Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынтымағы жарасқан - Достық ауылы

Ынтымағы жарасқан - Достық ауылы

Бүгін Әйтеке би кентінің батыс беткейінде орналасқан “Достық” аумағы тұрғындарының ұйымдастыруымен «Достығы жарасқан - достық ауылы» атты тағылымды іс-шара өтті.
Мақсаты - келместің кемесіне жайғасқан аумақ тұрғындарының рухын ұлықтап, құран бағыштау, ас беру, аумақ тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру.
Шарада аудандық “Жанқожа батыр” атындағы орталық мешіттің бас имамы Нұрдәулет Асқарұлы марқұм болғандардың рухына құран бағыштады.
Танымдық шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев көпшіліктің бұл ісі көпке үлгі екенін айтып, маңызды іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысқан баршаға ризашылық білдіріп, бірқатар азаматқа “Алғыс хатын” табыстады.
- Қазақта “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген сөз бар. Осы сөздің тереңіне бойлай білген Сіздер ауызбіршілікте болып, көпке үлгі боларлықтай іс жасап жатырсыздар. Өмірден өткен жандардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Бірліктеріңіз бекем, татулықтарыңыз мәңгілік болсын, - деді аудан басшысы.
Бұдан соң “Қызылорда облысының құрметті азаматы” Самұрат Имандосов пен ардагер ұстаз, сол аумақтың тұрғыны Серік Қуанышбаев та сөз алып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ауызбіршілікте болған жандарға алғысын жаудырды.
Шарада көше тұрғындарының арасында гір көтеру, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу, қол күрес және қой көтеру сынды спорттық сайыстар өтті.
Мұнда қалың көпшілік үшін арнайы садақ ату орны да дайындалған. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің қуанышы үшін тегін тәттілер мен балмұздақтар таратылып, балаларға арналған ойын алаңы да жасалған.
Көпшілік шараға арнайы келіп қатысқан аудан әкіміне алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, тағылымы мол іс-шарада елдің ұйытқысы болып, бірлікке бастап отырған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға арнайы сыйлықтар табысталып, “Мектепке жол” акциясы аясында 20 оқушыға мектепке қажетті жабдықтар тапсырылды. Бұдан бөлек, барша келушілер палаткаларға жайғастырылып, ас берілді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
21 тамыз 2023 ж. 69 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30