Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өркендеудің жарқын жолы

Өркендеудің жарқын жолы

Егін шаруашылығы – жер өңдеу арқылы түрлі дақылдарды өсіруге бағытталған ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Бұл сала адамзатты тамақпен, жануарларды жеммен және өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етеді. Егін шаруашылығынсыз адамзат қоғамының дамуы мүмкін емес.
Қазіргі заманның қарқынды дамыған кезеңінде де ауыл шаруашылығының маңызы жоғалған емес. Керісінше, ел экономикасының тұрақты дамуының негізгі тірегіне айналып келеді. Үкіметтің қолдауымен шағын және орта бизнестің өркендеуі, отандық өнімнің шетел нарығына шығуы – осы салада еңбек етіп жүрген білікті азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Осындай азаматтардың бірі – Қызылорда облысының тумасы, іскер басшы, қоғам қайраткері Мінәжадин Өтеев еді. Оның өмір жолы мен атқарған қызметі көпшілікке үлгі боларлық.
Мінәжадин Өтеев 1957 жылы Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Ол білімге деген құштарлығының арқасында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына түсіп, білімін шыңдады. Онан 1979 жылы «Бухгалтер-экономист» мамандығын меңгеріп шықты. Жоғары білімді маман ретінде еңбек жолын Жаңақазалыдағы «Транссельхозтехника» автобазасында аға экономист болып бастап, кейін бас экономист, «Сельхозтехника» мекемесінде бас бухгалтер қызметтерін атқарды. Одан кейінгі жылдары да түрлі мекемеде басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Осылайша өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылды.
1999 жылдан бастап, Мінәжадин Өтеевтің өмір парағында жаңа белес басталды. Ол «Сыр Маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметіне тағайындалады. Ақтан ауылында іргетасы қаланған мекеме бастапқыда 350 гектар күріш егіп, 35 адамды жұмыспен қамтыған шағын кәсіпорын болды. Кейін Қазалы ауданының ең ірі ауыл шаруашылығы кешендерінің біріне айналды. Сол кездері серіктестікте 144 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Қаншама адамға жұмыс орнын ұсынған мекеме күріштің «Янтарь», «Новатор» сұрыптарынан бөлек, жоңышқа, бидай, жүгері, мақсары сияқты дақылдарды да өсіреді. Келе-келе «Сыр Маржаны» тек күріш өсірумен шектелмей, өз қызметін кеңейте бастады. 2006 жылдан бастап мал шаруашылығын да қолға алып, асылтұқымды қой санын арттыруда. Мекеме өнімдерінің жоғары сапасының арқасында тек Қазақстанда ғана емес. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркменстан нарықтарында да жоғары сұранысқа ие болды.
Мінәжадин Өтеев – тек іскер басшы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан азамат. Ол Қазалы аудандық мәслихатының бірнеше шақырылым депутаты болып, өңірдің әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосты. Оның меценаттық қызметін де ерекше атап өтуге тұрарлық. Кәсіпкер қолдан келгенше мұқтаж жандарға, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті.
«Сыр Маржаны» ЖШС тегін қайтарымсыз күйде Ақтан батыр ауылындағы округ әкімдігінің теңгеріміне екіқабатты ғимарат сыйға тартып, 100 адамға арналған мешіт салдырды. Әйтеке би кентіндегі еңбек ардагерлеріне «Ардагерлер үйін» тұрғызып берді. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуы оның жомарт жүректі азамат екенін көрсетті. Сонымен бірге Ақтан батыр ауылындағы орталық көшені абаттандырып, балаларға футбол алаңын тұрғызды. Жаппай халық серуендейтін демалыс алаңының құрылысын жүргізді. Онда балалар каруселі, сахна, отыратын беседкалар мен түрлі ескерткіштер қойылған.
Мінәжадин Өтеевтің қажырлы еңбегі мен қоғамға сіңірген еңбегі лайықты түрде бағаланған. Ол 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2017 жылы Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. 2016 жылы Қазалы ауданының Құрметті азаматы атанды. «Жыл меценаты», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Сыр жанашыры» сияқты көптеген атақ пен марапаттар еңбегінің айқын дәлелі. Оның басшылығымен «Сыр Маржаны» ЖШС-і де көптеген жетістікке жетіп, түрлі халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» сияқты беделді байқаулардағы жеңістері кәсіпорынның жоғары деңгейін көрсетеді.
Мінәжадин Өтеевтің өмір жолы – кәсіпкерлік пен меценаттықты, іскерлік пен адами құндылықтарды ұштастыра білген азаматтың үлгісі. Оның еңбегі мен жетістіктері көптеген жас кәсіпкерлерге шабыт бере отырып, ел экономикасының дамуына қомақты үлес қосты.
Мінәжадин Өтеев 2024 жылдың 2 қарашасында дүниеден озды. Мінәжадин Өтеевтің еңбек жолы мен қызметін парақтап, білікті басшының прототипі осындай болуы керек деген ой әр оқырманның көкейінде болары анық. Мінәжадин мырзаның іскерлік қабілеті, еңбек жолы көпке үлгі.
Айта кетейік, бүгінде Ақтан батыр ауылында ауылшаруашылық кәсібімен «Береке шаруа қожалығы айналысады. Қарамағында Ақтан батыр және Жанқожа батыр ауыл тұрғындары жұмыс істейді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
12 тамыз 2025 ж. 43 0

Ақтан батырдың ақылы

12 тамыз 2025 ж. 15

Біздің ауыл

12 тамыз 2025 ж. 17

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031