Асылдарымыз ардақталды

Әйтеке би кентінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтіп, ел еңсесін көтерген абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді. Шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, ізгі лебізін жеткізді.
– Бүгінгі күн – еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, жүрегінде ел мен жерге деген адалдықтың оты мәңгі сөнбеген қазыналы қарттарымыздың мерейлі мерекесі. «Қариясы бар елдің қазынасы бар», – дейді дана халқымыз. Абыз ақсақалдарымызды құрметтеп, асыл аналарымызды ардақтау – біздің қастерлі парызымыз. Жыл сайын аймақ басшысының қолдауымен қазыналы қарияларды жан-жақты әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсатта бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Соңғы үш жылда жылына бір рет төленетін әлеуметтік көмектің көлемі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге, оларға теңестірілген ардагерлер мен тыл ардагеріне 90 мыңнан 196 мың теңгеге ұлғайды. Биыл ауданымызда 260 ардагерге барлығы 56 млн. теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Аудан бойынша жыл сайын 100-ден аса егде жастағы азаматтар шипажай қызметіне ұқсас арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда. Асыл қазыналарымызды әлеуметтік қолдау бағытындағы кешенді жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Мерейлі мерекеде баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді аудан басшысы.
Шуақты шарада қоғамның өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар қарияларға аудан және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамоталары», «Алғыс хаттары» және «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгілері табысталды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов пен абыз ақсақалдар, ақ жаулықты аналар жүрекжарды лебізін білдірсе, аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мерекенің көркін қыздырды. Салтанат соңы еңбек ардагері Дәуіт Сайынның қазыналы қарттарға ақ батасын беруімен түйінделді.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
Фото: Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі