Қолөнерді кәсіп еткен
Он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері Қуаныш Орынбасар Әйтеке би кентінің тумасы. Жас та болса жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тұтынушыға көркем туындыларын ұсынып жүрген Қуаныштың қолынан шыққан әрбір дүние көздің жауын алады.
Қиялы ұшқыр, ойы жүйрік Қуаныш Сағынайқызы жолдасы Нұрлан Жүсіпалиевтің ықпал етуімен кәсіп бастадым дейді.
– Мен бала күнімнен іс тігуге бейім болдым. Марқұм әжем Күлән қаблетімді байқап, алдымен тоқу тоқуды үйретті. Одан кейін тігін машинасымен жұмыс жасауды меңгертті. Ол кісі шебер еді. Барлық көйлектерін өзі тігіп алатын. Қасында отырып, көп нәрсе үйрендім. Десе де «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» демей ме? Үнемі ізденіс үстінде жүремін. Өзімді жан-жақты қырымнан ашқым келеді, – дейді жас кәсіпкер.
Қуаныш мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып, іс бастағандар қатарында. Қол жеткізген қаржыға кәсібіне қажетті маталар жиынтығын, жіптер, оюлар, замоктар және екі тігін машинасын, түрлі көлемдегі моншақтар сатып алған. Алғашында көрпе тігуден бастаған тігінші қазір тапсырыспен киім де тігеді. Моншақтан сәнді қол сөмкелер жасайды.
– Дәл қазіргі кезде мектеп, балабақша жасындағы ұл-қыздарға ұлттық киім тігудемін. Тұтыншының талғамын дөп басу әрі сапалы жұмыс істеу басты мақсатым. Өзіме сенім артқан жанның көңілінен шығу үшін барымды саламын. Оюлар мен өрнектелген кәжекейлер мен камзолдарға тапсырыс көптеп түседі. Әдемі моншақтармен әрлеп, бір-біріне сәйкес түстерді үйлестіре білу де керек, – дейді Қуаныш Сағынайқызы.
Тігінші қажет болған жағдайда тек қана Қуаныштың көмегіне жүгінетін тұтынушы ана Бану Шоқанқызы да Қуаныштың тиянақтылығына тәнті.
– Қуаныштың қолы алтын. Ұл-қызыма қазақша нақыштағы киім тіктірген едім. Көпшілігі қызығып, «кімге тіктірдіңіз?» деген сұрақ көбейді. Оның ұсынатын бағасы да көңілге қонымды. Уақытылы әрі сапалы жұмыс істейді. Кәсібі берекелі болсын, – деді ол.
Үй жұмысынан бөлек, төрт баласының жағдайын жасай жүріп, кәсібінде дөңгелетіп отырған жастың ісі ел сүйсінерлік. Қолынан шыққан бұйымдары тіптен тамаша. «Істеймін деген адамға жұмыс табылады» деген Қуаныш жастарды кәсіп бастауға шақырды.
– Мемлекет жыл сайын кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге бөлінетін қайтарымсыз қаржының көлемін ұлғайтып келеді. Кез келген адамның бойында бір іске деген қызығушылық, икем болары сөзсіз. Тек оны әрі қарай жетілдіріп, дамыта түсу керек. Қай жерде де қаржының рөл атқаратыны белгілі. Осы ретте қаржылай қолдау білдіріп, қолыңнан келетін істі табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік жасап отырған мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, тәуекелге бел буған жөн, – дейді жас кәсіпкер Қуаныш Орынбасар.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА