылары мен шәкірттерінің Тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен жетістігі жеке тақырыпқа арқау бола алады.
2013 жылы №5 кәсіптік лицей «Қазалы көлік-техникалық колледжі» мемлекеттік мекемесі атанса, 2017 жылы «Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылымдалған.
Осы уақыт аралығында білім мен өндірістің өркендеуіне үлес қосқан білікті басшы, ұтымды ұйымдастырушы, инженер-педагогтар еңбегі әрқашан құрметке лайықты.
– Зерделі шәкірт – нәтижелі жұмыстың жемісі. Алысқа аты жеткен мақтаулы шәкірттеріңіздің есімін тілге тиек етсек...
– Ғасырға жуық тарихында білім ордасы темір жол саласының ілгерілеуіне өз жұмысымен өлшеусіз үлес қосты. Мұнда тәлім алған талай шебер, майталман мамандар еліміздің, Одақ құрамында болған республикалардың түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
Кеңес одағының батыры Яков Данилович.Михайлюк 1938 жылы дәл осы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, паровоз машинисінің көмекшісі мамандығын алып шығады. Ұлы Отан соғысында 200 жауынгерлік ұшу сапарын жасап, әуе шабуылында немістердің 26 самолетін атып түсірген ержүрек ердің есімі біз үшін мақтаныш.
1945 жылы бір топ оқу бітіруші теміржолшылар Забайкалье майданына тура училище табалдырығынан аттанды.
Соғыстан кейінгі индустрияландыру кезінде экономиканың ілгерілеуіне үлесін қосқан И.А.Моргунов, Қ.Алмаханов, А.Көшімов, Ө.Ізмамбетов, С.Ізтілеуов, Т.Тілеуқабылов сынды шәкірттер темір жол саласының «Құрметті теміржолшы» атағына ие болған.
Осы уақыт аралығында темір жол саласына тер төгіп, есімі елге еленген мақтаулы мамандар қатарынан көрінген түлектеріміз жетерлік. Қатарында сала министрлігі қызметкері, құрметті марапат иелері, халық қалаулылары, басшылармен бірге өз ісінің талай мамандары кездеседі.
– Еңбек нарығында білікті жұмысшы кадрларға сұраныс артып келеді. Сондықтан кәсіптік білім беру жүйесін дамыту – елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығының маңызды факторы. Сіздердегі материалдық-техникалық база қаншалықты талапқа жауап беруге қауқарлы?
–Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі – Қызылорда облысындағы терең деңгейде білім беретін аймақтық оқу орны. Қоғамдағы өзіндік дәрежесін, сапалы маман даярлауда бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеген білім ордасы. Колледждің нарықтағы қажеттілігін анықтайтын басты факторлар, ол – заманауи материалды-техникалық база, білікті оқытушы және икемді, ұтқыр, білімді студенттер.
2025-2026 оқу жылына барлығы 132 студент оқуға қабылданды. Бүгінде колледж теміржол көлігіндегі мамандықтар мен халыққа қызмет көрсетуде 16 мамандық бойынша 343 білім алушыларды даярлауда.
Оқу бағдарламаларына дуалдық жүйеге байланысты 40 процент теория, 60 процент практика енгізілген.
2025 жылы оқу бітірген 109 студенттің 97-сі жұмысқа орналасқан. Бітірушілердің еңбекке араласу көрсеткіші жылдан-жылға қарқындауда.
Колледжде жаңа оқу-техникалық құралдармен жабдықталған 36 оқу кабинеті бар. Олардың ішінде арнаулы пән, жалпы білім беретін пән кабинеттері, шеберхана, зертхана және палигон, 100 орындық жатақхана, 150 орындық мәдениет үйі, 100 орындық асхана, 20000-ға жуық кітап қоры бар электронды кітапхана, өлкетану мұражайы және оқу-жаттығу залы студенттердің оқып, білім алуы мен демалуына лайықталған.
Білім ордасы республикалық «Жас маман» жобасына қатысып, тұрақты мемлекеттің қарауында қалатын 100 колледждің қатарына енгізілген.
Жоба аясында әлеуметтік серіктес мекемелердің мамандары жаңа жабдықтарды пайдалану арқылы ақылы негізде қайта даярлаудан өтіп, қысқа мерзімді курстарды тәмамдаған. Колледж жұмыссыздарды да оқумен қамтуда.
– Кәсіптік білім беру – қазіргі заман талабына сай мамандар даярлаудың негізгі кілті. Жас ұрпаққа тек теориялық білім беріп қана қоймай, нақты бір кәсіпті игеруге, еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік беретін кадрлық әлеует қандай?
– Колледж ел экономикасының дамуына үлес қосатын өндіріс орындарына қажетті білікті, жас мамандарды дайындауда мол тәжірибеге ие. 2017-2018 жылдары колледж институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті.
«Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қызылорда облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің» мемлекеттік аттестаттау қорытындысын алған.
Бүгінде 107 қызметкер жұмыс істесе, оның 69-ы инженер-педагог, 2 бірінші біліктілік, 1 екінші біліктілік санатты маман, 3 педагог-зерттеуші, 12 педагог сарапшы, 18 педагог модератор қызмет етеді. Штаттық педагогтер саны – 100 процент. 28 техникалық қызметкер, 14 арнайы пән оқытушысы, 26 жалпы пән оқытушысы, 18 өндірістік оқыту шебері, 7 магистр, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегерлері, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Техникалық кәсіптік білім беру ісінің үздігі», «Үздік мұғалім 100 топ -2021» оқытушылары балаларға дәріс береді. Институциональды және мамандандырылған аккредиттеуден өткен 70 инженер-педагог еңбек етеді.
Бүкіл әлемдік банк қарызы есебінен қаржыландырылатын «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту» Жобасының иегері атанып, 26 инженер-педагог Франция, Германия, Чехия, Белоруссия және Ресей мемлекеттерінде білім жетілдіріп, Халықаралық деңгейде сертификатталған.
Дуалдық жүйеге байланысты өндірістен тәлімгерлер тағайындалған. Сондай-ақ колледждің арнайы пән оқытушылары осы мамандықтар бойынша әлеуметтік серіктес мекемелерде тағылымнамадан өткен.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің үздік түлегі, 100-ТОП Қазақстанның жас есімі номинациясының иегері, республикалық теміржолшылар байқауының жеңімпазы әрі колледж тәлімгері Ж.Смағұлов Ресей федерациясының Екатеринбург қаласында өткен Халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында екінші орын алып, ел намысын асқасқатты
Колледж студенттері жұмысшы кадрларды даярлау жөніндегі үздік колледж атанып, Астана қаласында өтетін «Worldskills 2025» ұлттық чемпионатында облыстың намысын қорғайтыны да ұжым жұмысының көрсеткіші.
Қараша айында ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында өткен Республикалық шеберлік конкурсында колледж қызметкерлері Э.Маханова, Р.Байтілесов, А.Сартай, К.Қарымсақова, Б.Тәжімұратова жақсы көрсеткіш көрсетіп, кәсіби үздік маман болып танылды. Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің базасында өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында темір жол көлігі саласы бойынша шеберлік сайысында А.Ахметова Қызылорда облысы бойынша сарапшылық қызметін атқарды.
Тәрбие жұмыстарында да толағай жетістіктеріміз бар.
– «Жұмысшы мамандықтар жылының» мақсаты – тек жұмысшыларды ынталандыру ғана емес, қоғамның дәл осы салаға қызығушылығын арттыру, өз онын табуына ықпалдасу. Бұл орайда қандай іс-шаралар қолға алынуда?
– Қазақстандық және шетелдік кәсіпорындар механик, техник-мамандар, дәнекерлеушілерді, слесарьларды іздеп, жоғары жалақы мен тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге дайын.
Жыл көлемінде, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды баулуға бағытталған, Қазалы, Арал, Қармақшы аудандары мектептерімен бірлесіп, түрлі ашық есік күндері өткізілді.
Оқушыларды мамандық таңдауға дайындауға, кәсіби өзін-өзі анықтауға көмектесу мақсатында шеберлік сағаттар, ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жыл бойы тұрақты өтіп, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын дәлелдеп келеді.
Колледжде білім беретін локомотив, вагон жөндеу, дәнекерлеуші, теміржол көлігіндегі қозғалысты басқару, жол шебері, құрылыс, IT, электр және механикалық жүйелерді басқару сияқты маңызды бағыттардағы мамандықтар жайлы жан-жақты мағлұмат алды.
Білім алушылар өздері меңгеріп жатқан кәсіптерін іс жүзінде көрсетіп, түрлі шеберлік сыныптарын өткізіп, «Қамқор Локомотив» ЖШС «Қазалы локомотив жөндеу зауыты» филиалына экскурсияға барды. Бұл қадамдар ел индустриясы саласындағы кәсіби қызметпен танысуға мүмкіндік беруде. Шараға қамтылған ел ертеңдері жұмысшы мамандықтарының тек қажетті ғана емес, сонымен қатар беделді әрі табысты екенін түсінуде.
Жұмысшы мамандарды дайындаудағы өзекті мәселелері мен оны шешу жолдарын көлік-техникалық жоғары колледжі ұжымы да аса ыждағаттылықпен көңіл қоя зерделеп отыр. Дуалды оқыту жүйесі аясында «Қазақстан Темір Жолы» «ҰКАҚ» Қызылорда сигнализация және байланыс дистанциясы филиалы, «Қамқор-Локомотив» филиалы, «Қамқор-Вагон» филиалы және «Локомотив» Қызылорда АҚ локомотив пайдалану депосы сынды базалық мекемелермен ынтымақтастыққа келісімшартқа қол қойылып, өндірістік оқуда машықтануға жағдай жасалған. Республика көлемінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясына қарасты 46 мекемемен әлеуметтік серіктестік байланыс орнатылған. Қызылорда облысы және Батыс Қазақстан теміржолы тораптарынан бітірушілерге сұраныс жоғары. Онымен қоса Қазақстанның барлық қалаларында мамандарымыз жұмысқа орналасқан.
– Оқу орнындағы жаңашылдық жайын білсек...
– Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі мазмұнды жаңарту, дуалдық оқыту, халықаралық тәжірибені ендіру, аккредитациядан өту, өндірістік серіктестік арқылы білім беру мен практика үйлестіру, қолжетімділікті арттыру, цифрлық тәсілдерді қолдану – жаңашылдық игілігі.
2025 жылдың басында академиялық ұтқырлықты қолға алу мақсатында «Халықаралық «Global Sapa академиясы», «Тәуелсіз Қазақстан аккредиттеу орталығы», ҰАҚ «Talap» ұйымдастыруымен жақын шетелдермен яғни Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерімен меморандумға қол қойылды.
Колледж инженер-педагогтарынан құралған шығармашылық топтың, авторлық құқық берілген, оқу құралдары жарық көрді.
Кәсіптік білім беретін колледж – ел дамуының негізі, жастардың болашағына бағыт беретін алтын көпір. Мұндай мамандықты меңгерген маман қолынан іс келетін, қоғамға нақты пайдасын тигізе алады. Президент Қасым-Жомсарт Тоқаев: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады» деп өз Жолдауында жоғары баға берген болатын. Біздің де кәсіби білікті маман даярлау, техникалық және кәсіптік білім берудің сапасын арттыру жолында биіктен көрінуге бағытталған сала ның болашағы жарқын, келешегі зор болатынына сеніміміз мол.
– Рахмет!
СұхбаттасқанАлтын ҚОСБАРМАҚОВА

11 қараша 2025 ж. 34 0

Кәсіби шеберлік ордасы

11 қараша 2025 ж. 57

Темір жол – өмір жолы

11 қараша 2025 ж. 78

Ауылда мешіт ашылды

11 қараша 2025 ж. 22

Шәкірт шыңдаудың шебері

11 қараша 2025 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930