Хоббиден басталған қызығушылық

«Ерінбеген етікші болады» дейді халқымыз. Бұл тегінде белгілі өнер түріне арналған жолдар емес, ауқымы кең түсінікке жетелейтін түйін. Біз сөз етіп отырған жанның масылдық, жұмыссыздық деген ұғымға жаны қас. Айтуынша, қарекет еткен адамға, Алла берекетті де береді.
Асылзат – Бекарыстан би ауылының тумасы. 2016 жылы жолдасы Бексұлтан Әбілдаевпен шаңырақ көтергелі бері Ғани Мұратбаев ауылында тұрады.
Жастайынан ұғымтал қыз халқымыздың ұмыт бола бастаған ұлттық өнер, салт-дәстүрге қызығушылығы жоғары болады.
«Әр қыз баласы әсемдікке әуес келеді. Ауылдық жерде өскен соң, қолданбалы өнер түрін жасайтын ана-әжелердің қолынан шыққан бұйымдарды пайдаланып өстік.
Жүн түту, ұршық иіру, киіз басу, алаша, киімдер, ши, мата, шытпа тоқу, тары түю, келі түю, күбі пісу, нан жабу сынды көріністердің барлығын көрдік. Киіз басу немесе қыз ұзатылғанда, көрпе тігуге көмекке барған абысын-ажындар мен көршілердің ауызбірлігі қандай еді?.. Бірте-бірте олардың орнын дайын бұйымдар баса бастады», – деп әңгімесін бастады.
Өзі туралы мына естелікпен бөлесті.
«Оқушы кезде еңбек сабағын жақсы көретінмін. Пән мұғалімі Феруза Жалғасбаевадан көп дүние үйрендім. Сондай-ақ компьютермен сурет, кескін, пішіндеме салғанды да қатты ұнататынмын. Менің қолөнерге қызығушылығым осы кезден басталса керек».
Мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, жоғары білім алады.
Алайда дипломды жас отбасылық жағдайына байланысты мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайды. Отбасы болған он жылға жуық уақытта жолдасы екеуі бес перзент әкеліп, оларды тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Кейде кішкентай жағдай үлкен өзгеріске бастама, себепкер болады.
Үй шаруасында отырған келіншек бір жолы балабақшаға баратын баласына күзгі көрме үшін тұрмыстық қалдықтардан әдемі бұйым жасап береді. Шарада еңбек жоғары бағаланып, көптің қызығушылығын тудырады. Мұнан соң кейіпкеріміз қолөнермен айналыса бастайды. Алдымен үйіне, жақындарына түрлі киімдер, өзге де қолданысқа қажетті өнімдер тіге бастаған ол шеберлігін шыңдап, бірте-бірте киім, құрақ көрпе, жұмсақ ойыншықтар мен сыйлықтарға тапсырыс алады.
«Ауыл келіні – 2021» атты сайыста бас жүлде иегері атанады. 2022 жылы Ғ.Мұратбаевтың 120 жылдығына орай өткен облыстық ауқымды шарада жұмыстары қолөнершілер жарысынан екінші орынға ие болады.
««Бала күтіміндегі әйел – ең креативті ойлайтын әйел», – деп жатады психологтар. Көкейінде арманы бар әр ару ізденгенді, білімін толықтырып, дамығанды, жаңа өріске ілесіп, табысты болғанды қалайды. Ол уақыт талабы. Мен де сүйікті ісімді кәсіпке айналдыруды мақсат тұттым. 2023 жылы тігіншілік бағытта қайтарымсыз грантты жеңіп алдым.
Мемлекет берген мүмкіндік кәсібіме үлкен қолдау берді. Бұған дейін ала алмай жүрген «jack f5» тігін машинелерін, түрлі зер, көмкеріп тігетін құрылғыларға қол жеткіздім. Ауқымды тапсырыстар алып, ісімді дөңгелетіп келемін», – дейді.
Қазір тігіншілікті тіршілігінің тұтқасына айналдыра білген көпбалала ана қолынан шыққан бұйымдар сұранысқа ие. Тауар бағасын да қалта көтеретін қолжетімді етіп қойған.
Тұтынушылары арзандығына емес, сапалы тігіс, жауапты жұмысына риза.
Түстердің үйлесімін қиыннан қиыстырып, қиюластыру оңай шаруа емес. Десе де ол шеберді шабыттандырып, мазмұнды, жаңашыл тундылар тудыруға жетелейді. Әсіресе құрақ құрау тереңдікке бойлатып, есте сақтау қабілетін орнықтаратынын айтады.
Тігіншінің ұлттық нақыштағы киімдер, құрақ көрпелеріне қызығушылар көп. Той-жиындарға сыйлықтар жасату, мектеп, балабақшаларға көрнекіліктер дайындау, топтық киімдер тігуде тапсырыссыз қалған кезі болмапты. Мектеп формасын тіктіруде алдын-ала брондап, ақша беріп қоятындар бар. Ауылда тұғанына қарамай, өзге ауыл, аудан, тіпті үлкен қалалардан да тұтынушы тапқан.Оған өзі жүргізетін әлеуметтік желідегі парақшасы да ықпалдасқан.
«Тігіншілік қашан да трендтегі мамандық. Егер өзіңнің қабілетіңді шыңдап отырсаң, ешқашан табыссыз қалдырмайды.
Екіншіден, ебі бар адамға үйренуге үлкен мүмкіндік бар.
Үшіншіден, ешкімге тәуелді болмайсың.
Төртіншіден, ісімді атқара отырып, үйден ұзамай, балаларыма да, отбасыма да көңіл бөле аламын.
Тігін өнерін меңгерген қыз барған жерінде де сыйлы болады», – дейді Асылзат Сақтағанқызы.
«Ешкім орнында тұрыс қалғысы келмейді. Менің де келешекке түзген жоспарларым бар. Үлкен шеберханамды ашуға қадам жасаудамын. Қызығушылық танытатан қыздарға да шеберлік ілімін меңгерткім келеді. Бизнес саласында алға адымдау үшін маркетинг техникаларды меңгеру маңызды. Осыларды дамытып, өзімді өзге де кәсіп түрінен сынап көргім келеді», – дейді кәсіпкер келіншек.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА