Агрокешен: астықты алқаптағы ахуал
Аймақ экономикасын дамытудың басым-бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ал қазалылықтар агроөнеркәсіп кешенін дамытуда аянып жатқан жоқ. Тірлік төңірегінде тер төккен диқан қауымының кетпені сайлаулы, шығыры майлаулы. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударған еді. Атқарылып жатқан бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді.
Елде 2025 жылғы көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Биылғы егіс жұмыстары диқандар үшін жаңа жағдайда өтті. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру тетіктерін қайта қарап, жаңа тәсілдер енгізді. Осы жылдан бастап шаруалар үшін жеңілдетілген несиелер 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қолжетімді болды. Бұған дейін мұндай қаржыландыру наурыз айында – егіс науқаны басталған сәтте ғана қолжетімді болған. Жаңа тәртіп шаруаларға қажетті ресурстарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік берді.
Primeminister.kz жариялаған ақпарат бойынша, биылғы көктемгі егіс науқаны елде жер өңдеу тәсілдерінің өзгеруі жағдайында өтті. Негізгі назар ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мен монодақылдарға тәуелділікті азайтуға аударылды. 6 маусымдағы мәліметке сәйкес, 23,7 миллион гектар немесе жоспарланған көлемнің 100 пайызы егілді. Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі тұрақты дақылдарға қайта бөлуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл ауыл шаруашылығын климаттық тәуекелдерге бейімдеуге ғана емес, сондай-ақ ғылыми негізделген ауыспалы егіс нормаларына сүйене отырып, нарықтық үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, сұранысқа ие дақылдар алқаптары ұлғайған. Мәселен, майлы дақылдар – 3,4 миллион гектар (өткен жылмен салыстырғанда 0,5 миллион гектарға артық), мал азығы дақылдары – 3,3 миллион гектар (плюс 114 мың гектар), дәндік жүгері – 167,5 мың гектар, көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектар.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар дақылдар бойынша да оң динамика байқалды. Оның ішінде картоп алқаптары 83,4 мың гектарды құрады – бұл өткен маусыммен салыстырғанда 11,3 мың гектарға артық. Ал ресурсты көп қажет ететін әрі баға құбылуына сезімтал дақылдардың – бидай, күріш және мақтаның егіс көлемі қысқарып келеді. Мәселен, бидай алқабы 13 миллион гектарды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 187 мың гектарға азайған. Осылайша, егіс көлемін әртараптандыру стратегиясы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамытуға серпін беруде. Тұқым қоры бойынша, 2025 жылғы егіс науқанына республика бойынша 2,3 миллион тонна тұқым дайындалған. Бұл егіншілердің егіс науқанына уақтылы және ресурс тапшылығынсыз шығуына мүмкіндік берді. Бүгінде елде сапалы тұқым өндіру және өткізу саласында маманданған 246 субъект аттестатталған. Олардың ішінде 28 шаруашылық – түпнұсқа тұқым, 82-сі – элиталық тұқым, ал 136-сі – І, ІІ және ІІІ репродукциялы тұқым өндірумен айналысады. Бұған қосымша, 129 ұйымға импорттық тұқымдарды өткізуге рұқсат берілген.
БАҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БАП ЖАҚСЫ
Көктемде еккен бақша өнімдерін жаз бойы мәпелеп баптаған диқандар піскендерін ауданға тасып, халыққа қуанышпен ұсынары хақ. Қазір базарға барсаңыз жұрт алдымен «өзіміздің өнім ба?» деп сұрайтыны қалыптасқан құбылыс. Бақ шаруашылығын ширатуда аймақтағы ахуал қандай?
Облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бері жергілікті тұрғындар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін ұжымдасып еге бастады. Биыл облыс бойынша 5 100 отбасыға бақша егу үшін 3 300 гектар жер дайындалған. 866 гектарға картоп, 885 гектарға көкөніс, 1 550 гектарға бақша дақылдары егілген. Былтыр 3 179 гектар жер дайындалып, картоп 917 гектарға, көкөніс 817 гектарға, бақша 1 446 гектарға егілген. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда.
Ата кәсіпті жанына серік еткен қазалылықтар да бау-бақша дақылдарын егіп, тәтті өнімнің бабын жасауда. Ауыл-аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар сала мамандарының да ұдайы бақылауында. Мәселен, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Нұржаубайұлы мен сала мамандары, «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің мамандарымен бақша егу жұмыстарының жай-күйін бақылауда. Қазіргі таңда су тапшылығының болуына байланысты қолда бар су сору қондырғыларын пайдалана отырып, бақша егу жұмыстарын қарқынды жүргізуді жүйелеуде.
Айта кететін жайт, суару кезеңі басталғалы облыс диқандарына 1,28 миллиард текше метр су берілді. Аймақтағы «Қазсушар» филиалы 982 шаруа қожалығымен су беру туралы келісімшарт жасасты. Жалпы алғанда, 126,3 мың гектар егіс алқабын суару үшін 3 миллиард текше метрден астам су жіберу жоспарланған. Сонымен қатар Қызылордадағы «Қазсушар» филиалы облыс әкімдігімен бірлесіп, егілген дақылдарды толық сумен қамту бағытында жұмыстарды бастап кетті. Бүгінде елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мониторингтік топ құрылған. Барлық магистральдық және шаруашылықаралық канал арқылы суды кезекпен беру кестесі жасалған. Суармалы суды қайта пайдалану мақсатында су пайдаланушыларға күріш алқаптарынан суды коллекторлар арқылы жинап, оған сорғы қондырғыларын орнату тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
ЕГІНДЕГІ ЕҢБЕК
Биыл облыс бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ішінде күріш – 80,9 мың гектар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,7 мың гектарға аз. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып 9,2 мың гектар жерге егін орналастыру көзделген. Ерте егілетін дақылдар толық көлемде орналастырылып, күтімге алу шаралары жүргізілуде. 49,9 мың гектар ескі жоңышқаның 47,7 мың гектары оруға жоспарланып, оның 16,3 мың гектары орылып, 42,7 мың тонна өнім алынды. Орта өнім – 26,4 ц/га. Халықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 5,1 мың отбасына 3,3 мың гектар жер бөлініп, 2,8 мың гектарына дақылдар орналастырылған. Тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай, техникамен толық қамтамасыз етілген.
Айта кеткен жөн, суару науқаны басталғаннан бері Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы Сырдария өзенінен 1,9 миллиард текше метр су алып, тұтынушыларға 1,5 миллиард текше метрін нақты жеткізіп берген. Әзірленген су пайдалану жоспарына сәйкес су көзінен магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы секундына 429 текше метр су алынуы қажет болса, нақты секундына 370 текше метр су алынуда. Су тапшылығы жағдайында егілген егісті шығынсыз алып шығу үшін министрліктің қолдауымен, облыс әкімдігімен бірлескен іс-шаралар қолға алынған. Инспекция мамандары рұқсат құжатын рәсімдеу тәртібі, заң бұзушылыққа жауапкершілік жөнінде жадынама әзірлеп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Биыл облыста 189 585 гектар жерге егін егілді. Оның, 93 136 гектары – дәндi дақылдар, 5 714 гектары – майлы дақылдар, 73 285 гектары – мал азықтық дақылдар және 17 450 гектары – картоп, көкөнiс, бақша. Өңірде су үнемдеу технологиялары кеңінен пайдаланылуда. Бүгінде 180 насос қондырғысы жұмыс істеп тұр. Әлі де 165 насос қажет. Лазерлік тегістелген күріш алқаптарының көлемі 60 мың гектарға ұлғайды. Ал су үнемдеу технологиялары пайдаланылған жер 8 100 гектарға жеткізіледі. Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 миллиард 900 миллион текше метр су лимиті бекітіліп, қала, аудандар бойынша бөлініс белгіленген.
Мол өнім алуға білек-сыбана кіріскен аудан еңбеккерлерінің атқарып жатқан шаруасы аз емес. Жақында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Сейтов пен «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Н.Әбілдаев «РЗА-Агро» ЖШС-не қарасты «Қостам», «Бөлекнұра», «Әлсейт» учаскелерін, сондай-ақ «Ақмаржан» және «Береке» шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын аралап шықты. Аралау барысында егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының жағдайы, суармалы жүйенің жұмысы, су жеткізу мәселелері мен агротехникалық күтім барысы зерделенді. Сонымен қатар, суды үнемді пайдалану мен оны реттеп бөлу тетіктері талқыланып, шаруашылық жетекшілеріне нақты ұсыныстар берілді. Қазіргі уақытта аудан бойынша суармалы алқаптарға су жеткізу бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімдігінің тікелей бақылауында болып, егін науқаны кезеңінде туындайтын мәселелер жедел шешілуде. Сондай-ақ, «Агро Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Өте» және «Мерей» шаруа қожалықтарының күріш алқаптарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аралау барысында су тапшылығының алдын алу, су үнемдеу шараларын ұйымдастыру және егіс жұмыстарының барысы пысықталды. Сала мамандары тарапынан күріш алқаптарын тиімді әрі уақтылы суару мәселесі көтеріліп, шаруашылық басшыларына нақты ұсыныстар берілді. Егіс алқаптарына мал түсуінің алдын алу қажеттігі айтылып, бұл бағытта тиісті ауыл әкімдеріне бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар жүктелді. Егіс алқаптарын аралау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, шаруалардың өнімді еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал етілмек.
Аудан бойынша биылғы жылы жалпы егіс көлемі – 18 245 гектарды құрап отыр. Оның ішінде 5 636 гектар жерге күріш дақылы орналастырылған. Бұл – аудан диқандары үшін маңызды көрсеткіштердің бірі.
МАЛ АЗЫҒЫ ДА ҚАПЕРДЕ
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен мал шаруашылығының дамуы, ветеринариялық бақылау және саланы цифрландыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өткен болатын. Оған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде мал басы өсіп, өнім көлемі артуда. Өткен жылы Қызылорда қаласында 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құруға 3,2 миллиард теңге бөлінді. Биыл 11 миллиард теңгеге екі сүт-тауарлы ферма салу жоспарланған. Өңірде мал азығы дақылдары 73 600 гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 400 гектарға артық. Ерте көктемде көлдер жүйесін толтыру арқылы 76 200 гектар жайылымдық, шабындық жер суғарылды.
2025-2026 жылдарға 958 мың тонна табиғи шөп, 192 мың тонна жем және 157 мың тонна сабан дайындау жоспарлануда. Жоңышқаның бірінші орымынан 111 300 тонна жиналды. Жаппай шөп дайындау жұмыстары шілде айының екінші жартысынан басталады. Аса қауіпті 13 жұқпалы мал ауруының алдын алу үшін 6,3 миллион доза ветеринариялық препараттың 4,5 миллион дозасы жеткізілді. Облыс аумағындағы Сібір жарасы көмінділері бақылауда. Ветеринариялық нысандарға қатысты ұсыныстар енгізіліп, биыл 6 жаңа ветпункт салынады. Өткен жылы 7 ветпункт іске қосылды.
ЕГІН ЖАЙЛЫ, КӨҢІЛ ЖАЙЛЫ
Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Көшпелі халықтың қоныстанған орны кең алқапты отырықшы елге айналды. Қазалы – аграрлы өлке. Әр жыл сайын қамбаға астық толып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Мұның сыры жердің көлемді болуында. Әрі сол жерді ұтымды игеруімізде. Мемлекетте ауыл шаруашылығын дамытуға, ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа шығаруға қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған.
Агроөнеркәсіптік кешен – мемлекеттің экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қосатын маңызды саланың бірі. Ол ауылшаруашылық өнімін өндіруге, әрі сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық саланы біріктіреді. Негізгі мақсат – халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізаттарымен қамтамасыз ету.
Жалпы егіс науқанының табысты өтуіндегі маңызды фактор – жанар-жағармай материалдарымен (ЖЖМ) үздіксіз қамтамасыз ету. 2025 жылы егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді (2024 жылы – 376,4 мың тонна). Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шамамен 17 мың өтінім қабылданды. Мемлекеттік реттеу шараларының арқасында дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 254 теңгені құрады, бұл АЖС-тердегі нарықтық бағадан (301–307 тг/л) 15–20% төмен. Министрлік тарапынан өңірлерге отын жөнелтуді күнделікті бақылау жүзеге асырылуда: жоспарланған 368,8 мың тоннаның 339 мың тоннасы (92%) төленіп, 308 мың тоннасы (84%) жөнелтілді. Мемлекет тарапынан қабылданған шаралар машинно-трактор паркін жаңарту мен шаруаларды ЖЖМ-мен қамтамасыз етуде нақты нәтижелер беріп, АӨК-тің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасады.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы егіс науқаны еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамуындағы жаңа кезеңнің айқын көрінісіне айналды. Мемлекет басшысының бастамалары мен Үкіметтің жүйелі жұмысының арқасында егіншілер алғаш рет маусым басталмай тұрып-ақ жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. Мемлекеттік қолдау тетіктеріне енгізілген түбегейлі өзгерістер көмегімен тек көмек көрсету ауқымы мен тиімділігі кеңейіп қана қоймай, алдыңғы жылдарға тән басты мәселелер – айналым қаражатының жетіспеушілігі мен далалық жұмыстардың кеш басталуы – шешімін тапты. Бұл өз кезегінде науқанды дер кезінде жүргізуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және жоғары сапалы егін егуге мүмкіндік берді дейді мамандар.
Primeminister.kz жариялаған ақпарат бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін жеңілдетілген несие қаражатына қолжетімділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Өткен жылы осы бағыттағы тәсілдер түбегейлі қайта қаралды. Осылайша, коммерциялық қаражат пен қаржы құралдарын біріктіру есебінен 2024 жылы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 еседен астам артты. Несие беру көлемінің ұлғаюы нарықтық құралдарды, атап айтқанда, облигациялық қарыздарды тарту және олардың купондық сыйақыларын субсидиялау есебінен мүмкін болды. Бұл механизмді іске асыру үшін 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 60 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар шаруаларға жылдық 5 пайыз мөлшеріндегі жеңілдетілген несиені барынша қысқа мерзімде жеткізу міндеті қойылды. 2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 700 миллиард теңге бөлінді. Егіншілер техника сатып алуға және оны жеңілдетілген 5% мөлшерлемемен рәсімдеуге мүмкіндік алуы үшін тағы 250 миллиард теңге ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен қаржыландыруға бағытталды.
Сонымен, аудандағы дала жұмыстарында атқарылып жатқан жұмыстардың легі аз емес. Шаруаларға да қолдау жан-жақты көрсетілуде. Бұйырса дала төсінің қызу еңбектің дүбіріне айналатын күні де алыс емес. Алғашқы дән себілгеннен бастап алты ай жер кеудесін сауып, бел шешпей еңбектенетін дала еңбеккерлерінің өнімі күз сайларда қамбаны мол астыққа толтырарына сенім мол.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ