Мектеп - мейірім мекені
Бүгін – аудандағы 17 мыңнан астам шәкірт пен ұстаздың жүрегі алғашқы қоңырау үнімен бірге сыңғыр қағады. Себебі олар жаңа оқу жылына құрған арман-мақсатына алғашқы қадамды жасайды. Биікке ұмтылған осындай оқушыларға сәтті қадам тілеу үшін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев К.Күлетов атындағы №92 мектепке арнайы келіп, «Алғашқы қоңырау» салтанатына қатысты.
Жаңа оқу жылының ашылуына байланысты ұйымдастырылған жиын Қазақстан Республикасының Гимнін орындаудан басталды. Биыл мектеп табалдырығын аттаған бірінші сыныптың балғындары көпшілік алдында қол бұлғап өткеннен кейін аудан әкімі құлыншақтардың алғашқы қадамына сәттілік тіледі.
— Өздеріңізге белгілі, мемлекеттің қарқынды қолдауымен білім беру ұйымдарының техникалық жағдайын жақсарту, материалдық базасын нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – бүгіннен бастап ел келешегі үшін қызмет ететін №92 мектеп. Бірнеше ай бұрын күрделі жөндеу мақсатында 240 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, бүгінде көркі көз тартар ғимараттың құрылысы аяқталды. Көп ұзамай Әйтеке би кентінен 250 орындық мектеп балаларды қабылдай бастайды. Бұдан бөлек, биыл Жанқожа батыр ауылында да жаңа білім ордасының іргетасы қаланады. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың лайықты, заманға сай білім алуын қамтамасыз ету мақсатында іске асып жатыр.
Бұдан кейінгі міндет – ұстаздарымызда. Талантты да талапты балаларымыздың шыңға шығуы Сіздерге тікелей байланысты. Сондықтан жаңа оқу жылында ойға алған жоспарларыңызға сәттілік тілеймін. Шәкірттердің қадамына нұр жаусын, — деді М. Әуесұлы.
Салтанатты шарада аталған ғимарат құрылысының мезетінде аяқталуына күш салған азаматтар марапатталды. Атап айтсақ, «Градстройсервис» серіктестігінің аймақтық директоры Бақытбек Кемаловқа аудан әкімі арнайы ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, ортақ іске жұдырық болып жұмылған, №92 мектеп қызметкерлері Марат Мырзамұратов, Асқар Сәрсенбай, Айгүл Сәрсенбай, Қанымкүл Төлебай мен Ақжарқын Ақжоловаға құрмет көрсетілді.
Биыл аталған мектептің 1-сыныбына 17 оқушы қабылданды. Жиында ел ағалары балғындарға арнайы төсбелгі тақты. Ізін ала мектептің үздік оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер, аудандық олимпиада жеңімпазы Абылай Айболұлы мен 1-сынып бүлдіршіні Сейіл Көзайым қоңырау соғып, оқушылар мектеп табалдырығын аттады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат