Қазыналы қарттарға құрмет

Осы игі дәстүрді жалғастырып, Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпановпен бірге Әйтеке би кентінде тұратын ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, ақ тілек пен ыстық ықыласын білдірді.
Алдымен аудан басшысы саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған еңбек ардагері Әбдіхалық Байбараұлының үйіне аяндады. Қырық жылдан аса уақыт бойы ауданның құрылыс қарқынын күшейтуге еңбегін сіңірген абыз қария бүгінде сексеннің алтауына келсе де, денсаулығы тың, көңілі шат. Ардагердің өнегелі ғұмырын айрықша атап өткен Алмасбек Есмаханов ел Президентінің және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, ақсақалдың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Мұнан соң аудан әкімі Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қажырлы еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан Дәмелі Бекжанқызының шаңырағына ат басын бұрды. 93 жасқа келсе де, қимылы ширақ кейуана бүгінде немере-шөберенің қызығын көруде. Сол бір ауыр жылдардың естелігін әңгімелеп, елдің тыныштығы үшін тілегін білдірген ардақты ана да келген қонақтарға батасын беріп, ақжарма алғысын жеткізді.
Қарияға құрмет – елге құрмет. Осындай ізгі қадамдар арқылы аудан халқы өткенге тағзым етіп, бүгінгі аға буынның еңбегін бағалап, жастарға өнегелі жол көрсетіп отыр.
Бекзат АСАН
Фото: Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі