Қазалы ауданында жол құрылысы жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді

Аудан басшысы өз сөзінде соңғы жылдары өңірде жол құрылысы жұмыстары қарқын алғанын жеткізді.
- Жалпы ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 375 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Оның ішінде 259,1 шақырым асфальтты, 82,4 шақырым қиыршық тасты және 33,5 шақырым топырақты жолдар. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 91 пайызды құрайды.
Өткен жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қайта жаңғыртуға, күрделі және орташа жөндеуге бюджеттен 1 633,9 млн. теңге қаржы бөлінді.
Оған 20,6 шақырым болатын «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би-Шөмішкөл» және тағы 224 метр жол, 4,9 шақырымдық 4 көше, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Қазалы қаласының 15 көшесі, Оған қоса 3,1 шақырым болатын Әбілқайыр хан, Бегім ана, Сырым батыр көшелері күрделі жөндеуден өтіп, 6,16 шақырым болатын 26 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында барлығы 23 жоба, оның ішінде Әйтеке би кентінен 19 көшені, елді мекендер бойынша 4 көшені орташа және күрделі жөндеу, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту, Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолы мен «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі аралықты күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Аудан орталығының көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолы да тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі еді. Өткен жылдан бері Жанқожа батыр көшесі мен Т.Бөріқұлақов және Қ.Пірімов көшелерінің қиылыстарына жол айрықтары салынып, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы жаңарды. Қ.Пірімов көшесінен «Қазалы» мәдени-демалыс кешеніне дейін және Р. Бағланова көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса, Ақарық каналынан аудандық емханаға дейінгі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде, - деді аудан әкімі.