Ерекше киім үлгісімен көзге түсті
Бала бойына өнер мен білімді қатар сіңіруде ұстаздың орны ерекше. Әр шәкіртті білім нәрімен сусындатып, тәрбиесі мен тәртібін тең қадағалап отыратын ұлағатты жанның бірі – Бағым Сахиева. Мерейлі мұғалім Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектепте қызмет етеді. Талай бүлдіршінді алтын ұядан түлеткен аяулы ұстаз қазіргі таңда 3 «А» сыныбының жетекшісі. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Бағым апай балалардың бойына ұлттық құндылықты дарытуға айрықша ден қойған. Ұлтын, елін, жерін сүйетін ұл-қыздың келешекте Отанының орнықты, елінің елеулі азаматы боларына сеніммен қарайды. Бүгін бұл сынып оқушылары ерекше киім үлгісімен көзге түсті.
– Оқушыларым да, ата-аналар да жаңашылдыққа жаны құмар. Кез келген істе ауызбіршілік танытып, бірауыздан қолдау көрсететін ата-аналарға алғысым шексіз. Біз бұл киімді жай ғана сәндік үшін емес, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу үшін кидік. Баланы ерте жастан, тазалыққа, әсемдікке, үйлесімділікке үйрету уақыт өте келе өз жемісін береді. Гүлдей құлпырған қыздарым мен намысты ұлдарымның бәрі де алғыр әрі өнерлі. Келешектерінен күтерім көп, – дейді Бағым Сахиева.
Ал ата-аналардың бірі – Қаракөз Ермекбаева Бағым ұстаздың талапшылдығы мен қатар баланы баурап алатын ерекше қабілеті барын айтады. Үнемі айрықша бастама көтеріп, шәкірттеріне керемет көңіл-күй сыйлай алатын мұғалім туралы:
– Ұстаздың жетістігі шәкіртінің шыққан шыңымен өлшенеді емес пе? Бұл ретте Бағым апайдың бәсі биік. Сыныптағы әр оқушы білімге құштар, өнерге жақын. Бұның барлығы мұғалімнің біліктілігі мен ізденімпаздығының нәтижесі деп білемін, – дейді.