Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыңғырла, алғашқы қоңырау

Сыңғырла, алғашқы қоңырау

Қыркүйектің алғашқы күні білім ошақтарында көптен күткен күміс қоңырау соғылды. Оқушылар алтын ұя мектебіне оралып, жаңа оқу жылына қадам басты. Осындай алғашқы қоңырау салтанаты аудан көлемінде де ерекше аталып өтті. Бұл күні ауданның барлық мектебінде бірінші сыныптарға арналған іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – кент орталығындағы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен салтанатты жиын.
1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күн жексенбімен тұспа-тұс келсе де ыстық ұясына асыққан оқушылар алғашқы қоңырауға қатысты. Аудан бо­йынша 38 мектепте жаңа оқу жылы басталды. 1644 шәкірт мектеп табалдырығын аттады. Ұстаздар қауымы үшін маңызды мерекелік жиынның бірі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өтті. Іс-шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен ата-аналар қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы ықылас білдіріп, жиналғандарды жаңа оқу жылының бас­талуымен құттықтады.
– Сапалы білім беру – өркениетті ел болудың бастамасы. Соған сәйкес, мемлекет басшысы білім саласының дамуына айрықша қолдау көрсетіп келеді. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп жатса, жоба аясында биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан 600 орындық мектеп құрылысы басталады. Бұдан бөлек еліміздегі білім саласына көрсетілген қолдаудың арқасында жыл сайын аудан мектептерінің материалдық жағдайы да жақсарып келеді. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында 3 бірдей спорт кешенінің құрылысы басталды. Ал аудан орталығында «Руханият» орталығының құрылысы, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей алдын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, Әйтеке би кентіндегі орталық алаң мен Жеңіс саябағын да абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мен сапалы білім беруге бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді аудан басшысы.
Одан соң мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің төрағасы Кемалбай Көпжасар құттықтау сөз сөйледі. Ардагер сөз арасында білім ордасы алдында автотұрақ салуға, сондай-ақ мектеп алдын абаттандыруға мұрындық болғаны үшін ата-аналар атынан алғыс айтты. Білім күніне арналған басты шара ақын-ұстаз Абдулла Сапардың сөзіне жазылған «Лицей маршымен» аяқталды.
Айта кеткен жөн болар, еліміздің барлық өңірлерінде білім беру ұйымдары өз есігін айқара ашты. Бірінші сыныпқа 352 мың оқушы қадам басты. Жалпы Қазақстан мектептерінде 3,9 миллионнан астам оқушы білім алады. Мемлекет білім сапасын арттыру, балалардың білім алуы үшін жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналарға арналған 3,5 мың кеңес беру пункті өз жұмысын бастайды. Колледждерде оқитын 300 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы 50 пайызға артты. 1,7 миллион оқушы мектептерде тегін тамақтанумен қамтылады.
87 мың қазақстандық оқушы оқу жылын жаңа мектептерде қарсы алуда. Жалпы 2024-2025 оқу жылы 536 мың оқушы орнына арналған 302 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оқу бағдарламасына буллингке қарсы іс-шаралардың бірі – «Қауіпсіздік сабағы» енгізілуде. Мұның барлығы отандық білімнің сапасын арттыруға, балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құруға бағытталған.
Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6 900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5 400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қош. Білім күніне арналған салтанатты жиыннан соң жүздері бал-бұл жанған барша оқушылар алтын ұяларына еніп, мектеп партасына отырды. Иә, оқушылардың ала жаздай асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, кезекті жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашанда білімнің парқын түсіне білген. Жаңа оқу жылында қоғам үшін орны бөлек білім саласында оң бас­тамалар жүзеге аса берсін!

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
03 қыркүйек 2024 ж. 91 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031